Республика сарайы – Алматы қаласында орналасқан мәдени орталық ғимараты. 2008 жылы 21 наурызда "Республикалық маңызы бар тарих, мәдениет, қала құрылысы және архитерктуралық ескерткіші" мәртебесі берілген.

Тарихы Құрылыс мерзімі – 1968-1970 жылдар. Ғимарат 1970 жылы В. Лениннің 100 жылдығы қарсаңында ашылып, Кеңестік компартия көсемінің есімі берілді. Сәулетшілері - В. Алле, В. Ким, Ю. Ратушный, Н. Рипинский, А. Соколов, Л. Ухоботов, инженерлер – В.И. Кукушкин, Б.Н. Делов, В.Д. Сушинцев және тағы басқалары 1971 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш сайланған президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне кірісуіне байланысты ұлықтау рәсімі өтті. Осы жылы ғимараттың атауы "Республика Сарайы" деп өзгертілді.

Географиялық орны Республика Сарайы ғимараты Алматы қаласының Абай мен Достық даңғылдарының қиы­лы­сында, Абай даңғылын тұйықтай орналасқан. Ғимарат алдында Абай алаңы бар, мұнда 1960 жылы Абай ескерткіші орнатылды. Төңірегіне шоғырланған ірі ғимараттар бірыңғай архитектуралық ансамбль құрайды.

Архитектуралық және техникалық сипаты Республика сарайы Алматы сәулетшілері мен құрылысшыларының жоғары шеберлігін білдіретін архитектуралық туынды болып табылады. Ғимаратты салу ісіне сапалы құрылыс және әрлеу материалдары пайдаланылған.

Қасбеті Ғимарат қасбетіне оралдық ақ мәрмәрмен қапталған күнқағар қалақшалар тартылған. Қалған бүйір беттері маңғыстау ұлутасымен қапталған. Ғимарат алдынан балқаштың көк-жасыл гранитынан 100 м-лік кең басқыш орнатылған. Көрермендер осы басқыш арқылы бірден негізгі кең дәлізге өте алады.

Ішкі деңгейлері, кіреберісі Ғимараттың ішкі еңсесі тартымды етіп жасалған. Астыңғы тұғыр қабат деңгейіндегі кіреберісте 2000 және 1000 орындық киімдік орналасқан. Ұсақ-түйек сататын ләуке, телефон-автоматтар да осы тұста. Кіреберістің едені ақ және қызыл мәрмәрдан төселген. Кіреберістен мәрмәр басқыш арқылы көрермендер кең дәлізге көтеріледі. Дәліз көрермендер залы, аралық және жоғарғы үш деңгейде орналасқан, оның жоғарғы деңгейінде буфет бар. Дәліз кеңістігіне алюминийден пирамида үлгісінде бедер түсіріп жапқан төбе мен чех шынысынан жасалған алып люстра сән беріп тұр.

Көрермендер залы Көрермендер залына кең сегіз есік арқылы кіруге болады. Сахна залдың қай бұрышынан болмасын өте жақсы көрінеді. Сахна порталының ішкі жақтауын сырғыту арқылы қажетінше кішірейтуге (32 м-ден 24 м-ге дейін) болады. Зал балконсыз бір ғана амфитеатр түрінде жасалған. Оның еңсесі ақ түске боялған алюминий жолақтарымен нақышталып, осынау тұтас жолақтардың ара-арасына жарық қондырғылары орнатылған, еденіне дыбыс сіңіріп алатын кілем төселген. Залдың жалпы ауданы – 2050 м2, сахнасы – 48х18 м.

Төбесі және табаны Негізгі салмақ көтеріп тұрған конструкция 54х34 м тұтас темір кереге (ғимараттың төбесін жауып тұрған) және табаны 6х4 м сегіз пилон. Ғимараттың қалған темір-бетон қаңқасы дербес жасалған. Бұл ғимаратта жер сілкінісінің 9 балл мөлшеріне лайықталып жасалған конструкция жақсы шешім тапқан.Қ 18 Қазақстан архитектурасы – Архитектура Казахстана. – Алматы, «Өнер», 2013. т. 9. – 192 б. – қазақша, орысша. ISBN 978-601-209-212-7

Ғимарат аумағы 10 мың м2, көлемдік композиция құрылымы 8 темір-бетон тірекке иек артқан алып қайқы шатырдан және астыңғы шаршы бөлігінен тұрады. Вестибюль мен фойенің тас баспалдақ арқылы ғимарат алдындағы серуен алаңымен жалғасуы перспективалық ұласымдылық туғызады. Сарайдың негізгі композициялық кіндігіне 3000 орынды көрермендер залы орналасқан. Қабырғаларының төбемен ұласар жері ашық қалдырылғандықтан, шатыр еңсесі көкте қалқып тұрғандай әсер береді. Еңселі фойе (биіктігі 13 м) төбесіндегі ақшаңқан шамдар интерьерді көріктендіре түседі. Ғимарат астынан ағып өтетін табиғи өзен суы ауаны тазартып тұратын қосымша желдеткішке айналған. Қазақ энциклопедиясы, 7 том.

2010 - 2011 жылдары күрделі жөндеу жүргізілді. Республика сарайы маңын абаттандыру жұмысы 10 қазанда аяқталады

Галерея

Дереккөздер

Санат:Алматы сәулеті Санат:Қазақстанның көрікті орындары Санат:Алматы қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері