thumb|right|250px|Сарайшық қалашығы. Құрылыс қалдықтары қалған XIII–XVI ғасырлардағы қалашық орны. Сарайшық — ортағасырлық қала, Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші. Бүгінде ол жерде "Сарайшық" сапар орталығы туристтерге қызмет көрсетіп келеді.

Орналасқан жері Атырау қаласынан солтүстікке 45 км жерде, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылы маңында, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.

Қала өмірінің кезеңдері Сарайшық қаласының негізін Әбілғазы Бахадүр ханның деректеріне сүйенсек, Шыңғыс ханның немересі Бату хан қалаған екен. Жошы ұлысы империясындағы ірі қалалардың бірі болды. Мүнда ақсүйектерге арналған салтанатты сарайлар, әкімшілік үйлері салынған, оның айналасында қарапайым қала тұрғындардың, саудагерлер мен қолөнершілердің орамдары пайда болды. Қала Ұлы Жібек жолымен жүрген сауда керуендері тоқтайтын ірі орталықтардың біріне айналды. Қала өмірін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең Біріншісі – XIII ғасыр ортасынан Өзбек хан билігіне, яғни 1312 жылға дейін қаланың салына бастаған кезеңі. Сарайшық бейберекет емес, бірыңғай жоспар бойынша салынған қала. Үйлерінің сыртқы сәулеті мен ішкі интерьерінде Төменгі Еділ, Хорезм мен Сырдария бойындағы қалалардың архитектуралық дәстүрлері көрініс тапты. Үш-төрт бөлмеден тұратын үйлер негізінен шикі кірпіштен өрілген. Тұрғын үйлердің қабырғасының астыңғы жағына пеш түтіні жүретін айналма құбыр жүргізу арқылы жатын орын – сұпы жасалған. Археологиялық қазба кездерінде сұпылардың үстінен киіз қалдықтары табылды. Қабырғалары сыланып, ақталған. Үй ішінде әртүрлі заттар сақтайтын бөлмелер болған. Тұрғындар қала төңірегін де игерген. Бұлақ суларының бойындағы елді мекендерде шығыр арқылы суарылатын егістіктер мен бау-бақшалар болғаны байқалады. Ол жерлерден қызғылт саздан жасалған құмыралар мен шығыр ыдыстары табылды. Үлкен ағаш дөңгелектен тұратын шығырға ыдыстар айналдыра бекітіледі. Оның төменгі бөлігі суға тигенде әлгі ыдысқа су құйылып, жоғары көтерілгенде ыдыстағы су ағаш науаға құйылады да әрі қарай арыққа қосылады.

Екінші кезең Қала өмірінің екінші хронологиялық кезеңі XIV ғасырдың екінші ширегінде – Өзбек хан (1312–1342) кезіндегі империяның барынша тұрақты және гүлденген кезеңінде басталды. Ол кезде көптеген қалалар бой көтеріп, Сарайшық гүлденді. Бірақ Жайық өзені шектен тыс қатты тасыған шақтарда қала шетін су алып кетті де, қала Жайықтан оңтүстікке қарай шегініп, Сарайшық өзегінің қарсы бетіндегі төбеге қарай жылжыды. Бұрынғы құрылыстарды бұзып, қала тұрғындары сол жерге жаңа үйлер тұрғызды. Сонымен бір мезетте қала жоспары бойынша сол кез үшін кең көшелері (5 м) мен алаңдары бар бірқатар жақсы орамдар бой көтерді. Жаңа құрылыстар бұрынғыдан көп өзгерді. Көп бөлмелі шағындау үйлермен бірге бір шатырдың астында шаруашылық қора-жайлары бар көп бөлмелі түзу үйлер салынды. Сарайшық пен өзеннің шеткі жарқабағынан монша қалдықтары табылды. Олар әртүрлі қызмет атқаратын бірнеше бөлмеден тұрады. Қабырғалары шикі кірпіштен қаланғанымен артынан су өтпейтін сылақпен сыланып, сәнді тақталармен қапталған. Күйген кірпіштен қаланған еден астынан жылу жүргізілген. Су құбырлары мен су тұндыратын үлкен ыдыс-хумдар болғаны анықталды. Су үлкен шойын, қола қазандарда ысытылды. Бүкіл Алтын Ордадағы сияқты Сарайшықта да ақсүйектерге арналған және жалпы жұртшылыққа арналға моншалар болды. Суды аулалардағы құдықтардан алған, кейде құмыраларды арбаға салып өзеннен тасыған. Қала тұрғындары бұл кезде қала мен далаға қажетті әртүрлі тауарлар өндірді. Әсіресе қыш бұйымдарын шығаратын шеберханалар көп жұмыс істеді. 1950 жылы Ә. Х. Марғұлан басқарған ғылыми археологиялық экспедиция Сарайшықтан кірпіш күйдіретін пештің орнын аршыды.

Үшінші кезең Қала өмірінің үшінші хронологиялық кезеңі (1360–1370) Жошы ұлысындағы таққа талас кезеңді қамтиды. Күш-қуаты толысқан ақсүйектер билікке ұмтылды. Қалаларды және солардың иелігіне жататын жерлерді билейтін ірі феодалдар оларды өздеріне қорған қылды. Бұл уақытта Сарайшық Ақ Орда хандарының билігінде болды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тиындарға қарағанда 1370-ші жылдары Сарайшықта үлкен ғимараттар салынғанын байқауға болады. Олардың бірі 1997–2000 жылдар аралығында зерттелді. "Хандар" сәулеттік жоспары сарай типіндегі құрылыс болды, ол құрметті қонақтар, көпестер, қажылар мен саяхатшылар үшін салынды. Олар XIV–XVII ғасырларда ислам әлеміне әйгілі болды. Ғимаратта 25 бөлме бар еді. Портал күйген кірпіштен қапталды және ақ алебастр декормен әшекейленді. Кірер есік алдында алаң болды. Осы құрылысты Жошының ұрпағы Орыс хан салдырған деуге болады. Бұл кезде ол өз ұлысын күшейтіп, қаусаған империяны қайта қалпына келтіруге әрекеттенді. Сығанақта резиденциясы бола тұрып, Сарайшықты да астанаға айналдырғысы келді. Өз атасы Ерзеннің үлгісі бойынша Орыс хан "үлкен бөлігін медресе, ханакалар, мешіт секілді басқа да құрылыстар" салып, қаланың орталық бөлігін абаттандырды. 1380 жылы Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс Алтын Орда билігіне ие болды. Алайда оның Алтын Орданың мәртебесін көтермек болған талпынысы Темірге жақпай қалып, билік үшін жаңа күрес басталды. Темірдің өмірбаянын жазушы ибн Арабшах бұл жөнінде: "Оның әскерлері Азаққа дейін жетті де Сарай, Сарайшық, Хажытарханды мен осы өлкені түгел талқандады" деп жазды. Алайда жазба деректермен археологиялық материалдар Сарайшықтың өмірі бұдан кейін де тоқтап қалмағанын көрсетеді. Оның бір бөлігі қалпына келтірілді, ХV ғасыр басында қираған үйлердің орнына жаңа үйлер салынды.

Төртінші кезең Қала өмірінің төртінші кезеңі XV–XVI ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде Жайық өзені бойындағы үйлер босап қалды да, халық қаланың оңтүстік жағына, қазіргі Жайықтан бөлініп, қаланы батыс жағынан айнала ағатын Сарайшық өзегі бойына шоғырланды. Ағысы қатты Жайық өзенінің арнасы үнемі ауысып тұрады. Мүмкін, сол кезде де арнасын өзгерткен болар. Мәскеудегі Австрия елшісі Сигизмунд Герберштейн 1549 жылы былай деп жазады: "Қазан татарларының арғы жағынан ноғай (Nagai) деп аталатын татарларды кезіктіреміз. Олардың патшалары жоқ, князьдары ғана бар. Біздің кезімізде ол князьдіктерді үш ағайынды адам теңдей үшке бөліп басқарды. Олардың біріншісі – Шидақ Сарайшық қаласын, Ра өзенінен ары шығысқа қарай Жайық өзеніне жанасып жатқан елдерді биледі…" Герберштейн өз картасында Сарайшықты Жайықтың сол жақ жағасына орналастырды. Оны 1558 жылы осында келген ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон да солай көрсетті. Ноғай Ордасында билік құрған тайпа маңғыттар болатын. Олардан басқа да 20-дан астам найман, қыпшақ, алаш, қаңлы, алшын, қоңырат секілді тағыда басқа рулар мекендеді. Сарайшық қаласы Жайық өзені арнасы мен одан ағып шыққан Сарайшық өзегінің табиғи жолмен жасап қойған үшбұрышты кеңістігіне орналасты. Қаланы барлық жағынан бекініс-қорғандар қоршап тұрды. Сарайшықтың бұл кезде бой көтерген үйлері көп бөлмелі болды. Бөлмеде дәстүрлі жатын орын - сұпы (суфа), тандыр пеш жағып, ішті кан арналары арқылы жылытатын жылу жүйесі бар. Бөлмелердің еденіне күйдірілген кірпіш төселді, жуынатын орын – ташнауы болды. Мұнда қыштан және тағы да басқа заттардан жасалған бұйымдармен қатар жергілікті және ортаазиялық тиындар, сондай-ақ Қырымнан келген күміс теңгелер табылды. Қала тұрғындары тастап кеткен орамдар біртіндеп қасиетті қорымдарға айналды. Қаланың бос қалған бөліктерінде мыңдаған қабірлер пайда болды. Қабірлердің бірнешеуін қазған кезде бұл жерді мекендеген ру-тайпалардың салт-дәстүрлеріндегі айырмашылықта көзге түсті. Отбасылық қабірлерге арналған көрхана (сағана) құрылысына ерекше мән берілгені аңғарылады. Зерттеушілер көрхананың алты түрін бөліп көрсетті. Олар қала мен даланың, ислам мен исламға дейінгі дәстүрлі наным-сенімнің, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік топтары арасындағы өзара қатынастарды байқауға мүмкіндік береді.

Кикілжіңдер мен әскери қақтығыстардан Сарайшық қаласы да құр қалмады. 1570-ші жылдар өте ауыр кезең болды, қаланы қарақшы казактар басып алып, тас-талқанын шығарды. Кезінде дүрілдеген қала уақыт өте шағын елді мекенге айналды. XVIII ғасырдан бастап күйген кірпіштен салынған құрылыстар бұзылып, кірпіштері Гурьев бекінісінің құрылыстарына пайдаланылды. Сарайшық орны жергілікті халықтың да, зерттеушілердің де ұдайы назарында.АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4

Тарихи кезеңдер хронологиясы Сарайшық үстімен Еуропа елдері мен Төменгі Еділ бойындағы Алтын Орда астаналарынан Хорезм қалаларына, сондай-ақ Үндістан, Қытайға басты құрлықтық керуен жолдары өткен. Бірқатар қолайлы жағдайлар салдарынан Сарайшық, көптеген талантты шеберлердің қолдарымен салынған салтанатты сарайлар, ақша сарайы, керуен-сарай, моншалар, мешіттер, медреселер мен басқа да әсем құрылыстарымен, тез арада Жошы Ұлысы империясының басты саяси, сауда-экономикалық және мәдени орталықтарының біріне айналған. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті. Сарайшық туралы алғашқы естеліктерді, Ұлысу (Жайық) өзеніндегі көпір туралы араб саудагер-саяхатшысы Ибн Баттута қалдырды. Ол бұл аймаққа 1333 (1334) жылы Өзбек ханның (1312-1342 ж.ж.) билігі тұсында келген. Сарайшықтың қарқынды дамуына Берке ханның (1257-1266 ж.ж.) жаңа дін – исламды қабылдауы да септігін тигізді. Кейіннен Өзбек ханның тұсында ислам - Алтын Орданың мемлекеттік дініне айналды, едәуір уақыт алшақтығына қарамастан, бұл екі тарихи оқиға да Сарайшық қаласында орын алған. Бұл Сарайшықтың ерекше маңызын, бүкіл Алтын Орданың рухани-идеялогиялық орталығы болғандығын көрсетеді. Сарайшықта Алтын Орданың бірнеше хандары мен тарихи тұлғалары жерленген, оның ішінде Меңгі-Темір (1266-1281 ж.ж.), Тоқты (1280-1312 ж.ж.), Жәнібек (1342-1357 ж.ж.), Бердібек (1357-1359 ж.ж.), Тоқтамыс ханның басы (1380-1406 ж.ж.), Барақ (1423-1426 ж.ж.), және қазақ ханы Қасым (1511-1521 ж.ж.) бар.

Алтын Орданың ыдырауынан кейін Сарайшық XVI ғасырдың 40-жылдарына қарай біртұтас Ноғай Ордасы мемлекеті боп қалыптасқан Маңғыт жұртының астанасы болды. Атақты Қасым хан да (1511-1521 ж.ж.) Сарайшықты Қазақ мемлекетінің астанасы етеді. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының аумағы қазіргі Қазақстанның көлемінде кеңейеді, ал тұрғындар саны миллионнан асады. Бірақ, Қазақ хандығы тарихындағы шиеленісті жағдайлар нәтижесінде, Қасым хан мұрагерлері тұсындағы аумақ тұтастығын және ел тәуелсіздігін қорғауға байланысты, сансыз қақтығыстардың кесірінен Сарайшықтан уақытша айырылуға мәжбүр болды. Ақыры 1568 жылы Хақназар хан (1538-1580 ж.ж.) Қазақ хандығы құрамына Сарайшықты қайтарып алды.

Сарайшық қаласы 1580 жылы казактардың қарақшылық шабуылы нәтижесінде қиратылды. Дегенмен, даңқты қала ретінде дамуын жоғалтса да, өмір сүруін тоқтатпады.

Зерттелуі Ортағасырлық Сарайшық қаласы тарихын зерттеу бастамасы ХVІІІ ғасырда қаланды деуімізге болады. Оның басында Орынбор әкімшілігінде жұмыс жасаған П.И. Рычков тұрды. Орыс шенеунігінің «Орынбор топографиясы» еңбегінде Сарайшықтың өз заманында ұлы қала болғаны, бүгінде ол қалада орыс казактардың форпосты тұрғаны, осында атақты адамдардың жерленгені анық жазылады. Кейін ол орыс зерттеушілері П.С. Паллас «бұрын халқы көп татар қаласы Сарайшықтың» болғанын, А.И. Левшин: «Сарайшық бекінісінен Хиуаға дейін Арал мен Каспий теңіздерін бөліп тұрған мойнақ арқылы өтетін бірнеше жол бар. Соның ішінде ең жақсысы – ескі Ноғай жолы» дегенін, К.Ф. Гебель ескі Сарайшықта қазба жүргізгенін жазады. Бір ерекшелігі олардың барлығы Сарайшық қаласының құландыларын өз көзімен көрді. ХХ ғасыр басында Сарайшық қаласы туралы жаңалықтар Орынбор Ғылыми Архивтік комиссиясының «Еңбектерінде» жарияланды. Мәселен, жергілікті пірәдар Лоскутовтің Сарайшықтан табылған үлкен құмыра туралы, В. Григорьевтің ескі сауда-саттық жолдары туралы хабарламалары қызықты.