Қоректік қоспа - мал азықтандыру деңгейі мен құнарлылығын көтеруге қолданылатын азықтар қоспасы. Қоректік қоспа жеңіл қорытылатын, сіңімді азықтар мен олардың жалпы энергетикалық, протеиндік, минералдық және витаминдік құнарлылығын көтеріп, жақсартатын азықтық қосындылардан құрастырылады. Мысалы, төл өсуін жылдамдатып, қаңқасының қатайып, ұлғаюына себептесетін кальций-фосфорлы, макро-микроэлементті, микроэлементті-биовитті, т.с.с. минералды-витаминді қоспалар қолданса, босанып немесе ауырып әлсіреген малға бидай кебегі мен зығыр күнжарасының быламығын ішкізеді, асыл тұқымды малдың ұрықтандырушылық қабілеті мен ұрық сапасын жақсартуға түрлі дән жармасы мен жануар тектес азықтар (сүтке, көксүтке шылап, жұмыртқа қосып) қоспасын береді. Өйткені, қоректік қоспаның биологиялық құнарлылығы оған кірген жеке қосындылардікінен әрдайым толығырық, яғни жоғары болады.Ә.Байжұманұлы, К.Бекболатұлы . Мал шаруашылығы сөздігі. Алматы-2011. ISBN 978-601-7254-21-6

Дереккөздер

Санат:Мал шаруашылығы