Жоңғар көкгүлі () – көкгүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар) Алатауының шалғынды беткейлерінде кездеседі. Жасыл түсті жуан жіп сияқты шырматылып жататын тамыры және аса көп емес күңгірт күлгін түсті тік өсетін сабағы болады. Жапырақтары қандауыр тәрізді, ұшы үшкір. Тостағанша жапырақшалары қоңырау сияқты, түтікше-түйреуіш тәрізді күлтесінен екі есе қысқа. Көк түсті гүлдері сабағының ұшынан жетіледі. Тұқымынан көбейеді. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Жемісі – ұзынша келген қорапша. Жоңғар көкгүлі өте сирек кездесетін эндемик түр, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
"Қазақ Энциклопедиясы"
Дереккөздер
Санат:Көкгүлдер