thumb|Falco tinnunculus
Кәдімгі күйкентай () – сұңқартәрізділер отрядына жататын жыртқыш құс.
Қазақстанда кең тараған. Орманды далада, дала және шөлейтті аудандарда мекендейді.
Шәулісінің қанатының ұзындығы 23 – 26 см, салм. 160 – 200 г, ал ұябасарында 24 – 28 см және 190 – 280 г. Күйкентайдың аталығының басы, арқасы, құйрығының үсті сұр, көкшіл, ал бауыры тамшы тәрізді теңбілі бар бурыл реңді. Ұябасарының басы, арқасы және құйрық үсті теңбілді қызғылт сары, бауырында тамшы тәрізді теңбілі ұзына бойына орналасқан. Жас күйкентайлардың реңі ұябасарларына ұқсас, бірақ бауыры тұтас қара теңбілді келеді. Күйкентайлар – жыл құсы. Наурызда ұшып келеді. Топталып ағаш басына ұялайды. Сәуірдің 2-жартысында ұяда 3 – 8 (көбіне 4 – 5) бурыл дақты сарғылт жұмыртқа салады. Оларды ұябасары 30 күндей шайқайды, балапандары бір айдан соң ұядан ұшады.
Қорегі – майда кеміргіштер, құстар, кесірткелер мен жәндіктер. Тамыздың аяғы – қазанның басында жылы жаққа ұша бастайды. Кейбіреулері Қазақстанның орталығы (Наурызым қорығында) мен Орта Азияда, ал басым бөлігі Оңтүстік Азия мен Африкада қыстайды. Ауыл шаруашылығы зиянкестерін жеп пайда келтіреді.
Дереккөздер
Санат:Сұңқарлар Санат:Африка құстары Санат:Еуразия құстары Санат:1758 жылы зерттелген жануарлар