Павлодар облысы XX ғасырда.
1901 жылы қазіргі Павлодар облысының аумағын мекендеген 162,5 мың адамның 90,2%-ын басым көпшілігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар құрады. Славян тілді жұрт негізінен егін шаруашылығымен айналысты (6,5%). Қалалықтар – 3,7%. Дворяндар – 109, тоғышарлар 4,5 мың шамасында адам.
1901 жылы көлдерден 77 мың тоннадан астам тұз өндірілді. Тұз кәсіпшілігінде көбіне кедей қазақтар жұмыс істеді. Жылына 65-тен 308 ц-ге дейін балық ауланды. Шаруашылық жүргізуге 500-ден артық қожайын (орыстар мен көпшілігі қазақтар) тасымалдау кәсібі көмектесті.
Ертістің бойымен 132 кеме жүзетін, олардың бір бөлігі қыста Павлодар затонында тұрып, сонда жөнделетін. Кеме жөндеу шеберханаларында 10 тұрақты және 60-қа дейін маусымдық жұмысшылар жұмыс істеді.
Ертіс өзенінде Павлодардың оңтайлы орналасуы сауданың дамуына ықпал етті.
XX ғасырдың басында уезде қоныстандыру қозғалысы күшейіп, қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы қиындай түсті. Көпшілігі шаруашылықтың аралас түріне – мал шаруашылығы мен жер шаруашылығына көшуге мәжбүр болды.
Рухани өмір де экономикалық өмірге сай еді. құдайға құлшылық ету басты орында тұратын. Әрбір елді мекенде дерлік шіркеулер, мінәжат үйлері, мешіттер болды. Мешіттер жанында медіреселер жұмыс істеді, молдалар ауылдарда мектеп ашты. Ғасырлар тоғысында зиялы мәдениеттің ықпалы елеулі көріне бастады. 29 оқу орнының 18 казактарға, тек 6-уы ауылдық жердегі қазақтарға арналған (оқу орыс тілінде жүргізілді).
Ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында ауылдарда, қоныстанушылар поселкелерінде (Михайловка, Федоровка, Ертіс, Галкино және т.б.) жаңа мектептер, интернаты бар орыс-қырғыз училишесі ашылды. Мәдени-ағарту мекемелерінің қатарында қоғамдық кітапхана (1892 ж. ашылған), оқу залы бар халық үйі болвп, онда кинофильмдер көрсетілді, дәрістер оқылды, тестр қойылымдары қойылды. Павлодарда «Заря» мен «Фурор» кинотеатрлары ашылды. Маусымдық цирк кеңінен танымал болды. 1906 жылдан баспахана жұмыс істейді. Сыртқы әлеммен уезді телеграф, кеме қатынасы байланыстырып тұрады.
Материалдық қиыншылықтардың өсуі, әлеуметтік қайшылық, оларды шешуге папша үкіметінің қулықсыздығы мен қабілетсіздігі, үкіметке қарсы оппозициялық күштердің ықпалы әлеуметтік наразылық қозғалыстарына (1903 ж. Екібастұз шахталарындағы, 1905 ж. желтоқсанда затон жұмысшыларының ереуілдері, Х. Тосчанов, А. Чадарбаев, А. Қақобаев бастаған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына 4 мыңдай адамның қатысуы, қымбатшылықтың өсуіне, көпестердің, әкімшіліктің саудагершілік айла-шарғыларына қарсы наразылық – 1917 ж. Павлодардағы «бабий бунт» және т.б.), саяси күрестің белсендірілуіне (социал-демократтардан бастап монархистерге дейінгі түрлі саяси бағдардағы үйірмелердің пайда болуы), 1906 жылдың сәуірі, 1908 жылы прокламациялардың пайда болуына, 1971 ж. тамызда кадеттік, кейін эсерлік бағыттағы – «Свободная степь» газетінің шығуына, ұлттық сананың туып, дамуына, ұлт дамуы бағдарламасын жасауға, 1905 ж. О. Мұсафыров, Т. Нұркенов және басқалардың Қарқаралы петициясын дайындауға қатысуға соқтырды.
Самодержавиенің құлауы ешқандай наразылық акциясын тудырмады. Уақытша үкімет Павлодар мен уездің басшылығына комиссар Кайдаловты қойды. Сайлау негізінде уақытша атқару комитеттері жасақталып, оған жұмысшылардың, қызметшілердің, басқарушы қызметкерлердің өкілдері, тіпті патша шенеуніктері енді. Қуылған полицияның орнына милиция құрылды.
Уақытша үкімет органдарымен қосарлана белсенді саяси қызметке араласқан көпшілік Советтер (8 наурыздан кешіктірілмей Павлодарда 26 наурызда Екібастұзда жұмысшылар мен солдат депутаттары советі, уезд шаруалар мен казак депутаттарының 6-11 мамырда 1-съезі, 10-11 тамызда – 2-съезі өтті), уездік «Алаш» комитетін құрды. Жұмысшылар, солдаттар депутаттары Советі Уақытша үкіметтің саясатын қабылдамады, бірақ большевиктердің бағдарламасын қолдап, қабылдады. Съезд төрағасы П. Косогор мен атқару комитетінің төрағасы В. Шишканың бастаған шаруа, казак депутаттары съездері Уақытша үкіметті қолдап, эсерлік бағдарды қабылдады. «Алаш» партиясының мүшелері Уақытша үкіметтің кадеттік ядросынан бөлініп, ұлттық автономияға жетісу үшін барлық қазақтарды бірігуге үндеді.
Уақытша үкімет құлаған соң 19.1.1918 жылы жергілікті гарнизонның қолдауымен, құрылған Қызыл гвардияға сүйене отырып, С.К. теплов пен П.М. Ширяев бастаған Совет уезд билігін бейбіт жолмен өз қолына алды.
Уақытша үкіметтің комиссары биліктен шектетіліп, қала басшысы тұтқындалды, қалалық Дума, уездік земство жиналысы таратылды. Екібастұздағы көмір орындары, бу диірмендері мемлекет меншігіне көшті. Казак басшыларының, байлардың, кулактардың артық жерлері алынды. Көпестердің сәулетті үйлері мемлекет меншігіне алынып, көпестерге көп мыңдық контрибуция салды. Уезд атқару комитетінің азық-түлік бөлімі астық алу, саудагерлікпен күрес жөніндегі шаралар қабылдады. Кедейлерге, ауыл мұғалімдеріне, жұмысшы ұжымдарына көмек көрсетілді.
Өмірдің жаңа жолға түсуі жаңа шиеленістер тудырды. Совет үкіметі қабылдамаған, қазақ автономиясын жариялаған «Алаш орда» үкіметі жасақталды. Оның жағына Ертістің Павлодар өңірінің тумалары Ж. Аймауытов, С. Торайғыров (Алашорда елұраны мен маршы мәтінінің авторлары), А. Барлыбаев, К. Бердалин (уездік Алаш комитетінің төрағасы), М. Боштаев, А. Сейітов, И. Жанкарин, Ә. Сәтбаев және басқалары шықты. Жұмысшылар, солдаттар, қырғыздар, татарлар, шаруалар депутаттары Советімен бір мезгілде құрылып, казак қоныстарын басқаруды өзіне алған казак депутаттары Советі (төрағасы В. Полюдов) жаңа өкіметке өзінің байтараптылығын мәлімдейді. Алайда 4.5 айдан кейін 1918 жылғы маусымның 1-нен 2-сіне қараған түнде қарулы төңкеріс жасап, Совет мүшелерін (В. Кузнецов, С. Теплов) тұтқындап, сотсыз өлтіреді. Советтер талқыланданғаннан кейін 1918 жылғы қарашаға дейін уезде Уақытша Сібір үкіметінің және комиссар есаул П.И. Виноградский, қала коменданты Осицимский, уездік милиция бастығы П. Барсов, одан соң Павлодар уезінің басқарушысы С.С. Зефиров өкілдік еткен Колчак үкіметінің билігі орындалды. Қалалық дума, земство, жер қатынастары, салықты толық төлемегендерді қатаң жазалау, әскерге шақыру қалпына келтірілді. Советтер алған мүлік түгелдей қайтарылды.колчактың әкімгерлердің жөнсіздігі ашық байқалатын. Алашорда ақ гвардияшылардың режимімен қатынасты тоқтатып, совет билігін тану қозғалысы кеңейе бастайды. Семей мен Өскемен түрмелерінде 100-ден аса павлодарлықтар өлтірілді. Павлодарда колчактың режимі құлар алдында (29.11.1919) түрмеде атырған Совет мүшелері камерада шабылды. Атаман Анненков жазалау жорығы кезінде Павлодар мен Славгород уездерінде 1667 адамды мерт еткен.
Совет өкіметінің қалпына келтірілуі мемлекеттік билік органдарының басып даншу функцияларының күшеюімен ұласты. Советтерді сайлағанға дейін Павлодарды азат еткен полктің комиссары Г.А. Жигарев бастаған төтенше орган-ревком басшылыққа қойылды. Орынбасары Казаринов, хатшысы Росляков болды. И. Дубовицкий уездік милицияның бастығы болып тағайындалды.
1920 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеген ревком болыстық ревкомдарды сайлауды, олардың жұмысына басшылықты, Совет өкіметінің жауларымен күрес жөніндегі төтенше шараларды, бұзақылықты тоқтатуды, індеттің алдын алуды, азық-түлікпен қамтуды, азық-түлік салғыртын қамтамасыз етті. 1920 жылы шілдеде мөлшері ұлғайған азық-түлік салғырты шаруалар арасында қолдау таптады, жөнсіз қылықтарға жол берілді, соны Совет өкіметінің қарсыластары пайдаланды. Есаул Шишкин 16 мыңдай қарулы жақтасын жинап, Павлодарға қауіп төндірді. Тек ерекше мәндегі бөлімдерді көтеріп, 1920 жылғы шілденің аяғында екі күндік ұрыстан соң Шишкин отряды жеңіліп, ыдырады. Өзі шағын отрядпен Қытай асып кетті. Алайда 1922 жылдың көктеміне дейін полковник Цветковтың, Уваровтың, Л. Найданың, К. Зайченконың, поручик Дорофеевтің және басқалардың отрядтары Совет өкіметіне қарсы күресті.
Өндірістік салада кооперативтік формаларға көшу басталды: коммуналар, кеңшарлар («Червона Украина», «Новый свет», «Новый мир», «Коммунар» және т.б.) құрылды. 1920-жылдардың ортасында кооперациямен шаруа қожалықтарының 30%-дан астамы қамтылды.
3.3.1921 жылы уезде РКП/б/ уездік комиссияның хатшысы Фрелихтің төрағалығымен сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше комиссия құрылды. «Сауатсыздық жойылсын!» қоғамы құрылады, сауаттылар мектепке, ликбездерге жұмысқа жұмылдырылады, қала деревняны «мәдени» қамқорлыққа алды. 1920-23 жылдары 23741 адам сауатын ашты. 1925 жылы 8 мыңдай адам ликбезден өтті, оның 65,7%-ы – қазақтар. Қалада – Шаруа мен малшының үйі, анықтама, ликбез, сонда, дәрістер, әңгімелер өткізілді.
1925 жылы уезде 101 орыс және 106 қазақ мектебі жұмыс істеді. 1917 жылмен салыстырғанда оқушылар саны 2,5 есе өсті. Қазақ мектептерінде сабақ ана тілінде жүргізілді, көшпенділердің балалары үшін интернаты бар мектеп-коммуналар ашылды (1-шісі 1925-26 оқу жылында Павлодарда ашылды).
1926 жылдан ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қолға алынады. 1920-жылдардың басында тарап кеткен коммуналар мен кеңшарлардың орнына 1927 жылдың аяғында өндірісті қоғамдастыруы түрлі дәрежедегі 34 ұжымдық шаруашылық құрылды. 1928 жылдың күзінде ұжымшарлардың саны 177-ке жетті. Орта есеппен алғанда әрқайсысына 664 сомның ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде 13,5 ұжымшарға 1 трактордан келді. Мұндай жарақтандыруда ұжымдық шаруашылықтың жеке жеке шаруадан артықшылығы болмады. Ұжымдық шаруашылықтардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін 1928 жылдан байлардың, казактардың мүлкін тәркілеу басталды. Ұжымшарларға кірудің еркіндік пен мүдделілік ұстанымы мәжбүрлеумен алмастырылды. Тек 1928 жылдың қазанынан 1930 жылдың мамырына дейін ұжымшарларда шаруашылықтар саны 15,2 есе өсті.
Күштеп ұжымдастыру, қазақтарды отырықшылыққа көшіру 1930-жылдардың басындағы бұрын болмаған ашаршылықтың шығуына себептердің бірі болды. Бірнеше жыл қатарынан егін шықпауы, 1931 жылғы құрғақшылық қосылды.
Соның салдарынан 1931 жылдың күзінен аштық басталып, 1931-32 жылдардың қысында ерекше күшейді, жаппай ауру шықты. 1932 жылдың ақпанында Павлодар ауданының ауылдары зерттегенде жұртшылықтың 35%-ның аштыққа ұшырағаны, 10-18%-ның аштық пен аурудан өлгені анықталды. Жұрт аштықтан қашып, Сібір, Алтай жаққа дүркірей көшті. Ауылда мал басы, себуге қажетті астық тұқымы, жұмыс күші жетімсіз болды. 1931 жылмен салыстырғанда 1932 жылы Павлодар уезі адамының саны 54,5%-ға кеміді.
Өмір салтын күштеп өзгерту жаппай қуғындаумен ұласты. Павлодар облысында 1920-40 жылдары 4 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 810-атылды. Соңғылардың ішінде зиялылар, қызметкерлер аз (223 адам). Шаруалар – 215, жұмысшылар – 207. басым көпшілігі 1937-38 жылдары атылды.
1920-30 жылдары жергілікті өнеркәсіп қалпына келтіріліп, оны дамытуға қадам жасалды. Таболжаннан Маралдыға дейін темір жол тартылып ()1931, «Павлодарсоль» тресінің өнімі шығарыла бастады. Май, тері, балық заводтары, элеватор, ұн комбинаты, тоңазытқыш, электростанция салынды. Алматыға жүк, жолаушыларды жүйелі тасымалдай рейстер басталып, аэропорт ашылды (Я1930-жылдардың басы). Өндірістің қарқындылығы «Сельхозмука», «Главмука», «маслопром» трестерінің бой көтеруіне ықпал етті.
Машина-трактор станциялары құрылып, ауыл шаруашылығы қалпына келтіріле бастады, шаруалардың тұрмыс деңгейі көтерілді. 1936 жылы еңбек 2 кг астық пен 40 тиын ақша бөлінсе, 1938 жылы тиісінше 18 және 107 болды.
Жағдайдың біршама қалпына келуі денсаулық сақтау, білім беру, мәдени-ағарту жұмысының жақсаруына ықпал етті. Егер 1926 жылы уезде 391 төсекті 10 аурухана, 6 дәрігер мен 51 көмекші емші болса, 1939 жылы 34 станционарлық емдеу мекемесінде 871 ауру төсегі болды. Облыста 40 аумбулатория, 47 фельдшерлік, 6 акушерлік пункт, 2 безгекпен күрес тірек пункті, жедел медициналық жәрдем станциясы (1 автомашина), 2 рентгенкабинет, 2 клиникалық-диагностикалық амбулатория жұмыс істеді. Облыста (1939) 33 дәрігер болды. 1938 жылы станционарда 11238, амбулаторияда 573672 науқас емделді.
1938 жылы Павлодар халыққа білім беру бөлімінің қарамағында 538 мектеп (97,2%-ауылда) болып, онда 42831 адам (89%-ауылдық) оқыды. Мектептердің 41,3%-нда сабақ қазақ тілінде жүргізілді. Мектептерде 1003 мұғалім (90%-ауылдық) қызмет істеді.