Әбілқайыр әулеті — Кіші жүз бен Хиуаның хандары, билеушілері. Шыңғыс хан тұқымдарының дәстүріне сай Әбілқайыр да өз ұрпағын ел билеуге тәрбиелеп, қазақ хандарының жаңа әулетінің негізін қалады. Оның 3 ұлы, 9 немересі, 5 шөбересі хандық дәрежеге көтерілді.
Әбілқайырдың қанша әйел алғаны белгісіз (кей деректерде төртеу), 7 ұлы болған. Бәйбішесі Бопай ханым ақыл-парасатымен ханның кеңесшісі бола білді. Хан одан 5 ұл көрген. Олар — Нұралы хан, Ералы хан, Қожахмет, Айшуақ хан және Әділ. Кенже ұлы Шыңғыс — қалмақ күңінен туған. Тағы бір әйелі башқұрттан Қаратай ұлын тапты. Бірнеше қыздары болған: оның бірі — Қарашашты Абылай сұлтанға қосқан.
Әулеттің үлкені Нұралы әкесінің көзі тірісінде-ақ Хиуада хан болды. Әкесі қаза тапқан соң, Кіші жүздің тағын мұралады. Ералы 4.9.1791 ж. хан сайланып, оны Ресей императоры өз жарлығымен (29.1.1791) бекітті. Айшуақ — Кіші жүз ханы (1798 — 1805), хандар кеңесінің төрағасы болды. Шөбересі Жәңгір — Ресей императоры ресми бекіткен қазақтың соңғы ханы. Әбілқайырдың Тоқтамыс деген ағасының баласы Мамай (Сары айғыр хан деген атпен белгілі), немерелері Бөлекей мен Әкім әр жылдары Хиуа хандығының тағында отырды. Әбілқайыр Хиуа ханы Елбарыспен (1728 — 39), Арал өңірін билеуші Шаһ-Темірмен (1721 — 36), қалмақ ханы Дондық-Дашымен (1741 — 61), қазақтың Батыр және Абылай сұлтандарымен, кейбір башқұрт тархандарымен қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болды. Әулет Қазақстан тарихында елеулі орын алды.Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
Дереккөздер
Санат:Әбілқайыр әулеті