Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлы — Тарихшы, өлкетанушы ғалым, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Өмірбаяны Ғалым-тарихшының арғы тегі Естек қырғыздың ішіндегі Ақкісі әулиеден басталады. 1952 жылы 1 қаңтарда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Жарқамыс аулында дүниеге келді. Әкесі Құрманбеков Жолмырза (1909-12.10.1955) – Ұлы Отан соғысына қатысушы, кеңес қызметкері, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысы. СОКП мүшесі, соғыстан кейін еңбек жолын Байғанин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, шаруашылық мекемелерінде басшы қызметтерде болды. Ол басқарған «Қызыләскер» колхозын «миллионер» етіп, өндірісін нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, ҚКСР Жоғары Кеңесі Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Шешесі Аймаққызы Ақмоншақ – руы төрт-қара.
Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлы 1968 жылы Байғанин ауданы Қарауылкелді поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепті бітірген соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекетттік университетінің тарих факультетіне түсіп, 1973 жылы тарихшы, тарих – қоғам тану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірді. 1973 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Новоалексей селосындағы қазақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1974 – 1978 жылы Қобда аудандық білім беру бөлімінің инспекторы, аға инспекторы және қоғамдық негізде мұғалімдер кәсіподағы аудандық Кеңесі президиумының төрағасы қызметін атқарды.
1978 – 1980 жылдары халық депутаттары Қобда аудандық Кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру – нұсқау бөлімінің меңгерушісі. 1980 – 1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Қобда аудандық партия комитетінің үгіт насихат бөлімінің нұсқаушысы, 1983 – 1991 жылдары үгіт – насихат (идеология) бөлімінің меңгерушісі. 1991 – 1993 жылдары Қобда аудандық білім бөлімінің аға инспекторы, мұғалімдер кәсіподағы аудандық Кеңесі президиумының төрағасы. 1993 – 1996 жылдары халық депутаттары Қобда аудандық Кеңесі атқару комитетінің білім бөлімінің меңгерушісі. 1978 – 1996 жылдары бірнеше рет Қобда аудандық Кеңесінің депутаты, 1983 – 1991 жылдары Қазақстан компартиясы Қобда аудандық партия комитетінің (пленум) мүшесі. 1996 – 1997 жылдары Ақтөбе облыстық мұғаалімдер білімін жетілдіру институтының әдіскері, «Институт хабаршысы» журналының редакторы. 1997 – 1999 жылдары Қ,Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің философия кафедрасының оқытушысы. 1999 жылдан бастап философия кафедрасының, 2001 жылдан бастап саяси - әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі. 2005 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті. 2004 жылы өзінің ғылыми еңбектерінің нәтижесінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті бойыншав «Ең үздік кафедра меңгерушісі», 2007 жылы «Ең үздік ғылыми зерттеуші» деп танылды.
Тарихи оқиғалар шежірешісі Б.Ж. Құрманбековтің зерттеу еңбектерінің негізгі тақырыптарын шартты түрде мынадай 4 бағытқа бөлуге болады; Тарихи бет бұрыс оқиғалар Ел өмірінде өзіндік із қалдырған тұлғалар Батыс өңірде сауда қатынастарының және жәрмеңкелердің дамуы Жалпы Қазақстандағы тарихи оқиғалар контекстіндегі аудандар тарихы
Б.Ж. Құрманбеков 1998 жылы 23 желтоқсанда – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 1916 жылғы көтеріліс мәселелері (Батыс Қазақстан материалдары бойынша) диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Осы ғылыми жұмысында ғалым, кеңестік тарихнамада көтеріліс тек Торғай мен Жетісуда ғана болды деп есептелінсе, өзінің терең зерттеуінің нәтижесінде Батыс Қазақстанда да патшаның зәре-құтын ұшырған үлкен көтеріліс ошақтарының болғанын дәлелдеді. Кейін ғалым осы ғылыми жұмысын толықтырып өзінің тұңғыш монографиясын жариялап, бұл еңбек ғалымдар арасында лайықты бағасын алды. 2006-жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлының бастамасымен Қазақстандағы 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 90-жылдығына байланысты халықаралық ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылып, осы конференцияға Ресей федерациясынан, Қырғызстаннан және Қазақстанның белгілі тарихшы ғалымдары қатынасты.Конференция материалдары университеттің редакциялық баспа бөлімінен ғылыми жинақ болып шығарылды
Өлкетанушы ғалымның екінші бір табысты зерттеу еңбегі «Ақтебе округінде 1928 жылы байларды конфискациялау» деп аталады.Бұл еңбегінде ғалым архивтік деректер негізінде - «қу жақ»-Голощекиннің теріс саясатының нәтижесінде мал-мүлкінен айрылып, жер аударылған Ақтөбелік байлардың тағдырын тарихи шындық тұрғысынан, архивтік деректер негізінде, көрсете білген. Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлы Ақтөбе облыстық тарих және археология орталығымен тығыз творчестволық байланыс орнаттқан ғалым. Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлының «Батыс Қазақстанда сауданың дамуы» деген көлемді ғылыми монографиясы Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының облыстық тарих және археология орталығының бастамасымен шығарыла бастаған «Батыс Қазақстанның тарихы, археологиясы және этнографиясы» атты арнайы басылымдар топтамасының бет ашар кітабы болып табылады. Сонымен қатар Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлы Ақтөбе облыстық тарих және археология орталығы Ақтөбе қаласындағы «Принт А» баспаханасынан 2006-жылы шығарған 2 томдық «Батыс қазақстан тарихы» атты кітаптың 3-ші «Батыс Қазақстан аймағындағы жәрмеңкелер тарихынан» және 4-ші «Батыс Қазақстандағы 1916-жылғы көтеріліс тарихының мәселелері»деген тарауларының авторы.
Оның «Батыс Қазақстанда сауданың дамуы» атты монографиялық еңбегі өте өзекті мәселеге арналған. Қазақстанның Ресей және Орта Азиямен байланысы өте ерте заманнан басталады және осы қарым-қатынастардың дамуына сауданың тигізген әсері өте зор. Ресейдің Орта Азиямен сауда байланыстары Батыс Қазақстан территориясы арқылы жүзеге асырылды. Беркін Құрманбековтің еңбегінің басты құндылығы Батыс Қазақстанның Орал облысындағы әскери- казак территориясы мен қазақ даласындағы сауда қатынастарының дамуы нақты архивтік деректермен дәйектелген.. Сонымен бірге Орынбор айырбас сауда орталығының және Ішкі Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан жәрмеңкесінің Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының дамуына тигізген әсері толық ашып көрсетілген. Ғалым еңбегінің басты құндылығы Батыс Қазақстанның Орал облысындағы әскери- казак территориясы мен қазақ даласындағы сауда қатынастарының дамуы нақты архивтік деректермен толығымен дәлелденгені болып табылады.. Сонымен бірге Орынбор айырбас сауда орталығының, Ішкі Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан жәрмеңкесінің Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының дамуына тигізген әсері толық ашып көрсетілген.Монография авторы Отан тарихнамасында өте аз назар аударылып келген Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерінде тұрақты және жәрмеңке саудаларының даму мәселесін ерекше зерттеу обьектісіне айналдырып, осы уездердегіі сауда қатынастарының даму динамикасын толық зерттеген. Монографияда Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының даму процесі жан-жақты қарастырылған. Ғалым өз еңбегінде сауда қатынастарының дамуына әсерін тигізген саяси, әскери және экономикалық алғы шарттар: керуен сауда жолдарының қалыптасуы, сауда қатынастарының түрлері мен ұйымдастырылуының формалары сияқты қазіргі кезеңге дейінгі төл тарихымызда өте аз зерттелінген өзекті мәселерге баса назар аударған.
Сонымен қатар бұл еңбекте ХΙХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңінен өрістеген жәрмеңке саудасының дамуы терең қарастырылып, сауданың осы формасының Батыс Қазақстан халқының әлеуметтік және экономикалық жағдайына тигізген әсері толық және терең қарастырылған. Зерттеу обьектісі ретінде қарастырылған Батыс Қазақстан аумағындағы Ойыл, Темір, Ырғыз, Ақтөбе, Гурьев уездері және Орал әскери казак территориясындағы тұрақты жәрмеңкелердің негізгі сауда орталықтарына айналуының заңдылықтары ашылып, осы жәрмеңкелердің өлкенің экономикалық дамуына қосқан ролі толық ашып көрсетілген.
Батыс Қазақстанда керуен саудасының дамуына байланысты Маңғыстауда сауда қатынастарының дамуы ерекшеліктері, регион тұрғындарының Орта Азия сауда орталықтары және Торғай, Орал облыстарының шектес уездерімен сауда-саттық байланыстарының ерекшеліктері нақты деректермен негізделіп дәлелденген. Өте бай архивтік деректер негізінде Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының пайда болуы, қалыптасуы және өркендеп даму динамикасы, тұрақты және жәрмеңкелік сауда түрлерінің көлемі және құрылымдық ерекшеліктері айқындалып, аймақтағы сауда орталықтарының Ресей, Орта Азия халықтарымен байланысының артуына тигізген әсері анықталған. Автор еңбегізінде Батыс Қазақстан территориясының Ресей және Орта Азия сауда қатынастарының дамуындағы транзиттік ролі толық ашып көрсеткен.
Еңбекте Батыс Қазақстанда тұрақты және жәрмеңке саудасының дамуының осы территория халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тигізген әсері айқындалып, аймақтағы сауда қатынастарының даму деңгейінің жаңа демографиялық жағдайдың қалыптасуын қамтамасыз етуі нақты деректермен айқындалған. Осы еңбектің ерекшеліктерінің бірі Батыс Қазақстанда сауда буржуазиясының қалыптасуы архивтік деректер арқылы негізделінген.
Қорыта айтқанда Б.Ж.Құрманбековтің бұл еңбегі Батыс Қазақстан тарихын зерттеуге қосылған сүбелі ғылыми еңбек болып табылады. Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлының Батыс Қазақстанның тарихының өзекті проблемаларына байланысты бірнеше мақалалары республикалақ «Қазақ тарихы», «Ақиқат», «Отан тарихы», «Жалын», «Парасат», «Қазақстан әйелдері» журналдарына жарияланды.
Тарихи тұлғаларды ел жадына қайтарған Тарих - қатал да, әділетті құбылыс. Теңіздің асау толқыны сан миллион рет жағаға соғып, теңіздің терең түбінен жахұт тастарды сан мәрте жалап-жылтыратып, жағаға шығаратыны сияқты, тарих та кейбір себептермен, тарихтың тұманында елге көрінбей қалған, есімдері көмескі тартқан өзінің перзентерін, сын сағаттарда тарих сахнасына қайта шығарып,жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынады.
Кер заманда ұрпағы өзінен айрылып,елі есімін жадынан шығарып ала жаздаған, асыл ер, халықтың ел қорғаған хас батыры, әділдігімен «қара қылды қақ жарған», сындарлы би болған, ханмен қатар отырып кеңес құрған Ақ кете Алтай Ебескі ұлы да, қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар, елдің ерекше жаратылған ұлы перзенттерінің бірі. Ғалымның тағы бір сүбелі еңбегі «Алтай батыр» деп аталады. Автор бұл еңбегінде ХҮІІІ-ғасырда Кіші жүзде болған саяси-экономикалық түбегейлі өзгерістерді баяндай отырып, осы оқиғалардың бел ортасында болып, заман талабына сай, қазақ халқының мүддесі үшін,саяси және әскери күрестерге белсенді қатынасып, ұлттың жарқын болашағы үшін күрескен, қазақ халқының батыры, беделді биі, шебер дипломат Алтай Ебескіұлының өмір жолын, архивтік деректер негізінде толық суреттейді.
Өзінің ерен еңбегімен туған халқына адал қызмет етіп, ел тарихында ерекше орын алған азаматтар өте көп. Солардың ішінде атақ-даңқы кезінде тек қана қазақ елінде ғана емес, елден тыс жерлерде де кеңінен танымал болған Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Алпысбай Қалменовтың алатын орны ерекше болып табылады. Өкінішке орай, әр түрлі себептермен Алпысбай Қалменовті қазіргі ұрпақтың көпшілігі білмейтіні ақиқат. Оның басты себебі: біздің төл тарихымызды зерделеуде мәдени сабақтастық пен жалғастықтың көп жағдайда жүзеге аспай, тарихымыздың көп тұстарының үзік-үзік болып қалғандығы.