Молда-Қалан кесенесі (Мұлқалан кесенесі) – Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген киелі нысан ескерткіші.

Орналасқан жері Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км жерде.

Кезеңі XVI ғасыр.

Тарихи деректер, аңыздар Мұлқалан (Мулькалян) – бұл осы жерлерде танымал болған, әлі күнге дейін халық естен шығармайтын киелі Мехерегланның лақап аты. Аңыздарға сүйенсек, Мехереглан бала кезінен денсаулығы әлсіз, емшілердің ішінде ешкім оны емдегісі келмейтін. Күдер үзген Мехереглан дерттен айығу жолын өзі табуды шешеді. Дертінен айыққан соң, ол өзіне көмек сұрап келген жандардың бәрін емдеуге кіріседі. Осыдан бастап оның ерекше емдеу қасиеті барлық шартарапқа тарайды. Дүниежүзі бойынша оған адамдар емделуге, ақыл-кеңес сұрауға келеді. Мехереман басқа жергілікті әулие Мағзұммен таныс болды. Олар тіптен кімнің қайда жерленетіндігі туралы қалжыңдасатын (әрқайсысының көріпкелдік қасиеті шындыққа айналды). Бүгін Мұлқалан кесенесі (Мулькалян) қажылық жасаудың маңызды нысаны ретінде танылды. Мұнда ауруынан сауыққысы келетін, ісінің оңға басқанын қалайтын адамдар ағылып келе бастады.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9

Кесене сипаты Кесене зираттың тап ортасында орналасқан. Кесене күмбезді, үлкен кіре-беріс қабырғалы стилінде жасалып, қабырғалары 9,25 м болатын тік төртбұрыш пішінде салынған. Кіре-беріс жағында үлкен портал тәрізді есігі болған, бірақ одан тек қана екі тірегі қалған, тіректердің ендері 3,0х1,75 м. Ғимараттың жалпы алаңы 113,3 шаршы метр. Кесененің жалпы биіктігі, күмбезді қосқанда 9,6 метр. Құрылыс көлемі 1087,7 метр куб. Кесене күйдірілген қызыл-сарғылт түстегі кірпіштен қаланған. Қабырғаларының қалындығы 1,0 метр. Күмбезі айналдыра-қыстыру әдісі бойынша өрілген.

Дереккөздер

Санат:Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан кесенелері Санат:Қызылорда облысы сәулеті