Феликс Эдмундович Дзержинский (; лақап аты Темір Феликс, ФД, жасырын лақап аттары: Я́цек, Я́куб, Переплетчик, Франек, Астроном, Ю́зеф, Доманский; 11 қыркүйек 1877, Дзержиново қожалығы, Ошмән уезі, Вилна губерниясы, Ресей империясы (қазіргі Столбцовский ауданы, Минск облысы, Беларусь Республикасы) — 20 шілде 1926, Мәскеу, КСРО) — ресейлік және поляк революционері, кеңестік мемлекет және партия қайраткері. Бірқатар халық комиссариаттарының басшысы, БТК негізін қалаушы және басшысы.

РСДЖП(б) ОК хатшысы (1917), РК(б)П ОК Ұйымбюросының мүшесі (1919-1920, 1921-1924), РКП(б) ОК Ұйымбюросы мүшелігіне кандидат. РКП(б) (1921, 1924-1926). БК(б)П ОК Саяси бюросының мүшелігіне кандидат.

Тегі және отбасы Дзержинскийлер әулеті Сулима елтаңбасын қолданған Дзержинскийлер әулеті ертеректегі поляктік католик ақсүйектер (шляхта) болып келеді: «Дзержиново» мұражай-мекенжайдың қызметкерлері әулеттің шежіресін XVII ғасырдың ортасына дейін зерттеді. Әулеттің негізін қалаушы Станислав Дзержинский болып саналады.

Сонда да, бұл отбасы байлығымен танымал болмады, XVIII ғасырда Дзержинский ақсүйектері көбінесе көрнекті поляк-литва ақсүйектерінің мүлік басқарушысы қызметін атқарды. Феликстің атасы Юзеф-Ян (Йозеф-Иван) Дзержинский (1788–1854) Радван елтаңбасын қолданған ақсүйек отбасынан шыққан Антуанетта (Антонине) Озембловскаға (1799–1869) үйленіп, қалыңдықтың жасауы ретінде Оземблово () алпауыт қожалығын немесе мұра ретінде алып, атауын Дзержиново деп өзгертті. Алпауыт қожалық байбатша үйінен және 180 гектар жерден тұрды. Дзержинский алпауыт қожалығы 1830 жылғы поляк көтерілісі кезінде қиратылды, бірақ біртіндеп қалпына келтірілді. Алайда, Дзержинскийлер отбасының көп баласы болғандықтан, табысы жеткіліксіз болды.

Юзеф-Ян Дзержинский мен Антуанетта Озембловсканың некесінде он бір бала туды. Екі кіші ұлдары Эдмунд (Эдмунд-Руфин) мен Фелисиан-Иосиф университетте білім алды.

Әкесінің тұлғасы Феликс Дзержинскийдің әкесі Эдмунд-Руфин Иосифович Дзержинский 1838 жылы 15 (27) мамырда дүниеге келген. Ол Санкт-Петербург университетінің физика-математика факультетінде оқығанымен, оқу барысында едәуір қаржылық қиындықтарға тап болды.

Университетті бітіргеннен кейін Эдмунд Дзержинский жұмыс табуда да қиындық көрді. Оның поляк ұлтынан болуы және Дзержинскийлер әулетінің кейбір өкілдерінің 1863 жылғы поляктардың көтерілісіне қатысуы бірнеше университетке жұмысқа орналасуына кедергі келтірді. Санкт-Петербургтен жұмыс табуға жасаған талпыныстары сәтсіз аяқталған соң, Эдмунд-Руфин Вильноға оралды. Сол жерде профессор Игнатий Семёнович Янушевскийдің қыздарына үйде сабақ беретін мұғалім болып орналасты.

Ол осында профессордың төртінші әрі кенже қызы, он бес жастағы Еленаға ғашық болды. Елена бірнеше тіл білген, поляк әдебиетіне қызыққан және музыкамен айналысқан. Сонымен қатар ол көрікті қыз болған: оны сымбатты, жүзі сұлу әрі тәкаппар, бетінде нәзік қызғылт реңі бар, қалың қасты бойжеткен ретінде сипаттаған. Жастар бір-біріне көңіл білдіріп, Елена Янушевская он алты жасқа толғанда Эдмунд екеуі үйленді.

1864 жылдың көктемінде Эдмунд Дзержинский Херсон губерниялық қаласында жаңадан ашылған Бірінші Херсон ерлер гимназиясына мұғалім болып жұмысқа орналасты. 1868 жылы Херсоннан Таганрогқа көшіп, Мария әйелдер гимназиясында физика мен математикадан сабақ берді. Бір жылдан кейін оған надворный кеңесші шені берілді. Ал осы қызметтегі соңғы жылы ол III дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. Бұл марапат жыл сайын 90–100 рубль зейнетақы алуға құқық беретін.

1873–1875 жылдары Эдмунд Дзержинский Таганрогтағы Александров ерлер гимназиясында сабақ берді. Оның шәкірттерінің бірі Антон Павлович Чехов болатын. Кейін Чехов 1884 жылы жазған «Орыс көмірі (Шынайы оқиға)» атты әңгімесінде Дзержинский деген тегі бар кейіпкерді суреттеді. Ол — поляк ұлтынан шыққан, граф Тулуповтың иелігін басқаратын, мінезі уытты әрі карта ойнауды ұнататын адам.

1875 жылы Эдмунд Дзержинскийге туберкулез диагнозы қойылды. Осыған байланысты ол зейнетке шығып, Дзержиново атты әулеттік мекеніне көшуге мәжбүр болды. Мүлкінің бір бөлігін жалға беріп, екінші бөлігінде омарта ұстады. Бұған қоса, зейнетақы да алып отырды. Алайда осы табыстың бәрі көп балалы үлкен отбасын асырауға әрең жететін. Өмірінің соңғы жылдарын ол өз иелігінде өткізіп, шаруа балаларына сауат ашуды, арифметиканы және физиканы тегін үйретті.

Өмірбаяны Туған кезі және балалық шағы Феликс Дзержинский 1877 жылы 30 тамызда (11 қыркүйекте) дүниеге келді. Ол отбасындағы алтыншы бала болды. Феликс есімі () «бақытты», «жолы болғыш», «өсіп-өнген» деген мағыналарды білдіреді. Баланың бұл есімді иеленуіне қатысты бірнеше болжам бар: 30 тамыз — католик шіркеуінде әулие әрі азап шегуші Феликсті еске алу күні; Анасы босанар алдында ашық жертөлеге құлап, қатты жарақат алған. Соған қарамастан, сәтті босанып, анасы да, сәбиі де аман қалған. Сондықтан балаға аман-есен дүниеге келгенінің құрметіне «бақытты» деген мағынадағы Феликс есімі берілген болуы мүмкін; Отбасылық дәстүр бойынша балаларға туыстарының есімі қойылатын. Сондықтан Феликс есімі анасының үлкен әпкесінің күйеуі Феликс Иозефович Завадскийдің құрметіне берілуі де ықтимал. Ол Дзержинскийлер отбасына қаржылай көмектесіп, пәтер беріп отырған, сондай-ақ Вильно гимназияларында оқыған отбасының үлкен балаларына материалдық жәрдем көрсеткен.

Отбасылық дәстүрге сай, балаға Щастны деген екінші есім де берілді.

1877 жылғы қарашада Феликс Дзержинский католиктік рәсім бойынша шоқындырылды.

1878–1881 жылдары отбасында тағы үш бала дүниеге келді: Ванда, Игнатий және Владислав. Ванда мен Игнатий туғаннан кейін отбасыға кеңірек үйге көшу қажет болды. Сәулетші болған жиені Юстин Дзержинскийдің көмегімен Эдмунд-Руфин ескі үйдің жанындағы төбеге мансардалы, екі қабатты жаңа үй салды. Бұл әйнектелген дәлізі, үлкен асханасы және алауошағы бар қонақ бөлмесі бар, поляк үй-жайына тән классикалық үлгідегі үй еді. Феликстің балалық шағы осы үйде өтті. Феликстің апайы Альдона үйді былай сипаттаған: «Онда жасандылық атаулы жоқ еді. Әдетте помещиктердің үй-жайларына тән қырқылған ағаштармен көмкерілген аллеялар да, сары құм төселген жолдар да болмады. Үйімізді ағаштар мен қалың өскен жасыл шөп қоршап жататын. Балалар сол шөптің үстімен үлкен қуанышпен жүгіретін».

thumb|right|200px|Дзержинскийлердің үй-жайы, 1939 жылға дейін түсірілген сурет 1882 жылы Эдмунд-Руфин Дзержинский қырық үш жасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды. Ол Столбцы ауданына қарасты Деревная ауылындағы зиратқа жерленді. Сол кезде Феликстің анасы Елена Дзержинская отыз екі жаста, ал Феликс бес жаста еді. Отбасында сегіз бала болды: Альдона, Ядвига, Станислав, Казимир, Феликс, Ванда, Игнатий және Владислав. Апайларының үлкені Альдона он екі жаста болса, ең кенжесі Владислав бір жас үш айлық еді. Отбасының жағдайы ауыр болды, бірақ көптеген туыстары қол ұшын беріп, көмектесіп тұрды.

Елена Дзержинская үй шаруасымен айналысып, балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлді. «Кешкісін балаларды дөңгелек үстелдің басына жинап, олармен емен-жарқын әңгімелесетін, қызықты ойындар ойнайтын, күн ішінде болған оқиғаларды талқылайтын. Адам Мицкевичтің, Юлиуш Словацкийдің, Мария Конопницканың өлеңдерін оқып, поляк көтерілісшілерінің әндерін шырқайтын».

Балалар Фридерик Шопен мен Михал Огинский сияқты поляк композиторларының шығармаларын, сондай-ақ Бетховеннің және басқа композиторлардың музыкасын жақсы білді. Феликс Дзержинский анасы туралы былай деп жазған: «Мен өз өміріме ризамын әрі бойымнан анамыздың да, бүкіл адамзаттың да болмысын сезінемін. Олар маған барлық азапқа төтеп беретін күш берді. Анамыз біздің бойымызда мәңгі жасайды. Ол маған жан беріп, жүрегіме сүйіспеншілік ұялатты, жүрегімді кеңейтіп, онда мәңгілікке орын алды».

Бұған қоса, анасы балаларына тарихты, Ресей империясындағы поляктардың өмірін әңгімелеп беретін. Феликс былай деп еске алған: «Шағын үй-жайымыздағы кештер есімде. Терезе сыртында орман шуылдап тұрғанда, анам шамның жарығымен отырып әңгіме айтатын. Ол униаттардың қудаланғаны, католиктер беларусь болғандықтан, шіркеулерде оларды дұғаларды орыс тілінде айтуға мәжбүрлегені туралы баяндайтын. Халыққа қандай өтемақылар салынғанын, оны қалай қудалағанын, салықпен қалай титықтатқанын және тағы басқа жайттарды да айтып беретін». Осы әңгімелер мен Дзержинскийлер отбасының да Ресей билігінің қудалауынан зардап шегуі жас Феликстің Ресейге және орыстарға қарсы көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті. Кейін ол: «Бала кезімде көзге көрінбейтін қалпақ тауып алып, барлық москәлді жойып жіберуді армандайтынмын», — деп еске алған.

Апайларының үлкені Альдона Вильно қаласындағы қыздарға арналған гимназияда оқыды. Жазғы демалыста Дзержиновоға келіп, анасына інілері мен сіңлілеріне қарауға көмектесетін. Феликс пен Альдонаның арасында өте жылы қарым-қатынас орнады.

Вильно гимназиясы және революциялық қызметінің басталуы thumb|left|200px|Бала кездегі Феликс, 1890 жылға дейінгі сурет 1887 жылдың күзінде он жастағы Феликс апайы мен анасымен бірге Вильноға келіп, Бірінші Вильно ерлер гимназиясының дайындық сыныбына түсу емтихандарын тапсырды. Гимназияны бұрын бітіргендер оқу орнында үлгілі қатаң тәртіп орнағанын, оқыту жүйесінің қаталдығын және оқушылардың еркін ойлауына жол берілмегенін еске алған. Феликс Дзержинский де гимназияны жек көретінін жасырмаған. Вильноға көшкеннен кейінгі алғашқы екі жылда Феликс анасымен бірге нағашы апайы Эмилия Игнатьевна Завадскаяның үйінде тұрды, ал жазда Дзержиновоға қайтатын. Кейін ол ағаларымен бірге оқытушылардың пәтерлерінде орналасқан жекеменшік пансиондарда тұрды.

Бірінші Вильно гимназиясында оқыту тәртібі өте қатал болды. Оқушылардың төрттен біріне жуығы бір сыныпта екінші жылға қалатын, ал гимназияның төменгі сыныптарында оқушы саны шамадан тыс көп еді. Оқыту орыс тілінде жүргізілгендіктен, Феликс Дзержинский де орыс тілін нашар білгені үшін бір сыныпта екінші жылға қалдырылды. Дзержинскийлер отбасында поляк тілінде сөйлейтін. Феликске орысша оқып, жазуды үйретуді анасы мен әпкесі Альдона ол жеті жасқа толғанда ғана бастаған. Гимназиядағы екінші оқу жылынан бастап Феликстің нақты ғылымдарға қабілеті біртіндеп байқала бастады. Алайда орыс тілін меңгерудегі қиындықтары әлі де сақталды.

Валентин Николаевич Сперанский әр жылдардағы естеліктерінде Феликс Дзержинскийді «сынаптай жылдам қимылдайтын, жүйкесі тым ширыққан, тіпті эпилепсияға шалдыққан адамдай мазасыз» деп сипаттаған. Ол дәліздерде жүгіріп, шу шығарып, жанжалға жиі ұрынатын. Феликс тәртіп бұзғаны үшін бірнеше оқытушымен қақтығысып, кейде оны гимназиядан шығару туралы талаптар да қойылған.

Гимназияның 6-сыныбына дейін Феликс өте діндар болып, Құдай заңы пәнін үздік оқыды. 1893 жылы ол болашақта ксиондз болу үшін гимназиядан семинарияға ауысқысы келді. Алайда анасы мен гимназияда Құдай заңы пәнінен сабақ беретін ксиондз Ясинский оны бұл ойынан айнытты.

1893–1895 жылдардың тоғысында Дзержинскийдің мінезі мен дүниетанымында үлкен өзгеріс болды. Оның айтуынша, кейінгі бүкіл өмірін өзгерткен оқиға — Крожи қырғыны еді. 1893 жылы патша өкіметінің орыстандыру саясаты мен католицизмге қарсы күресі аясында Литваның Кроже елді мекеніндегі ағаштан салынған католик шіркеуін жабу туралы шешім қабылданды. Жергілікті тұрғындар бұған қарсылық білдіріп, шіркеуде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. 21 қараша күні кешке губернатор бастаған 70 жандарм шіркеуді жамағаттан босатуға әрекет жасады. Алайда іште бекінген адамдар полицияға қарсылық көрсетті. Осыдан кейін 23 қарашада Крожиге Дон казактарынан құралған 300 адамдық жазалаушы жасақ кірді. Олар діндарларды тарату үшін нагайкамен де, атыс қаруымен де күш қолданды. Тоғыз адам қаза тапты, олардың бірнешеуі өзенге батырып өлтірілді. Бір әйелді құрбандық үстелінің үстінде қылышпен шауып өлтірді, елуден астам адам жараланды.