«Аватар: Су жолы» () — 2022 жылғы америкалық эпикалық ғылыми-фантастикалық жанрындағы фильм. 2009 жылғы «Аватар» фильмінің сиквелі және франшизаның екінші фильмі. Картинаның режиссёрі және сценарийі Джеймс Кэмерон, дистрибьюторы - 20th Century Studios. Кэмерон Джон Ландаумен бірге фильмге продюсерлік етті және Джош Фридман мен Шейн Салерномен жазған оқиғасына негізделген сценарийді Рик Джаффа мен Аманда Силвермен жазды. Актерлер құрамы Сэм Уортингтон, Зои Салдана, Стивен Лэнг, Джоэл Дэвид Мур, Си Си Эйч Паундер, Джованни Рибизи, Дилип Рао және Мэтт Джеральд бастапқы фильмдегі рөлдерін қайталайды, ал Сигурни Уивер басқа рөлді сомдайды. Жаңа актерлер құрамына Кейт Уинслет, Клифф Кёртис, Эди Фалько және Джемейн Клемент қосылды.
2006 жылы Кэмерон егер «Аватар» фильмі сәтті болса, жалғасын түсіргісі келетінін айтқан еді. Кейін 2010 жылы режиссер екі сиквелді жариялады, алғашқысы 2014 жылы шығуы керек болған. Алайда екіншісіне қосымша тағы үш сиквелдің қосылуы және су астындағы түсірілім көріністерін түсіру үшін жаңа технологияны әзірлеу қажеттілігі туындаған әсерінен, фильм сценарийі, түсірілімге дайындық пен визуалды эффекттерді жетілдіру жұмыстары айтарлықтай кешікті. 2017 жылы 15 тамызда картинаның алдын ала түсірілімі Калифорнияның Манхэттен-Бичте басталды, одан кейін 2017 жылдың 25 қыркүйегінде негізгі түсірілім жұмыстары Веллингтонда (Жаңа Зеландия) бір уақытта сиквелдің жалғасы «Аватар 3» фильмімен қатар жүргізілді. Үш жылдық түсірілімнен кейін, жұмыстар 2020 жылы қыркүйектің аяғында аяқталды. Болжалды бюджеті 350–460 млн. доллар құраған картина әлем бойынша ең қымбат фильмдер қатарына енді.
Фильмнің премьерасы бірнеше рет өзгертілді, соңғысы 2020 жылдың 23 шілдесінде болды. «Аватар: Су жолы» 2022 жылдың 6 желтоқсанында Лондонда және АҚШ-та 16 желтоқсаннан бастап көрсетілді (Қазақстандағы премьерасы 15 желтоқсан). Фильм сыншылардың оң пікірін алды, олар Кэмеронның режиссерлік жұмысына, визуалдық эффектіге, техникалық жетістігіне жоғарғы баға берді, бірақ сюжетін және кино ұзақтығын сынады. Фильм көптеген рекордтар жаңартып, бүкіл әлем бойынша 2,320 миллиард доллардан астам табыс жинап, кассалық табысқа қол жеткізді, бұл оны 2022 жылдың ең көп табыс әкелген фильмі, COVID-19 пандемиясынан кейінгі ең көп табыс әкелген фильм және кино тарихында үшінші ең көп табыс әкелген фильм болды. АҚШ Ұлттық киносыншылар кеңесі мен Америка кино институты сияқты ұйымдар картинаны 2022 жылдың үздік 10 фильмдер қатарына қосты. Фильм 95-ші Оскар сыйлығында (соның ішінде ең үздік фильм) төрт марапатқа ұсынылды және көптеген басқа марапаттарға ие болды.
Сюжеті На’вилердің адамдарға Пандораны басып кіруіне тойтарыс бергеннен бері он жылдан астам уақыт өтті. Джейк Салли Оматикайа тайпасының көсемі, Нейтиримен бірге отбасын тәрбиелейді. Олардың Нетейам және Ло'ак атты ұлдары, Туктирей есімді қызы, асыранды қызы Кири (ол Грэйс Огустиннің аватарынан туылған) және Пандорада дүниеге келген және жастығына байланысты криостазда Жерге тасымалдана алмаған полковник Майлз Куоритчтің ұлы Спайдер есімді жасөспірімі бар.
RDA компаниясының Пандораға қайта отарлауы басталады, жер өле бастағандықтан адамдар «Плацдарм қаласы» операциялық базасын тұрғыза бастайды. Жаңадан келгендер арасынан рекомбинанттар бар, олар қайтыс болған RDA теңіз жаяу әскерлерінің саналары мен естеліктері имплантацияланған На’ви аватарлары, көшбасшысы ретінде полковник Куоритч рекомбинанты таңдалған. Джейк және аборигендер RDA жеткізу желілеріне қарсы партизандық кампаниялар ұйымдастырады. Куоритч және оның рекомбинанттары көтерілісшілерге қарсы күрес операциясын жүргізіп, Джейктің балаларын тұтқынға түсіреді. Джейк пен Нейтири полковниктің тобына қарсы келіп, көбісін тұтқыннан босатады, алайда Куоритч Спайдерді баласы ретінде танып, өзімен алып кетеді. Полковник Спайдерді өз жағына тарту үшін онымен жақынырақ танысуды шешеді, ал ол өз кезегінде Спайдер Куоритчке Нави мәдениеті мен тілін үйретеді. Ертелі кешпе, Спайдер олардың қайда орналасқанын жерін айтатын түсінген Джейк, отбасымен Оматикайадан кетіп, Пандораның шығыс жағалауындағы Меткайина рифтер тайпасына шегінеді. Ол жерде оларға пана беріледі, алайда кейбір тайпаластар оларды адамның гені араласқан «сайтанның қаны» деп санайды. Отбасы риф халқының салтын меңгереді, Кири теңізбен және оның жаратылыстарымен рухани байланыс орнатады, ал Ло'ак тайпа көсемі Тоновари мен оның әйелі Роналдың қызы Тсиреямен достасады.
Ло'ак Тсиреяның ағасы Аонунгпен төбелеседі. Ол Джейктің талабы бойынша кешірім сұрау үшін қайтып келгенде, Аонунг және оның достары оны қауіпті теңіз жыртқышының аумағына саяхаттауға итермелеп, оны тығырыққа тірейді. Лоакты Паякан құтқарып, онымен достасады. Тулкун Меткайиналардың рухани отбасы деп санайтын интеллектуалды және бейбітшілікті көздеген киттәріздің түрі. Қайтып оралған соң, Ло'ак кінәні өзіне жүктеп, Аонунгтың достығын жеңіп алады, бірақ оған Паяканның өз түрінің ішінде шеттетілгені айтылады. Меткайинаның Рух Ағашына барған кезде, Кири анасымен кездесу үшін онымен байланысады, бірақ қатты талмаға ұшырайды. Оны Ронал емдейді, бірақ Джейк Норм Спеллман мен Макс Пателді көмекке шақырғанда, Куоритч олардың архипелагка бағыт алғанын байқап қояды. Спайдерді өзімен бірге алып келіп, ол киттердің ми ферменттерінен жасалынатын амрита деп аталатын қартаюға қарсы препараттарды жасау үшін тулкундарды аулайтын кит аулайтын кемені басқарады. Куоритч жергілікті тайпалардан Джейктің қайда жасырынғаны туралы қатыгездікпен сұрай бастайды; бұл нәтиже бермеген соң, ол кит аулау тобына Джейкті қолға түсіру үшін тулкундарды қасақана өлтіруді бұйырады. Ло'ак ойша Паяканмен байланысады және тулкун өз түрінің салтына қарсы шығып, анасын өлтірген RDA кит аулаушыларына қарсы күрескендіктен қуылғанын біледі.
Меткайиналар тулкундардың өлтірілгені туралы білгенде, Ло'ак Паяканға ескерту үшін жолға шығады, оның артынан оның бауырлары Тсирея, Аонунг және Ротксо келеді. Олар Паяканды кит аулаушылар қуып бара жатқанын көреді. Полковник Ло'ак, Тсирея және Тукты ұстап алады. Балаларына қауіп төнген соң, Джейк, Нейтири және Меткайиналар адамдарға қарсы тұруға аттанады. Куоритч Джейкті берілуге мәжбүрлейді, бірақ Ло'акке қауіп төніп тұрғанын көрген Паякан, кит аулаушыларға шабуыл жасап, шайқас тудырып, экипаждың көпшілігін өлтіріп, кемені суға батырады. Нетейам Ло'акты, Тсиреяны және Спайдерді құтқарады, бірақ өзі оққа ұшырайды. Джейк Кириді кепілге алған Куоритчке тап болады. Нейтири Спайдерге де солай істегенде, Куоритч алдымен онымен қарым-қатынасын жоққа шығарады, бірақ кейіннен баласын құтқармақшы болғанда Кириден айырылып қалады.
Джейк, Куоритч, Нейтири және Тук батып бара жатқан кеменің ішінде қалып қояды. Джейк Куоритчті тұншықтырып өлтіреді. Оны Ло'ак пен Паякан құтқарады, ал Кири Нейтири мен Тукты құтқаруға көмектесу үшін теңіз жануарларын шақырады. Спайдер Куоритчті тауып, оны құтқарады, бірақ оның қатыгездігінен бас тартып, Джейктің отбасына қайта қосылады. Нетейамды жерлеу рәсімінен кейін Джейк Тоновари мен Роналға Меткайинадан кету туралы шешімі туралы хабарлайды. Алайда Тоновари оны тайпаның бір мүшесі ретінде құрметтейді және оның отбасын қалуға шақырады. Джейк пен отбасысы ұсынысты қабыл алып, теңізде жаңа өмірді бастайды және Джейк адамзат басқыншыларымен күресуді жалғастыруға ант береді.
Рөлдерде 450px|нобай|оңға|Солдан оңға қарай: Сэм Уортингтон, Зои Салдана, Джеймс Кэмерон, Сигурни Уивер және Стивен Лэнг. Токиодағы баспасөз мәслихатында
Туынды тарихы Бастамасы 220px|нобай|оңға|Режиссёр Джеймс Кэмерон, 2022 жыл 2006 жылдың маусымында «Аватар» (2009) фильмі шықпас бұрын, режиссёр Кэмерон «фильм сәтті болса», сиквел шығарылуы мүмкін екенін жариялады. 2010 жылдың ақпанның ортасында режиссёр MTV арнасына берген сұхбатында, жалғасын түсіруді бастамас бұрын, студиямен келісім-шартқа қатысты кейбір мәселелерді шешу керек екенін айтты. Кэмерон сонымен қатар «Аватар 2» алдыңғы бөлімнің басты кейіпкерлерінің оқиғасының жалғасы болатынын хабарлады. 2010 жылдың сәуірінде режиссёр «Аватар 2» және «Аватар 3» фильмдеріне қатысты кейбір мәліметтерді жариялады. Атап айтқанда, ол фильмнің басты қойылымы ретінде Пандора мұхитына назар аударуды, сондай-ақ үшінші бөлімнің сюжетіне Альфа Центавраның бүкіл жұлдыздар жүйесін қосу ниетін жариялады. 2011 жылдың қаңтарында Кэмерон екі фильмді бір уақытта түсіріп, аяқтауды көздейтінін, бірақ бір жыл аралығымен шығатынын айтты. Сонымен қатар фильмнің соңына дейін кейіпкерлері аман қалған барлық актерлерді сиквелге түсуге шақырды.
Экранға шығу мәселелері 2010 жылдың қазан айында Variety журналы 20th Century Fox компаниясының басшылығына сілтеме жасай отырып, Кэмерон жұмысты 2011 жылдың басында және түсірілімді күзге жақынырақ бастауы керек болатын, ал жалғасы 2014 жылдың желтоқсанында шығатынын хабарлады. Мұны 2011 жылдың қаңтарында Кэмеронның өзі растады: «Қазір мен «Аватар» франшизасындағы келесі екі фильмнің сюжетін жазу үстіндемін», - деді ол, «... Қазіргі жоспар - 2014 жылғы Рождество мерекесіне сиквелді, 2015 жылғы Рождествода триквелді шығару». Алайда, 2012 жылдың қаңтарында жоба продюсері Джон Ландауға сілтеме жасай отырып, Bleedingcool.com веб-сайты сиквел 2017-2018 жылдарға шегеріліп жатқанын мәлімдеді. Сайттың хабарлауынша, бұл Кэмеронның үш өлшемді «Титаникті» дайындау бойынша қарқынды жұмысымен және жаңа технологиялық әзірлемелердің қажеттілігімен байланысты. 2011 жылдың маусымында Fox News веб-басылымы бұрын айтылған дата туралы хабарлады: «Аватар 2» фильмінің шығуы 2014 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бірақ 2012 жылдың 2 тамызында шығарылым 2015 жылға (немесе кейінірек) кейінге қалдырылғаны белгілі болды, өйткені Кэмерон франшизаның екінші және үшінші бөлімдерін бір уақытта түсіруді жоспарлап отыр.
2016 жылғы жағдай бойынша прокатқа шығу 2018 жылдың желтоқсанына жоспарланған болатын. 2017 жылдың наурызында режиссёр Джеймс Кэмерон фильмнің жалғасын 2019 жылға дейін күтпеу керектігін айтты. Шығару күні кейінірек 2020 жылға ығыстырылды, ал 2019 жылы оның 2021 жылға ауыстырылатыны жарияланды. 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты шығарылым күні 2022 жылдың 16 желтоқсанына ауыстырылды.
Түсірілімге дайындық 2011 жылдың наурызында Кэмерон жергілікті тайпалардың өмір салтын білу және джунглиде өмір сүрудің қандай екенін түсіну үшін актерлермен бразилиялық тропикалық ормандарға экспедиция жасамақшы екені белгілі болды. 2011 жылдың маусымында Кэмерон сценарий жазумен айналысып жатқанын, Оңтүстік Калифорниядағы Манхэттен Бич студиясы түсіру орындарын салып жатқанын айтты. Режиссёр сонымен қатар жаңа анимация әдістерінің дамуын атап өтті, ал продюсер Джон Ландау осы және одан кейінгі фильмдерді түсіру кезінде 700-ден астам жұмыс орны пайда болатынын айтты. Алдыңғы фильмдегідей, сиквелдердің визуалды эффекттерін Weta Digital компаниясы айналысатын болды.
2012 жылдың наурызында бір орындық Deepsea Challenger батискафымен режиссёр Тынық мұхитының шұңғымасы туралы 3D деректі фильм жасау және Пандораның мұхит түбін жасауға шабыт алу үшін Мариана шұңғымасына түседі. Осылайша, Кэмерон соңғы 50 жылда мұндай экспедицияны қолға алған бірінші адам, ал тарихтағы үшінші адам болды.
2012 жылдың қаңтарында Bleedingcool.com веб-сайтында Кэмерон фильмнің кадр жиілігімен эксперимент жүргізбек болғаны туралы ақпарат пайда болды. Егер «Аватарды» 3D түсірілімі секундына 24 кадрмен болса, бұл жолы режиссёр санын алпысқа жеткізуді жоспарлап отыр.
2013 жылдың қазан айында Сэм Уортингтон аустралиялық радиостанцияның эфирінде екінші бөлімнің, дәлірек айтқанда, қалған Аватар квадрологиясының түсірілімі 2014 жылдың қазан айында басталып, тура бір жылға созылатынын айтты. Джеймс Кэмерон 2016 жылдың желтоқсанында, 2017 жылдың желтоқсанында және 2018 жылдың желтоқсанында шығуы жоспарланған үш фильмге бірден материал түсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ актердің сұхбатынан екінші бөлімнің сценарийінің басым бөлігі жазылып қойғаны, қазір алғашқы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды, бұл тікелей алдын-ала дайындықты білдірмейді. Керісінше, жоба егжей-тегжейлі талқылау мен келісу деңгейінде екенін көрсетті.
Бюджеті