Қадырберді қорымы — Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, Сенек ауылынан шығысқа қарай 87 км жерде орналасқан XIX ғасырдағы тарихи-сәулет ескерткіші. Қорымды 1989 жылы «Қазқайтажаңғырту» институтының экспедициясы зерттеген. Қорымда бір кесене және үш сағанатам орналасқан.
Сәулеттік ерекшеліктері
Кесене Қорымның орталық бөлігінде орналасқан №1 кесене оңтүстікке бағытталып салынған. Іргетасы жоқ, екі сатылы аласа тас қаландының үстіне тұрғызылған. Жоспары тікбұрышты, күмбезді және бір бөлмелі болып келеді. Қабырғалары үш қабатты етіп қаланып, ішкі беттері тақта тастармен қапталған.
Кесененің негізгі қасбеті биіктетілген, солтүстік қабырғасының бұрыштық бөліктері де көтеріңкі етіп жасалған. Оңтүстік қасбеті мен қабырға жазықтықтары ұшатас және күрекше тәрізді бедерлермен безендірілген. Кесененің өлшемдері 4,22 × 3,24 м, биіктігі 3,6 м. Құрылыс материалы — құмтас.
Сағанатамдар Бірінші сағанатам қорымның орталық бөлігінде орналасқан және оңтүстікке бағытталып салынған. Жоспары тікбұрышты мемориалдық қоршау түрінде жасалған. Іргетасы жоқ, екі сатылы төменгі тас қаландының үстіне тұрғызылған. Қабырғалары үш қабатты құрылымнан тұрады. Ішкі бөліктері шойтастан қаланып, сыртқы беттері мұқият өңделген жалпақ тастармен қапталған. Сағанатамның ішінде параллелепипед пішінді қойтас орналасқан. Құрылыс материалы — әкті құмтас. Өлшемдері 4,68 × 3,41 м, биіктігі 2,35 м. Төменгі тас қаландылары эрозияға ұшыраған.
Екінші сағанатам құрылымы жағынан алдыңғы сипатталған сағанатамға ұқсас, бірақ бір сатылы төменгі тас қаландының үстіне тұрғызылған. Өлшемдері 4,28 × 2,89 м, биіктігі 1,82 м. Фризіндегі жазуға қарағанда, сағанатам 1865 жылы салынған. Жел эрозиясының әсерінен құрылыстың төменгі бөлігі шөккен. Оңтүстік бөлігінде полихромды бояумен орындалған жазу сақталған.
Үшінші сағанатамның өлшемдері 4,56 × 3,57 м, биіктігі 2,15 м. Есік ойығы П әрпі тәрізді жиектелген. Құрылыстың бұрыштары үш және төрт қырлы баған тәрізді сәулеттік элементтермен ерекшеленеді. Құрылыс материалы — құмтас.Маңғыстау МТМҚ ММ 2009 ж. мұрағат материалдары.
Дереккөздер
Санат:Қарақия ауданы Санат:Маңғыстау облысы сәулеті Санат:Маңғыстау облысы тарихы Санат:Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері