нобай|оңға|Эр-Риядтағы АҚШ пен Ресей делегациялары, 18 ақпан 2025 жыл нобай|оңға|Кездесудегі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио

АҚШ пен Ресей делегацияларының Эр-Риядтағы кездесуі (2025) — 2025 жылғы 18 ақпанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен АҚШ пен Ресей делегациялары арасында ресми келіссөздер. Кездесу екіжақты қатынастарды қалпына келтіру мәселелеріне арналды.

Бұл — Украинадағы соғыс басталғалы бері екі ел арасында болған алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу.

Алғышарттар 2025 жылғы 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында екі елдің басшысы екіжақты қатынастарды талқылап, байланыстарды жалғастыруға келісті. Дональд Трамп Ресей президентінің Сауд Арабиясына ресми сапармен келуін күтіп отырғанын және олардың алғашқы бетпе-бет кездесуін өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

2025 жылғы 15 ақпанда Трамп әкімшілігі Ресейдің қатысуымен Сауд Арабиясында бейбіт келіссөздер өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл жаңалық украин шенеуніктері үшін күтпеген жағдай болды.

2025 жылғы 17 ақпанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздердің негізгі тақырыбы «ресей-америка қатынастарының толық кешенін қалпына келтіру» болатынын хабарлады.

Қатысушылар құрамы Келіссөздерге Ресей делегациясын сыртқы істер министрі Сергей Лавров, президенттің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев бастап барды. Сонымен қатар Ресей тарапының құрамында Ресейдің Сауд Арабиясындағы елшісі мен бірқатар сарапшылар да болды. АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолтц және Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.

Келіссөздер нәтижесі Келіссөздер Эр-Риядтағы Дирия сарайында өтіп, екі ел делегациясы төрт жарым сағат бойы талқылау жүргізді.

Fox News мәліметінше, тараптар Украинадағы қақтығысты реттеудің үш кезеңнен тұратын жоспарын талқылады. Ол атысты тоқтату, Украинадағы сайлау және түпкілікті келісімге қол қоюды қамтыды.

Кездесу барысында тараптар Арктикадағы энергетикалық жобалар бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылады.

Реакция : Ресей президенті Владимир Путин кездесуді достық сипатта өтті деп бағалап, АҚШ тарапынан бірлескен жұмысқа ашықтық байқалғанын атап өтті. Оның айтуынша, келіссөздердің негізгі мақсаты — екі ел арасындағы сенім деңгейін арттыру болды.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майк Уолтц Эр-Риядта өткен келіссөздерді «тарихи» деп сипаттады.

The Hill басылымының мәліметінше, өткен кездесу АҚШ пен Ресей арасындағы қатынастарда елеулі өзгерісті білдіріп, оқшаулау саясатының аяқталғанын көрсетті.

Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерге украин тарапының қатыспауын сынға алып, «Украина қатыспаған кез келген келіссөз нәтижесіз болып саналады, сондай-ақ біздің мүдделерімізге қатысты қандай да бір шешімдер біздің қатысуымызсыз қабылданса, оларды мойындамаймыз» деп мәлімдеді.

BBC пікірінше, өткен кездесу Ресей үшін үлкен дипломатиялық жетістік болды.

Дереккөздер

Санат:Ресейдің Украинаға басып кіруі кезіндегі дипломатия Санат:АҚШ және Ресейдің Украинаға басып кіруі