Джой Аннабель Уомак () — америкалық балет әртісі. Ол – Үлкен театр жанындағы балет академиясының негізгі оқу бағдарламасын қызыл дипломмен тәмамдаған алғашқы америкалық әйел және Үлкен театр балетімен келісімшартқа отырған алғашқы америкалық әйел. Ол Юниверсал балет, Мәскеу Кремль балеті театры, Астрахан мемлекеттік опера және балет театрларында прима-балерина болды және 2023 жылдың қаңтарында Париж опера балетімен мерзімді келісімшартқа отырды.
Өмірбаяны Уомак тоғыз баланың бірі болып Калифорния штаты, Беверли-Хиллз қаласында дүниеге келген, Санта-Моникада өскен. Ол Westside School of Ballet мектебінде Ивонн Маунсидің жетекшілігімен балет үйренді. Он екі жасында отбасымен Техас штаты, Остин қаласына көшті. Ата-анасы оған Остин аймағынан орыс балеті мұғалімін тауып берді.
Ол Киров балет академиясы мектебінде дайындықтан өтті, кейін 2009 жылы Мәскеудегі Үлкен театр жанындағы балет академиясына оқуға түсті. Академия оқытушылары оны сол жылы жазғы интенсив кезінде байқап, шақырған болатын. Ол кезде Уомак 15 жаста еді. Академиядағы бірінші жылдан бастап ол Үлкен театрының негізгі әртістерімен бірге арнайы гала-концертте өнер көрсету үшін таңдалған студенттер тобының қатарына енді. Уомак сүйек жарақатына байланысты ота қажет болғанына қарамастан, сахнаға шықты. Кейінірек Мәскеудегі ағылшын тілді шіркеудің бір мүшесі оның операциясын төлеуге көмектескен соң, ол қажетті медициналық көмекті алды.
Мансабы Джой Аннабель Уомактың классикалық репертуарына Жизель балетіндегі Жизель рөлі, Шақылдақ балетіндегі Маша рөлі, Диана мен Актеон дуэті және Мың бір түн балетіндегі Будур ханшайым рөлі кіреді.
2013 жылдың қарашасында Уомак Известия газетіне берген сұхбатында Үлкен театр балетінен кететінін мәлімдеді. Ол театрда жемқорлықтың кең тарағанын айтты. Сұхбат барысында ол сол жылдың қыркүйек айындағы спектакльде жеке рөл алу үшін белгісіз бір режиссердің одан пара талап еткенін мәлімдеді. Кейбір әртістер, мысалы, Александр Петухов, бұл айыптауларды жоққа шығарып: «...Егер ол бір нәрсе білсе, онда сол адамдардың атын атауы керек. Театрды осылай қаралау дұрыс емес», – деп пікір білдірді. Бірақ басқалары, соның ішінде Наталья Выскубено, Уомактың айтқанын қолдады.
2014 жылы, 19 жасында, ол Мәскеудегі Кремль балет театрының жетекші балеринасы атанды. Ол бұл театрдан 2017 жылы кетті. 2018 жылы Уомак Оңтүстік Кореядағы Юниверсал балет театрында жетекші балерина ретінде өнер көрсетті. Сонымен қатар, ол София ұлттық опера және балет театрында, Краков опера және балет театрында және Ресей мемлекеттік балетінде шақырылған әртіс ретінде өнер көрсетті. 2019 жылы ол Бостон балет құрамына әртіс ретінде қосылды. Келесі жылы ол Астрахань опера және балет театрына прима-балерина ретінде шақырылды.
Уомак Project Prima атты компанияны құрды. Бұл би және спортшыларға арналған арнайы тағамдық қоспалар шығаратын компания болды. Алайда, 2021 жылдың қазан айынан бастап Project Prima қызметін тоқтатты.
2014 жылы ол Cloud and Victory сән брендінің моделі болды. Сондай-ақ, ол би киімі мен балетке арналған жабдықтар шығаратын Gaynor Minden компаниясының Gaynor Girl Pro елшісі болды. 2020 жылы Gaynor Minden Уомакты брендтің Әртіс-Атташесі деп жариялады .
Уомак «Joy Womack: The White Swan» атты деректі фильмде түсті. Бұл фильмді Дина Бурлис, Данила Кузнецов және Сергей Гаврилов түсірді. Ол Уомактың Американың жас қызы ретінде басталған жолынан Кремль балетінің прима-балеринасына айналғанға дейінгі саяхатын баяндайды. Фильм 2020 жылдың маусымында Канн кинофестивалінің Marché du Film бөлімінде алғаш рет көрсетілді және 2021 жылдың соңында жарыққа шықты.
2024 жылы Жаңа Зеландиялық режиссерлар Джеймс Нэйпиер Робертсон мен Том Херн Уомактың Үлкен театр балет құрамындағы өмірі туралы Джойка атты биографиялық фильм түсірді. Уомак бұл фильмде хореограф және кеңесші ретінде жұмыс істеді. Басты рөлді кәсіби дайындықтан өткен биші әрі актриса Талия Райдер сомдады. Уомак оның би бойынша дублері және жаттықтырушысы болды. Бұл рөлге дайындалу үшін Райдер Уомакпен және Нью-Йорк Сити балетінің жетекші бишісі Дэниел Ульбрихтпен жұмыс істеді. Фильмде Уомактың балеттегі ұстазы мен тәлімгері рөлін Диана Крюгер сомдады. Түсірілім 2022 жылдың басында Польшада басталды.
Жеке өмірі Джой Аннабель Уомак Ресейде тұрып, жұмыс істеген кезінде орыс тілін жетік меңгерді. Ол – христиан.
2020 жылдың 30 қыркүйегінде Уомак өзінің жеке YouTube арнасы арқылы Эндрю Хейл Клэйге тұрмысқа шығатынын жариялады.
Дереккөздер
Санат:АҚШ балериндері