Василий Владимирович Горбунов (Пурьгине лақап аты арқылы да белгілі, ; 13 тамыз 1914 жыл, Лобаски, Төменгі Новгород губерниясы – 11 желтоқсан 1983 жыл, Мәскеу) — эрзя әдебиеттанушысы, жазушы, сыншы және педагог.

Филология ғылымдарының докторы (1970) болған Горбунов, оған қоса, профессор (1982) және КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1953) еді.

Өмірбаяны Ерте жылдары Горбунов 1914 жылғы 31 шілдеде (13 тамызда), Лобаски ауылындағы шаруалар отбасында дүниеге келген. Ұлты — мордва (эрзя). Әкесі — коммунист және қызылдар командирі Владимир Яковлевич Горбунов, Азаматтық соғыс кезінде қайтыс болды. Туған ағасы Иванмен бірге Василий ауылда ауыр жұмыспен айналысты. 1928 жылы бастауыш мектебін бітірген Горбунов кейін Төменгі Новгород губерниясының Лукоянов уезіндегі Большая Арать шаруа жастар мектебінде оқитын болды. 1930 жылы Горбунов Лукоянов мордва педтехникумына қабылданды, алайда бір жылдан кейін ол жерден кетіп, өз ауылындағы тракторшылар колхозында орыс тілін оқытатын болды.

Білімі 1933 жылы Горбунов Саранск педагогикалық институты (қазіргі А. И. Полежаев атындағы Мордовия мемлекеттік педагогикалық институты) әдебиет факультетінің мордва бөліміне қабылданды, оқуын 1937 жылы аяқтады. 1937–1938 жылдары ол — Саранск педагогикалық училищесінде оқытушы. Репрессияланып, ол 1939 жылы босатылған. 1940 жылдан 1944 жылға дейін Горбунов Инсар педагогикалық училищесінде оқытты, ол жерде меңгеруші де, директор да болды. Орыс тілі, мордва тілі мен әдебиетін оқытқан ол осылайша тәжірибелі методист атанды. 1943 жылы ол БК(б)П мүшесі болды. Соғысқа дейінгі жылдары ол ауыл тілшісі жазбалар жариялайтын, өлеңдер мен мәтіндер жазатын.

Партиялық және педагогикалық мансабы 1943 жылы Горбунов БЛКЖО Мордва облыстық атқарушы комитетінің хатшысы болып сайланды, бір жылдан кейін БК(б)п Мордва облыстық комитетіне тағайындалды, ол жерде хатшы және 1-хатшының көмекшісі болды. Партиялық жұмысына қарамастан, Горбунов мұғалімдер алдында сөз сөйлейтін, мордва әдебиетшілерімен кездесетін. 1945 жылы Горбунов БК(б)п ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебіне қабылданды. Мектептің қайта құрылуы барысында ол БК(б)п ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспиранты болды, 1946–1950 жылдары сол жерде білім алды. 1949 жылы ол «Шындыққа негізделген орыс әдебиетінің даму жолы үшін Н. Г. Чернышевскийдің күресі» диссертациясын сәтті қорғап, орыс әдебиетінің сыны және мордва әдебиетімен айналысатын болды. 1950–1959 жылдары ол — Мордва АКСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Тіл, әдебиет, тарих және экономика ғылыми зерттеу институтының директоры, облыстық партия мектебіндегі әдебиет кафедрасының басшысы және «Изнямо» («Жеңіс») әдеби-көркемдік альманахының редакторы. Горбунов ғылымдар кандидаттары мен докторларын дайындауға уақыт бөлетін, олардың біразы кейін Мордва АКСР экономикасы, мәдениеті және біліміне біраз үлес қосты. ҒЗИ ұжымы Еділ маңы автономиялары мен Мәскеу ғалымдарын жақын қылып, тіл және әдебиет, тарих және экономика, этнография және археология жайлы кітаптар шығаратын.

1958–1972 жылдары ол Мордовия мемлекеттік университетінің аға оқытушысы және доценті болды, ол жерде мордва әдебиетінің тарих-әдебиет курсын беретін, социалистік реализм және орыс әдеби сын тарихын оқытатын. 1972–1983 жылдары Горбунов Мәскеудегі РКФСР Білім министрлігі Ұлттық мектептер ғылыми-зерттеу институтының ана тілі мен әдебиеті әдістемесі секторының меңгерушісі болды. Ол жерде ол РКФСР ұлттық мектебінің даму тарихында алғаш рет РКФСР-дің автономиялық республикалары мен облыстарында туған әдебиеттерді зерттеу мәселелерімен айналысатын ғылыми ұжым ұйымдастырды. 1970 жылдардың ортасына қарай Горбунов жаңа ғылыми мектептің концептуалды принциптерін және оларды жүзеге асыру жолдарын әзірледі.

Ғылыми еңбектері Ғалым ретінде Горбунов мордва әдебиеттану тақырыбына арналған 100-ден астам еңбектері (1940 жылдардан бастап) және ұлттық мектептерде филология пәндерін оқыту әдістемесі бойынша 30-ға жуық еңбектері (1970–1980) жариялауымен танымал. Горбуновтың «Мордовия әдебиетінің даму жолдары» (1949), «Мордовия социалистік поэзиясының қалыптасуы туралы» (1953), «Қайта туған халық әдебиеті» (1957), «Мордовия халық әндері» (1957), «Өсу жолында» (1960) және т.б. еңбектері бар.

1963 жылы Горбунов «Өмір даусы» еңбегінде мордва ақындары, соның ішінде А.Эскин, П.Торопкин, М.Трошкин, И.Шумилкин, А.Тяпаев, И.Калинкин, С.Кинякин сияқтылардың кескінін құрды, мордва жазушылары жайлы да жазды.

Оқу құралдары Горбунов — жалпы білім беретін мектептер мен жоғарғы оқу орындарына арналған алғашқы оқулықтар мен хрестоматиялардың авторы. 1950 жылы ол Н.П. Дружининмен бірге ұлттық мектеп үшін 8–10-сыныптардың мордва әдебиеті бағдарламасын құрастырды. 1952 жылы 8-10-сыныптары үшін тұңғыш «Мордовской советской литературась» («Мордва кеңестік әдебиеті») оқулығы жарық көрді.

Драматургия Горбунов әдебиетте драмалық шығармалар сериясының авторы ретінде өз ізін қалдырды, олардың ішінде «Эрямонь юрсто» («Өмір негізінде», 1966), «Кадалиця» («Бос гүл», 1968), «Валскесь кирвайсь» («Күннің басы») және басқа да көптеген пьесалар ерекшеленеді.

Марапаттары Горбунов К.Д.Ушинский медалімен, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, Мордва АКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, РКФСР Оқу министрлігінің және БЛКЖО Орталық Комитетінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Еске алу Горбунов 1983 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеуде қайтыс болып, Саранск қаласында жерленген. Қайтыс болғаннан кейін оның екі кітабы жарық көрді: Мордовия әдебиетінің қазіргі заманғы даму процестерін зерттеу туралы «Тану» (1984) кітабы және И. М. Яушевтің көркем өмірбаяны бар «Морыцянть од поразо» («Әнші жас», 1988) кітабы.

Әдебиет Просветители и педагоги мордовского края / Құрған: М. Т. Бибин, Е. Г. Осовский. — Саранск: Мордовия кітап баспасы, 1986.

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

Санат:Н. П. Огарёв атындағы Мордовия мемлекеттік университеті түлектері Санат:Филология ғылымдарының докторлары Санат:Алфавит бойынша тұлғалар Санат:Алфавит бойынша редакторлар Санат:КСРО редакторлары Санат:Журнал редакторлары Санат:Алфавит бойынша әдебиеттанушылар Санат:КСРО әдебиеттанушылары Санат:Алфавит бойынша әдебиет сыншылары Санат:КСРО әдебиет сыншылары Санат:Алфавит бойынша жазушылар Санат:КСРО жазушылары Санат:Мордовия жазушылары Санат:Алфавит бойынша ғалымдар Санат:Саранскіде жерленгендер Санат:КСРО-да репрессияланған филологтар Санат:КОКП мүшелері Санат:Мектеп оқулықтарының авторлары Санат:Эрзя жазушылары Санат:КСРО жазушылар одағы мүшелері Санат:Н. П. Огарёв атындағы Мордовия мемлекеттік университеті оқытушылары Санат:Мордовия Республикасының Үкіметі жанындағы гуманитарлық ғылымдар институты директорлары