Телғараев Сейфолла Пірімұлы (14 желтоқсан 1910, Қызылорда – 25 тамыз 1975, Алматы) – актер, педагог, Қазақ КСР-інің халық артисті (1958).

Өмірбаяны Ташкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген.

1931 жылы Мәскеудегі Жұмысшы жастар театрына режиссерлер даярлайтын курсты бітіргеннен кейін 1932 жылы Қазақстан Өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Қарағанды қаласында Жұмысшы жастар театрын ұйымдастырып, оның көркемдік жағын басқарды.

1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етті. Осы театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлдерінің бірі – І.Жансүгіровтің «Кек» драмасындағы Тастабан.

1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамымен Қазанда, Уфада, Нүкісте және Бішкек қаласында өнер көрсетті. Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы театр студиясында педагогикалық қызметпен де шұғылданды.

Ойнаған рөлдері Ол, негізінен, комедиялық рөлдерде ойнаған. Осы бағыттағы басты рөлдерінің бір тобы: Жапал, Қараман, Шал (М.Әуезов, «Еңлік – Кебек», «Қара қыпшақ Қобыланды» мен «Айман – Шолпан»), Тымақбай (Ғ.Мүсірепов, «Амангелді»), Жайнақ (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Баймағамбет, Жиренше (Әуезов пен Л.С. Соболевтің «Абайы»), Жартыбай (Ә.Әбішев, «Қырағылық»), Yдері (Ш.Хұсайынов, «Марабай»), Байбол (Ә.Тәжібаев, «Той боларда»), Дауылбай (Қ.Мұхамеджанов, «Құдағи келіпті»), Құдайберген, Маңғаз (Т.Ахтанов, «Сәуле» мен «Күтпеген кездесу»), Минутка (Б.Ф. Чирсков, «Жеңімпаздар»), Бобчинский (Н.В. Гоголь, «Ревизор»), Лафлеш (Ж.Б. Мольер, «Сараң»), Родриго, Грумио (У.Шекспир, «Отелло» мен «Асауға тұсау»), т.б. Актер өнері көрерменді баурап алар табиғи ойынының және ақжарқын, нұрлы юморының молдығымен ерекшеленді.

1942 жылдан киноға түскен: Көкбай («Абай әні», 1945), Мақсұт («Дала қызы», 1954), Сайран («Біз осында тұрамыз», 1957), Хакім («Өмір жолы», 1959), Ербол («Алдар Көсе», 1964), т.б.

Фильмографиясы 1945 - Абай әндері - Көкбай 1954 - Дала қызы - Мақсұт 1955 - Қыз-жігіт - Мұрат 1959 - Өмір жолында - Хәкім 1960 - Бір ауданда - Нұранбеков 1961 - Көкжиек - қойшы 1961 - Ән шақыруда - завклуб 1962 - Жол түйісі - халық мәслихатшысы 1964 - Алдар көсе - Ербол 1966 - Ән қанатында - жігіт 1971 - Ерекше күн - Әсем аға 1972 - Арман асуы - эпизод

Марапаттары Қазан Революциясы және Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII томҚазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

Дереккөздер