«Бишоп Окленд» (;) — Англияның Бишоп-Окленд қаласында орналасқан кәсіби футбол клубы. Команда Northern Premier League Division One East лигасында ойнайды.
Тарихы
Құрылуы және алғашқы жылдары
1882 жылы Кембридж және Оксфорд университеттерінің студенттері, Дарем епископының резиденциясында оқып жүрген семинаристер, Бишоп Окленд Черч Институт деп аталатын команданы құрды. Құрылтайшы студенттер жаңа команданың шығу тегін көрсету үшін клуб түстері ретінде Кембридж бен Оксфордтың көк түстерін таңдады. Кейінірек туындаған келіспеушіліктердің нәтижесінде 1886 жылы Окленд Таун атты бөлек команда құрылды. Осы өзгерістерден кейін болашақта Бишоп Окленд футбол клубы пайда болды. Құрылғаннан кейін сегіз күн өткен соң клуб ойын формасы ретінде патшалық көк пен ақ түсті таңдады, кейінірек бастапқы Черч Институт командасының дәстүрлі түстеріне – ашық (Кембридж) және қою (Оксфорд) көкке ауысты. Бұл түстер Оксбридж университеттерін және Бишоп-Оклендтегі футболдың бастауын білдірді.
1889 жылы Окленд Таун әлемдегі екінші ескі футбол лигасы – Northern League-тің он негізін қалаушысының бірі болды. Алғашқы маусым айтарлықтай табыссыз өтті, команда сегізінші орын алды, ал алғашқы чемпиондықты Дарлингтон Сент-Августинс клубы жеңіп алды. 1891–1893 жылдары команда лига жарыстарына қатысқан жоқ, бірақ осы кезеңде клуб алғашқы жүлдесін – Durham County Challenge Cup-ты 1892 жылы жеңіп алды.
1893 жылы команданың атауы Бишоп Окленд болып өзгертілді және осы атаумен клуб қайтадан Northern League-ке қосылды. Келесі екі маусымда да елеулі жетістіктер болмады – екі рет соңғы орындардың бірінде аяқтады.
1895–96 маусымында Бишоп Окленд ұлттық деңгейдегі алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Amateur Cup финалында Royal Artillery Portsmouth клубын 8–0 есебімен ойсырата ұтты. Келесі бірнеше маусымда команда лигадағы көрсеткішін жақсартып, 1898–99 жылдары алғаш рет Northern League чемпионы атанды. Сол жылы екінші рет Durham County Challenge Cup жүлдесін иеленді.
Бишоп Окленд өңірдің талантты футболшылары үшін тартымды клубқа айналғаны айқын болды. Олар кейінгі кезеңде Northern League-ті тағы бес рет жеңіп алды және Amateur Cup финалына тағы алты рет шықты. Бұл жолы да табысқа жетіп, 1900 жылы Лоустофт Таун клубын 5–1 есебімен, ал 1914 жылы Нотерн Номадс командасын 1–0 есебімен жеңді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда футбол тоқтатылды.
Соғыстан кейін Бишоп Окленд жақсы нәтижелерін жалғастырды. 1919–20 маусымында лигада екінші орын алды, келесі маусымда чемпион болды, ал одан кейінгі екі маусымда тағы да екінші орынға тұрақтады. Осы кезеңде олар Amateur Cup-ты тағы екі рет ұтып алды: 1921 жылы Суиндон Виктория (4–2) және 1922 жылы қосымша уақытта Саут Банк (5–2) клубтарын жеңді.
Келесі ірі жетістік он жылдан кейін келді. 1931 жылы клуб лига чемпионы атанып, Durham County Challenge Cup жүлдесін де қатар алды. 1935 жылы тағы да Amateur Cup финалына шығып, алғашқы ойын тең аяқталғаннан кейін қосымша матчта Уимблдон клубын 2–1 есебімен жеңді.
1938–39 маусымы клуб тарихындағы ең сәтті жылдардың бірі болды. Болашақта Ливерпуль клубының ойыншысы әрі бапкері болатын Боб Пейсли оң жақ қорғаушы ретінде ойнаған команда тарихи үштікті жеңіп алды: Northern League чемпиондығы, Durham County Challenge Cup және FA Amateur Cup. Amateur Cup финалы Рокер Парк алаңында өтіп, онда Бишоп Окленд қосымша уақытта Веллингтон клубын 3–0 есебімен жеңді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Бишоп Окленд он бірінші рет Amateur Cup финалына шықты, бірақ Барнет клубынан 3–2 есебімен жеңілді. Келесі маусымда, 1946–47 жылдары, олар тағы да Northern League чемпиондығын жеңіп алды. Ал 1948–49 жылдары қатарынан екі маусым бойы күміс жүлдегер атанды: алдымен Феррихилл Атлетик, содан кейін Эвенвуд Таун клубтарына жол берді.
Табысты кезең
1950-жылдар Бишоп Окленд клубының ең табысты кезеңі болды. Алғашқы үш маусымда қатарынан Northern League чемпионы аттанды. 1950 және 1951 жылдары Amateur Cup финалына жетіп, финалда жеңілді. 1953 жылы Бишоп лигада екінші орын алды, бірақ кейінгі үш маусымда қатарынан чемпион болды, ал сол үш ретте де Крук Таун күміс жүлдегер атанды. 1954 жылғы Amateur Cup финалында Бишоп қарсыласы Крук Таунмен қайта жолығып, бірақ 1–0 есебімен жеңіліп қалды.
Келесі үш маусымда Amateur Cup тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Бишоп Окленд қатарынан үш рет финалда ойнап қана қоймай, әр жолы кубокты жеңіп алды. Қарсыластары: 1955 жылы Хендон (2–0), 1956 жылы Коринтиан-Кэжуалз (қосымша уақыттағы 1–1-ден кейін қайта ойында 4–1), 1957 жылы Уиком Уондерерс (3–1). Соңғысы – Бишоптың Amateur Cup-тағы соңғы жеңісі болды. Дегенмен, 1950-жылдардағы табыстар мұнымен шектелген жоқ. 1956 жылы клуб тағы да Durham County Challenge Cup иегері атанды.
Клуб тарихындағы ең керемет маусымдардың бірі 1954–55 жыл болды. Ол кезде Бишоп Окленд бірден төрт жүлдені жеңіп алды: Northern League Division One, Northern League Cup, FA Amateur Cup, сондай-ақ Англия кубогының 4-раундына дейін жетті. Онда олар Йорк Сити клубына жол берді. Кейін Йорк жартылай финалда Ньюкасл Юнайтедтен ұтылды. Бұл кезеңде Бишоп Окленд Англиядағы ең ерекше әуесқой клубтардың біріне айналды. Олар бірнеше рет Уэмбли алаңында ойнады, жанкүйерлер саны да өте көп болды. 1954–55 жылғы FA Amateur Cup финалына 100 000 көрермен жиналды.
1960 жылы клуб көршілес Вест Окленд Таун клубынан кейін екінші орын алды. Ал 1967 жылы Northern League, League Cup және Durham County Challenge Cup жеңіп, алғаш рет «жергілікті үштікті» (treble) орындады. Сол жылы клуб Англия кубогында 11 ойын өткізді. 2-раундтағы қайта ойында Галифакс Таун клубынан 7–0 есебімен ойсырай жеңілді.
1970-жылдары клубтың табысы күрт төмендеді, тек 1975–76 маусымында League Cup жеңісі ғана тіркелді.
1980-жылдары клуб тағы да табысқа жетті. 1985 және 1986 жылдары қатарынан лига мен графтық кубогын жеңіп алды. 1988 жылы 6-орын алған соң, клуб басшылығы дамудың жаңа деңгейіне шығу керек деп шешіп, Northern League-тен шығып, Northern Premier League-ке өтті. Сол маусымда тағы да Durham County Challenge Cup жеңімпазы болды.
Премьер-дивизионға көтерілу
Northern Premier League-тегі дебюттік маусымында команда Бірінші дивизионда өз ізін қалдырып, күміс жүлдегер атанып, сол арқылы Премьер-дивизионға жолдама алды. Келесі маусымдарда да олар өз деңгейін жоғалтпай, 1997 жылы Northern Premier League Premier Division-да 2-орын алып, клуб тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Сол маусымда команда тағы да графтық кубокты жеңіп алды.
2002 жылы алаңның техникалық талаптарға сәйкес келмегендігінен төменгі дивизионға түсіп қалды. Кейіннен Бишоп Окленд қайта күш жинап, 2004 жылғы лига құрылымындағы өзгерістер нәтижесінде Премьер-дивизионға оралды. Алайда алаң мәселесі шешілмей, сонымен қатар ойыншыларға арналған бюджет бір бөлігі Спеннимур Юнайтед пен Шилдон клубтарына жалдау ақысына жұмсалғандықтан, сапалы футболшыларды тарту қиындай түсті. Келесі маусымда команда қатарынан екінші рет төмендетіліп, 2006–07 маусымына Northern League-ке қайта оралды.
Northern League-ке оралу
Бишоп Окленд командасы Шилдон клубымен алаңды бөлісу келісімін сақтай отырып, қайтадан Northern League-ке оралды. Бұл төмендетуден кейін қаржы балансын сақтап қалуға тырысқан клуб үшін менеджердің ойыншыларға арналған бюджетіне елеулі ықпал етті. Менеджер маусымнан үлкен үміт күткенімен, маусым басынан-ақ Бишоп Окленд кестенің жоғарғы бөлігінде күресе алмайтыны анық болды. Жаман емес, бірақ айтарлықтай әсерлі де емес маусымның қорытындысы бойынша Бишоп Окленд командасы төменгі аймақтан 18 ұпай айырмашылықпен 16-орынға тұрақтады.
Келесі маусым одан да қиын болды. Клуб ойыншыларға арналған бюджетті одан әрі қысқартуға мәжбүр болды. Соның салдарынан алаңдағы нәтижелер нашарлай түсті. Маусым соңында клуб 20-орынға түсті. Әдетте бұл төмендетуді білдіретін еді, бірақ Дарем Сити клубы Northern Premier League-ке көтерілуге келісім бергендіктен, Бишоп Окленд лигада орнын сақтап қалды.
2008–09 маусымы клуб үшін сәтті болды. Клуб Вест Окленд Таун клубымен алаңды бөлісу туралы келісімге қол қойды. Лигадағы маусым өте сәтсіз басталғанымен, қараша айында жаңа алаң салу жоспарына рұқсат берілді. Дегенмен клуб турнир кестесінің соңында қалды. Басшылық шешім қабылдап, ақпанда жаңа менеджер Колин Майерсті тағайындады. Колиннің алғашқы ойынына дейін Бишоп Окленд қауіпсіз аймақтан 10 ұпай артта болған. Бірақ келесі жиырма ойында команда 26 ұпай жинап, маусымды 18-орында – құлдырау аймағынан жеті ұпай алда аяқтады. Бұл бірнеше ғана жаңа ойыншы қосылса да, нағыз керемет жетістік болды.
2013 жылы Бишоп Окленд Durham Challenge Cup кубогын жеңіп алды, финалда көршілері әрі FA Vase иегері Спеннимур Таун клубын жеңді.
2023–24 маусымында Бишоп Окленд Northern League Division One чемпионы атанып, жоғарғы дивизионға көтерілді .
Жетістіктері FA Amateur Cup Жеңімпаз: 1895–96, 1899–1900, 1913–14, 1920–21, 1921–22, 1934–35, 1938–39, 1954–55, 1955–56, 1956–57 Northern League Division One чемпионы: 1898–99, 1900–01, 1901–02, 1908–09, 1909–10, 1911–12, 1920–21, 1930–31, 1938–39, 1946–47, 1949–50, 1950–51, 1951–52, 1953–54, 1954–55, 1955–56, 1966–67, 1984–85, 1985–86, 2023–24 League Cup жеңімпазы: 1949–50, 1950–51, 1952–53, 1953–54, 1954–55, 1959–60, 1966–67, 1975–76 Amateur чемпионы: 1905–06 Durham Challenge Cup Жеңімпаз: 1891–92, 1898–99, 1930–31, 1938–39, 1951–52, 1955–56, 1961–62, 1966–67, 1984–85, 1985–86, 1987–88, 1996–97, 1998–99, 2000–01, 2001–02, 2012–13
Дереккөздер
Санат:Англия футбол клубтары