Әлмұқан Оспанұлы Сембинов (21 сәуір 1924, Жаңабірлік, Ақмола облысы, Қазақ АКСР — 10 ақпан 1972, Целиноград, Қазақ КСР) — кеңестік әскери қызметші, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Даңқ орденінің толық кавалері, 2-Беларусь майданы 50-армиясы құрамындағы 362-атқыштар дивизиясының 1210-атқыштар полкінің жаяу барлау взводының барлаушысы, қызыләскер.

Өмірбаяны 1924 жылғы 21 сәуір күні Ақмола уезінің Жаңабірлік ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Тарақты руынан шыққан.

10 сыныпты бітірген. 18 жасынан әскерге шақырылды. 1942 жылғы ақпаннан бастап Қызыл Армия қатарында, Ұлы Отан соғысының майданында болды. 1943 жылдан бастап ұрыс қимылдарына тікелей қатысты. 362-атқыштар Қызыл Тулы, Суворов орденді Жоғарғы Днепр дивизиясының 121-атқыштар полкі құрамында 1- және 3-Беларусь майдандарында соғысты. Полктік барлауда қызмет атқарды. Алғашында қатардағы жауынгер, кейін барлау взводы бөлімшесінің командирі, сержант болды. 1944 жылдан ВКП(б)/КПСС мүшесі.

Майдандағы ерлік әрекеттері үшін Әлмұқан Сембинов Қызыл Жұлдыз орденімен және Даңқ орденінің үш дәрежесімен — 3-, 2- және 1-дәрежелерімен марапатталды. Даңқ орденінің үш дәрежесінің иегерлері Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілді. Ұлы Отан соғысына қатысқан миллиондаған жауынгерлердің ішінен Алтын Жұлдыз иегерлері 11 мыңнан астам болса, Даңқ орденінің үш дәрежесіне небәрі 2656 адам, соның ішінде 136 қазақстандық ғана ие болды. Бұл орден тек жеке ерлігі үшін қатардағы жауынгерлерге, сержанттар мен старшиналарға берілді (әскери бөлімдер мен құрамалар марапатталмады).

Ә. Сембиновтың майдандық жолы А. Потапов пен С. Честновтың 1974 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Солдаттық ерлік» кітабында баяндалады. Онда Қазақстаннан шыққан Даңқ орденінің толық кавалері болған 136 батырдың жауынгерлік өмірбаяндары қамтылған. «Борыш үні» очеркінде Әлмұқан Сембиновтың батылдығы, бастамашылдығы мен ержүректігін айқындайтын жекелеген эпизодтар суреттеледі.

1210-атқыштар полкінің жаяу барлау взводының барлаушысы қызыләскер Әлмұқан Сембинов 1944 жылғы 27–28 маусымда Беларусьтің Могилёв облысындағы Быхов қаласынан 8 км оңтүстік-батыста орналасқан Старая Травна-Прибор елді мекені маңында Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өткел салып өтті де, барлаушылармен бірге Быхов қаласына тұтқиылдан кірді. Ұрыста бірнеше қарсыласты жойды. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 1944 жылғы 15 тамызда Даңқ орденінің 3-дәрежесімен марапатталды.

1944 жылғы 29 тамызда Күлеше елді мекені маңында (Польшаның Ломжа қаласынан 45 км солтүстік-шығыста) басып алу тобы құрамында жау траншеясына кіріп, автоматпен екі солдатты жойып, біреуін тұтқынға алды. Тұтқынды алып шығу кезінде барлаушылардың шегінуін жапқанда онға жуық жау автоматшысын жойды. Осы ерлігі үшін 1944 жылғы 3 қыркүйекте Даңқ орденінің 2-дәрежесімен марапатталды.

1945 жылғы қаңтар–ақпан айларындағы ұрыстарда жаяу барлау взводы бөлімшесінің командирі А. Сембинов шебер әрі батыл қимылдары үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

1945 жылғы 17 сәуірде 1210-полктің жаяу барлау взводы бөлімшесінің командирі қызыләскер Әлмұқан Сембинов барлаушылармен бірге Франкфурт-на-Одер қаласынан 12 км оңтүстік-батыстағы Мюльрозе елді мекеніне кіріп, тоғыз солдатты тұтқынға алды. Шайқаста жараланса да, бөлімшені басқаруын жалғастырды. 1945 жылғы 22 сәуірде Одeр өзенінің сол жағалауындағы Бернис-Бухолс маңында (Мюльрозеден батысқа қарай) жау тылында тосқауыл құрып, штабтық машинаны тұтқиылдан басып, екі қарсыласты жойып, біреуін тұтқынға алды. 1945 жылғы 26 сәуірде Шеспцинг елді мекені маңындағы тосқауылда бөлімше бронетранспортерді істен шығарып, үш жау солдатын тұтқынға алды.

1945 жылғы 15 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс басқыншыларына қарсы шайқастарда командование тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін қызыләскер Әлмұқан Оспанұлы Сембинов Даңқ орденінің 1-дәрежесімен марапатталып, Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Соғысты Эльба өзенінде, Рудерштадт қаласы маңында аяқтады.

1945 жылғы желтоқсанда демобилизацияланып, туған Ақмоласына оралды. Қалалық партия комитетінде нұсқаушы, кейін комсомол қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Есілдің сол жағалауындағы саябақта (қазіргі Астана паркі) балалар темір жолының салынуы оның бастамасымен жүзеге асты. 1948 жылы жауынгерлік наградаларына қоса Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Кейін Жоғары партия мектебін, 1951 жылы сырттай педагогикалық институтты бітірді. Ақмола — Павлодар темір жолы құрылысының саяси бөлім бастығының орынбасары, құрылыс техникумының директоры болып еңбек етті, өмірінің соңғы кезеңінде Автомобиль жолдары министрлігінің оқу комбинатын басқарды.

Естелік Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Даңқ ордендерінің 1-, 2-, 3-дәрежелерімен, сондай-ақ медальдармен марапатталған. Целиноград қаласының Құрметті азаматы атағына ие.Әлмұқан Оспанұлы Сембинов — Память народа сайты.

1972 жылғы 10 ақпанда қайтыс болды, Астана қалалық зиратында жерленген.

Даңқ орденінің толық кавалері Әлмұқан Сембиновтің есімі Қазақстан астанасы Астана қаласындағы бір көшеге берілген.

Әлмұқан Сембиновтің Даңқ ордендері мен Қызыл Жұлдыз ордені Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде (Астана залы) экспозицияда сақтаулы.

Дереккөздер

Санат:Астананың құрметті азаматтары Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары Санат:КОКП мүшелері Санат:КОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебі түлектері Санат:Еуразия ұлттық университеті түлектері