«Берлинді алғаны үшін» медалі () — КСРО мемлекеттік марапаты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 9 маусымдағы «Будапештті алғаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медалдарын белгілеу туралы» Жарлығымен белгіленген. Медал суретінің авторы — суретші А. И. Кузнецов.

Бұл марапат Ұлы Отан соғысының соңғы кезеңінде нацистік Германия астанасын басып алуының құрметіне тағайындалды. Медал туралы ережеге сәйкес, онымен Берлинді шабуылдап алуға тікелей қатысқан кеңес әскери қызметшілері, сондай-ақ осы қаланы алу жөніндегі жауынгерлік операцияларды ұйымдастырушылар мен басшылар марапатталды. Әртүрлі дереккөздердің мәліметі бойынша, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталғандардың саны шамамен 1 100 000 адамды құрады.

«Берлинді алғаны үшін» медалі — КСРО-ның соғысқа дейінгі аумағынан тыс орналасқан қалаларды алғаны үшін тағайындалған жеті кеңестік марапаттың бірі.

Тарихи мәнмәтін 1945 жылғы 16 сәуірде тарихшылардың бағалауынша Екінші дүниежүзілік соғыстағы шешуші әрі ең ірі операциялардың бірі болған Берлин операциясы басталды. Кеңес Одағы маршалы Г. К. Жуков былай деп жазды: «Алда тұрған Берлин үшін шайқас ештеңемен салыстыруға келмейтін ерекше операция болды. Майдан әскерлері Одерден бастап, мықтап бекіністендірілген Берлинге дейін созылған қуатты, бірнеше эшелоннан тұратын тұтас қорғаныс шебін бұзып өтуге тиіс еді. Берлинге барар жолда неміс-фашист әскерлерінің ең ірі тобын талқандап, жау жан аямай қорғайтыны сөзсіз болған фашистік Германияның астанасын алу қажет болды».

Операцияға 1-Беларус, 2-Беларусь және 1-Украина майдандарының күштері, сондай-ақ алыс қашықтыққа ұшатын авиацияның 18-әуе армиясы, Днепр әскери флотилиясы және Балтық флоты күштерінің бір бөлігі жұмылдырылды. Берлиннің іргесінде қуатты неміс қорғаныс бекіністері орналасқан болатын. Кеңес әскерлерінің Берлинге қарай жылжуына бөгет болған Зеелов биіктіктері үшін кескілескен шайқастар жүріп, оларды 1945 жылы 18 сәуірде басып алды.

Берлинді тікелей шабуылдау 1945 жылғы 25 сәуірде басталды; қалада қиян-кескі көше шайқастары өрістеді. 30 сәуірде кеңес әскерлері Рейхстагты шабуылдауға кірісті. 2 мамыр күні таңертең қарсылықтың бекер екенін түсінген Берлин коменданты астана гарнизонының кеңес әскеріне берілуі туралы бұйрыққа қол қойды. Сол күні сағат 15:00-ге қарай қаладағы неміс әскерлерінің қарсылығы толық тоқтатылды.

Тарихы thumb|right|150px|Медалдің артқы беті 1945 жылғы 19 сәуірде Қызыл әскер Тылының басшысы, армия генералы А. В. Хрулёв Қызыл әскер Бас интенданттық басқармасының Техникалық комитетіне КСРО аумағынан тыс орналасқан қалаларды алғаны және азат еткені үшін медалдардың жобаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

«Берлинді алғаны үшін» медалының алғашқы нобайлары Германия астанасы үшін шайқастар қызу жүріп жатқан 1945 жылғы 24 сәуірдің өзінде-ақ ұсынылды. Болашақ марапаттың сыртқы келбетін анықтауға арналған байқауға жалпы саны 116 нобай ұсынылды. 3 мамырда Техникалық комитеттің қырнақшысы В. Н. Андрианов ұсынылған үздік жобалардың негізінде металдан алғашқы үлгілерді дайындауға кірісті. Тарихшы-фалерист В. А. Дуровтың атап көрсетуінше, медалдардың атауы ұзақ уақыт бойы талқыланды. Зерттеуші былай деп жазды: «Алайда ақырында гитлерлік езгіден азат етілген славян астаналарына арналған медалдарға „Азат еткені үшін“, ал қалған медалдарға „Алғаны үшін“ деген жазу түсірілсін деген ортақ шешімге келді».

«Ұлы жеңістен шабыт алған суретшілер өз нобайларында Берлинді гитлершілдіктің тірегі ретінде алудың маңызын барынша айқын көрсетуге тырысты», — деп жазды В. А. Дуров. Мәселен, суретші Е. М. Романов өз нобайларының бірінде «Жеңіс» орденінің бейнесін негізгі элементтердің бірі ретінде пайдаланды. Бұған дейін кеңестік бірқатар ордендер мен медалдарды әзірлеуге қатысқан А. И. Кузнецов бірнеше нұсқа ұсынды. «Жобалардың бірінде ол свастиканы таптап тұрған кеңес жауынгерін, ал екіншісінде — антифашистік күрестегі жауынгерлік ынтымақтастықтың белгісі ретінде ортасында кеңестік, екі жағында АҚШ пен Ұлыбританияның тулары бейнеленген одақтастардың үш туын көрсетті. Төменгі бөлігінде гитлерлік Германия астанасының тізе бүгуінің белгісі ретінде айқастырылған кілттер орналастырылған», — деп сипаттады Кузнецовтың нобайларын Дуров. Суретші Киселёв Бранденбург қақпасы аясында желбіреген тулармен өтіп бара жатқан кеңестік танктер бейнеленген медалдың жобасын ұсынды.

Жау қалаларын алғаны үшін берілетін медалдарда тек жазуды ғана орналастыру туралы шешім қабылдануына байланысты суретші А. И. Кузнецовтың нобайларының бірі түпкілікті нұсқа ретінде бекітілді. Жобада тек «Берлинді алғаны үшін» деген жазу мен қаланың алынған күні ғана көрсетілген.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 9 маусымдағы Жарлығымен «Берлинді алғаны үшін» медалы «Будапештті алғаны үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін» және «Венаны алғаны үшін» медалдарымен бір мезгілде тағайындалды. Құжат «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Хабаршысы» апталық басылымының № 34 санында жарияланды. Осылайша, «Берлинді алғаны үшін» медалы КСРО-ның соғысқа дейінгі аумағынан тыс орналасқан қалаларды алғаны үшін тағайындалған жеті кеңестік марапаттың бірі болды.

Медаль туралы ереже «Берлинді алғаны үшін» медалімен Берлинді «ерлікпен шабуылдап алған» Қызыл әскердің, Әскери-теңіз флотының және ІІХК әскерлерінің тікелей қатысушылары, сондай-ақ осы қаланы алу жөніндегі жауынгерлік операцияларды ұйымдастырушылар мен басшылар марапатталды. Медалды табыстау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан «аталған қалаларды шабуылдап алуға нақты қатысқанын растайтын, әскери бөлімдердің командирлері мен әскери-емдеу мекемелерінің басшылары берген құжаттардың негізінде» жүзеге асырылды.

Медалды табыстау «Қызыл әскер мен Әскери-теңіз флотының әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жүрген адамдарға — әскери бөлімдердің командирлері, ал армия мен флот құрамынан шығарылған адамдарға — марапатталғандардың тұрғылықты жері бойынша облыстық, қалалық және аудандық әскери комиссарлар арқылы» жүргізілді.

«Берлинді алғаны үшін» медалі кеуденің сол жағына тағылады, ал ордендер мен басқа медалдар болған жағдайда «Венаны алғаны үшін» медалінен кейін орналасады.

Сипаттамасы thumb|right|130px|Ресей пошта маркасы, 2015 жыл «Берлинді алғаны үшін» медалі диаметрі 32 миллиметр болатын дөңгелек пішінде жасалған, жезден дайындалған.

Медалдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы. Медалдың алдыңғы бетінің ортасында «БЕРЛИНДІ АЛҒАНЫ ҮШІН» () деген жазу жазылған, оның жоғарғы жағында бесбұрышты жұлдызша, ал төменгі жағында шеңбер бойымен емен жапырақтарынан құралған жарты шір суреттелген. Медалдың жиегі айналдыра ернеумен жиектелген. Медалдың артқы бетінде Берлиннің алынған күні — «2 МАМЫР 1945» () деген жазу қашап түсірілген. Күннің астында бесбұрышты жұлдызша орналасқан.

Медал құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 миллиметр қызыл түсті жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға бекітілген. Таспаның ортасында бес жолақ бар: үшеуі қара және екеуі қызғылт сары («гвардиялық таспа» делінетін). Шеткі қара жолақтар жіңішке тоқсары жолақтармен көмкерілген.

Марапаттау thumb|left|230px|Медалдің куәлігі Әртүрлі дереккөздердің мәліметі бойынша, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталғандардың саны шамамен немесе 1 100 000-нан астам адамды құраған; зерттеуші Д. А. Тарас медалға 1 100 090 адамның лайық болғанын көрсетеді. Медалмен марапатталған әскери қолбасшылардың қатарында — Кеңес Одағының маршалдары Георгий Жуков пен Иван Конев болды.

«Берлинді алғаны үшін» медалдарының басым бөлігі Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі алғашқы үш жыл ішінде табысталды. Егер марапат тікелей әскери бөлімде табысталмаған болса, әскери қызметші демобилизация кезінде тиісті құжат алатын, сол құжаттың негізінде ол тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариаттан медалды ала алатын.

1951 жылға дейін «Берлинді алғаны үшін» медалы мен оған берілетін куәлік марапатталған адам қайтыс болғаннан кейін мемлекетке қайтарылатын. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1951 жылғы 5 ақпандағы Жарлығымен марапатталған адам қайтыс болған жағдайда «Берлинді алғаны үшін» медалы мен оған берілген куәлік естелік ретінде сақтауға оның туыстарында қалдырылуы мүмкін екені белгіленді.

«Аргументы и факты» басылымының жорналшысы Андрей Сидорчиктің атап өтуінше, соғыстан кейінгі кезеңде «Берлинді алғаны үшін» медалы едәуір кешігіп жеткен «жиырма мыңға жуық бұрынғы сарбаздар мен офицерлер» болды. Қорғаныс министрлігінің мамандары марапатты алмаған адамдарды іздеуді жалғастырды. Мәселен, 2003 жылы Ресейдің Армениядағы елшілігі Ереван қаласының тұрғыны Анатолий Зеленцовқа «Берлинді алғаны үшін» медалын табыстау рәсімін өткізді. ЖШҚӘ гвардия старшинасы болған Зеленцов Берлинді шабуылдауға қатысып, шайқаста жараланып, госпитальға жіберілген болатын.

Әдебиет

Дереккөздер

Санат:КСРО медалдары