Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев (25 қазан 1947, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті – 17 қыркүйек 2023, Астана қаласы) — заңгер, прокуратура және әділет қызметкері. 3-сыныпты мемлекеттік заң кеңесшісі (1994), әділет генерал-майоры (1996).

1971 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Еңбек жолын облыстық прокуратурада тергеуші болып бастап, 1971–1991 жылдары аудандық және қалалық прокуратураларда прокурор қызметін атқарды. Кейін Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының басқарма басшысы, Торғай (қазіргі Қостанай) облысының прокуроры, ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің Торғай облысы бойынша басқарма басшысы болды (1991–1997).

1997–2001 жылдары ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің Қызылорда облыстық департаментін басқарды. Одан кейін облыс әкімінің кеңесшісі, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарды. ҚР Әділет министрлігінің сот қаулыларын атқару жөніндегі комитетінің Қызылорда облыстық департаментінің басшысы (1997–2001), облыстық әділет басқармасының басшысы (2001–2003), Қостанай облыстық әділет департаментінің басшысы (2004–2005) болды. 2005–2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің халыққа құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Бас прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталған (2020).СЫР ЕЛІ. Энциклопедия / Бас ред. Б.С. Каримова. 2-басылым. – Алматы: «Тау-Қайнар» ЖШС, 2024

Дереккөздер