Шаттлдың радиолокациялық топографиялық миссиясы Шаттлдың радиолокациялық топографиялық миссиясы немесе (SRTM) () — жер бетін радарлық топографиялық түсірілім көмегімен жердің биіктігінің сандық үлгісін жасауға арналған халықаралық зерттеу жобасы. Нәтижесінде алынған сандық үлгі Жер құрлығының шамамен 80%-ын қамтыды (56° оңтүстік ендіктен 60° солтүстік ендікке дейін) және 2009 жылғы 29 маусымда ASTER GDEM жарияланғанға дейін жер бетінің ең толық биіктік үлгісі болып саналды. SRTM арнайы радиолокациялық жүйеден тұрды, ол 2000 жылдың ақпан айында «Индевор» шаттлының бортынан STS-99 атты 11 күндік миссия кезінде Жер бетінің түсірілімін жасады. Түсірілім кезінде алынған мәліметтер ғылыми және азаматтық мақсаттарда пайдалануға арналған (алайда олар ең алдымен әскери мақсаттар үшін қолданылады).Nikolakopoulos, K. G. Remote Sensing and GIS Applications in Geological Mapping. — Patras: University of Patras, 2006. — 120 p.Farr, T. G., Rosen, P. A., Caro, E., et al. The Shuttle Radar Topography Mission. — Reviews of Geophysics, 2007. — Vol. 45. — 33 p. — DOI: 10.1029/2005RG000183.

Шаттл бортынан алғашқы радиолокациялық түсірілім 1981 жылдың қарашасында (STS-2) жүргізілгенімен, ол кездегі түсірілім Жер құрлығының шамамен 30%-ын ғана қамтыды. 1995 жылы Реактивті қозғалыс зертханасы (РҚЗ) АҚШ Қорғаныс министрлігінің Картография басқармасына тағы бір радиолокациялық миссияны бірлесіп қаржыландыруды ұсынды. Реактивті қозғалыс зертханасы (РҚЗ) интерферометриялық түсірілім жүргізуге және Жер құрлығының 80%-ы үшін 30 метрлік жоғары дәлдікті Жер бедерінің  сандық картасын жасауға міндеттенді. Бұл жоба SRTM деп аталды. АҚШ Қорғаныс министрлігі арнайы спутниктерді пайдаланып, 10–20 метрлік дәлдікке қол жеткізе алар еді, алайда NASA шаттлын қолдану шамамен үштен біріне арзанға түсіп, жылдамырақ жүзеге асырылды. 1996 жылғы 8 шілдеде NASA мен АҚШ Қорғаныс министрлігі келісімге қол қойып, тамыз айында жобаны жүзеге асыру басталды. NASA мен АҚШ Қорғаныс министрлігінен басқа, жобаға Германияның Аэроғарыш орталығы (DLR) және Италияның Ғарыш агенттігі (ASI) де қатысты.Проекты и планы: США. Шаттл проведет радиолокационное топографирование Земли // Новости космонавтики : журнал. — ФГУП ЦНИИмаш, 1996. — № 14/15

Кешеннің сипаттамасы

SRTM радиолокациялық кешені жалпы массасы 13 600 килограмм болатын, синтезделген апертуралы екі интерферометриялық радиолокатордан тұрды. Жүйе үш компоненттен құралды:

- Негізгі антенна — шаттлдың жүк бөлігінде орналасты;

- ADAM (англ. Able Deployable Articulated Mast) жылжымалы фермасы — 87 секциядан тұрды және жалпы ұзындығы 60,95 метр болды (2000 жылға дейін бұл ғарышқа шығарылған айтарлықтай ұзын қатты конструкция болып саналды);

- Сыртқы антенна - ферманың ұшында орналасқан.

Дереккөздер