Ербол Ғалымкерейұлы Хамитов (9 қыркүйек, 1997, Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, Қазақстан) — қазақстандық паралимпиадашы, пара биатлон және пара шаңғы жарысы спорт түрлерінен бақ сынайды. 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы және қола жүлдегері.
Өмірбаяны 19 жасына дейін Ербол Хамитов грэпплинг пен джиу-джитсудан республикалық және облыстық жарыстарда бақ сынап, айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол 2016 жылғы джиу-джитсудан Қазақстан кубогының финалисі атанды.
2017 жылғы 29 шілдеде Петропавл қаласында орын алған қайғылы оқиға спортшының өмірін күрт өзгертті. Атыс кезінде оның аяғына шолақ мылтықтан оқ тиіп, ауруханада жараланған аяғын кесуге (ампутациялауға) тура келді. Алайда бұл сынақ Ерболдың сағын сындыра алмады: ол жекпе-жек өнерімен жаттығуды қайта жалғастырды. 2019 жылы грэпплингтен AIGA нұсқасы бойынша Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ал UWW нұсқасы бойынша Азия чемпионы атанды.
Грэпплинг Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енбегендіктен, Ербол қысқы спорт түрлеріне ауысуды жөн көрді. Осылайша ол туған қаласы Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт секциясына келіп, паралимпиадалық жарыстарға дайындығын бастады.
Пекинде өткен 2022 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан бақ сынады. Биатлон жарысында ол 6 және 10 шақырымдық қашықтықтарда 16-шы орынды иеленді. Шаңғы жарысында 18 шақырымдық қашықтықта жетінші, ал 7,5 шақырымда тоғызыншы орын иеленді. Спринт бойынша іріктеу кезеңінде 15-ші орын алып, жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады. Сондай-ақ ол 4 × 2,5 шақырымдық ашық эстафетада Александр Герлицпен бірге өнер көрсетіп, жүлделі орындарға жақын келіп, бесінші орынды иеленді.
2023 жылы Хамитов пара шаңғы жарысынан спринтте топ жарып, әлем чемпионы атанды. 2025 жылы биатлоннан 12,5 шақырымдық жекелей жарыста тағы да әлем чемпионатының алтынын иеленді. Сонымен қатар, ол сол маусымда паралимпиадашылар арасындағы биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде жеңімпаз атанды.
2026 жылы Италияда өткен Қысқы Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов ерекше нәтиже көрсетті. 10 наурызда ол отырып жарысатын спортшылар арасындағы пара шаңғы жарысының спринт санатында қола медаль иеленді. Іріктеу кезеңінде алтыншы орын алған ол жартылай финалда мәреге бірінші келді. Финалда 2:29.9 уақыт көрсеткішімен Қытай және Бразилия спортшыларынан кейін үшінші орынды иеленді.
13 наурызда Ербол Хамитов отырып жарысатын спортшылар арасындағы биатлоннан спринттік із кесу жарысында (pursuit) Паралимпиада чемпионы атанды. Іріктеуде 8:27.9 нәтижесін көрсетсе, финалда 9:39.0 уақытымен мәре сызығын бірінші болып қиып, алтын медальды жеңіп алды.
Дереккөздер
Санат:Қазақстанның пара биатлоншылары Санат:Қазақстанның пара шаңғышылары Санат:Бірнеше спорт түрінен сынға түсетін паралимпиадашылар Санат:2022 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының биатлоншылары Санат:2022 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының шаңғышылары Санат:2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының биатлоншылары Санат:2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының шаңғышылары Санат:2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпиондары Санат:2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Санат:Қазақстанның Паралимпиада чемпиондары