«Симаррон» () — 1931 жылы режиссер Уэсли Рагглз түсірген АҚШ-тың эпикалық вестерн жанрындағы фильмі. Туынды Эдна Фербердің 1930 жылы жарық көрген аттас романына негізделген, ал сценарийін жазған — Говард Эстабрук.
RKO Pictures киностудиясы шығарған бұл фильм «Оскар» сыйлығының «Үздік фильм», «Үздік бейімделген сценарий» және «Үздік қоюшы суретші жұмысы» (Макс Ри) номинациялары бойынша жеңіске жетті. «Симаррон» — «Оскар» сыйлығының бас жүлдесін иеленген тұңғыш вестерн. Кейіннен бұл тізімге шамамен 60 жылдан соң 1990 жылы «Қасқырлармен билеу», 1992 жылы «Кешірілмеген» және 2007 жылы «Қарттарға мұнда орын жоқ» фильмдері қосылды.
Оқиға желісі 1889 жылдан бастап 1929 жылға дейінгі қырық жылдық кезеңді қамтитын «Симаррон» өзінің ауқымы жағынан эпикалық туынды ретінде танылды. Бұл жоба өз кезегінде RKO Pictures студиясының сол уақытқа дейінгі қаржылық тұрғыдан ең ауқымды әрі қымбат өнімі болғанымен қоса, компанияның «Үздік фильм» снатындаа «Оскар» сыйлығына қол жеткізген алғашқы туындысы.
Киносыншылардың жоғары бағасына қарамастан, туынды кассалық тұрғыдан сәтсіздікке ұшырады.
Сюжеті thumb|thumbtime=20|Симаррон (1931)|left Оқиға 1889 жылғы Оклахомадағы тарихи «Жер үшін жарыс» (Land Run) кезінен бастау алады. Мыңдаған адам тегін жерге қол жеткізу үмітімен Оклахома аумағына ағылады. Бұл бәсекеде Янси Крават есімді заңгер мен оның жас жұбайы Сабра да бақ сынап көреді. Алайда, Янси алдын ала көздеп қойған жер үлесін Дикси Ли есімді авантюрист әйел айлакерлікпен тартып алады.
Жер мен ранчо туралы арманы орындалмаған Янси отбасымен бірге қарқынды дамып жатқан Осейдж қалашығына қоныс аударады. Ол жерде заңсыздықпен күресіп, жергілікті газеттің бұрынғы баспагерін өлтірген қылмыскерді жазалайды. Янси өзінің білімін пайдаланып, шағын елді мекенді өркениетті қалаға айналдыру мақсатында «Oklahoma Wigwam» апталық газетін іске қосады. Кейіннен қалаға қауіп төндірген ескі танысы — «Бала» (The Kid) бастаған қылмыскерлер тобымен жекпе-жекке шығып, қала тыныштығын сақтап қалады.
Дегенмен, Янсидің жаны тұрақсыз болса керек, «Баланы» өлтіргеннен кейін бойын билеген өкініш пен шытырман оқиғаға деген құштарлық оны отбасынан алшақтатып, жаңа жерлерді игеруге аттандырады. Оның жоқтығында Сабра газет жұмысын өз қолына алып, балаларын жалғыз тәрбиелеп қана қоймай, іскер әрі беделді тұлғаға айналады. Бес жылдан кейін Испан-Америка соғысынан оралған Янси Сабраға емес, қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен сотталып жатқан Дикси Лиді қорғау үшін келеді.
Уақыт өте келе Оклахома штаты дамып, 1907 жылы ресми мәртебеге ие болады және 1900-жылдардағы мұнай бумының арқасында байи түседі. Янси өз мақалаларында үндіс тайпаларының құқығын қорғап, олардың мүддесін жақтайды, ал Сабра бұл уақытта үндістерге деген өшпенділігін жасырмайтын консервативті ұстанымда болады. Алайда жылдар өте келе Сабраның көзқарасы түбегейлі өзгереді: ол Оклахомадан Конгресске сайланған алғашқы әйел мүше атанып, өз келінінің ізгі қасиеттерін мақтан тұтатын деңгейге жетеді.
Фильмнің шарықтау шегінде Сабра мен Янси соңғы рет қауышады. Мұнай ұңғымасындағы жойқын жарылыс кезінде жұмысшыларды құтқарып қалам деп ауыр жарақат алған Янси Сабраның құшағында жан тапсырады. Фильм Оклахоманың өркендеуіне зор үлес қосқан пионерлердің құрметіне орнатылған Янси Краваттың ескерткішін көрсетумен аяқталады.
Рөлдерде
Өндіріс Ұлы тоқыраудың ең қиын кезеңіне қарамастан, RKO Pictures студиясы Эдна Фербердің романын экрандау үшін 1,5 миллион доллардан астам (бұл 2025 жылғы есеппен шамамен 31,8 миллион долларға тең) қаржы жұмсады.
Фильмдегі ең ауқымды көріністердің бірі — 1889 жылғы тарихи «жер үшін жарысты» бейнелеу жұмыстарына толықтай бір апта уақыт жұмсалды. Бұл күрделі түсірілім үдерісіне 5 мыңға жуық статист пен 28 оператор бір мезетте қатысты.
Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант Нәтиже Оскар Үздік фильм RKO Pictures (Уильям ЛеБарон) Үздік режиссер Уэсли Рагглз Үздік актер Ричард Дикс Үздік актриса Айрин Данн Үздік бейімделген сценарий Говард Эстабрук Үздік қоюшы суретші жұмысы Макс Ри Үздік операторлық жұмыс Эдвард Кронжагер
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:1931 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:Уэсли Рагглз фильмдері Санат:RKO Pictures фильмдері Санат:АҚШ ақ-қара түсті фильмдері Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:АҚШ вестерн фильмдері Санат:АҚШ романдарының экрандаулары