Сандор Клиган () — америкалық жазушы Джордж Р. Р. Мартиннің «Мұз бен от жыры» атты фэнтези романдар сериясындағы кейіпкер. Ол «Тақтар таласы» (1996), «Патшалар шайқасы» (1998), «Қылыштар дауылы» (2000) кітаптарында көрінеді. Оның «Құзғындар думаны» (2005) және «Қыс желдері» кітаптарында көрінуі күмәнді болып қалады.
«Тақтар таласы» телесериалында Сандор Клиган рөлін шотланд актері Рори Макканн сомдайды. Кітаптардан айырмашылығы, телесериалда Сандор Клиган негізгі кейіпкерлердің бірі болып табылады.
Тақтар таласы Сандор Клиган ханзада Джоффридің жеке күзетшісі ретінде көрінеді, ал Джоффри оны үнемі «Ит» деп атайды. Ланнистерлердің бұйрығымен Клиган қасапшының ұлы Миканы (Арья Старктің досы) ханзадаға шабуыл жасағаны үшін өлтіреді. Осыдан кейін Арья Старк Клиганды жек көріп кетеді. Клиган бас уәзір құрметіне ұйымдастырылған турнирге қатысып, Лорас Тиреллді өз ағасы Григор Клиганнан құтқарып қалады. Сандор жеңімпаз деп жарияланып, сыйлыққа ие болады, сондай-ақ халықтың құрметіне бөленеді. Клиган Эддард Старкты тұтқындауға қатысқан. Эддард өлім жазасына кесілгеннен кейін, оған Патша гвардиясынан орын ұсынылады, бірақ ол рыцарлық ант беруден бас тартады. Кейін Санса Джоффриді биік қабырғадан итеріп жібермек болғанда, оны тоқтатып, екеуінің де өмірін сақтап қалады.
Патшалар шайқасы Сандор Джоффри патшаның туған күніне арналған мерекеде болады. Ол турнирге қатысушыларға менсінбей қарап, «мұндай рыцарларды тіпті бала да жеңеді» деп есептейді. Санса сир Донтосқа көмектеспек болғанда, ашуланған Джоффри Сансаны да шарап құйылған бөшкеге батырамын деп қорқытады. Бірақ күтпеген жерден Сандор Клиган Сансаға қосылып, «адам туған күнінде не ексе, соны бір жыл бойы орады» деген сөзін қолдайды. Осылайша ол тағы да Сансаның өмірін сақтап қалады.
Кейін ол Сансамен жиі кездесіп жүреді: оны өлтіру туралы дөрекі сөздерімен қорқытады, аңғалдығы үшін ұрсады, рыцарларға деген таңданысын және ән айтуға деген сүйіспеншілігін мазақ етеді. Дегенмен, өзінің дөрекілігіне қарамастан, Клиган оны Джоффридің қатыгездігінен қорғауға тырысады.
Король айлағындағы бүлік кезінде тобыр Сансаны аттан жұлып түсіре жаздайды, бірақ оған тағы да қолына қылыш алған Сандор Клиган көмекке келіп, оны тобырдан қорғап қалады.
Станнис Баратеонның әскері Король айлағына шабуыл жасағанда, Сандор әскердің бір бөлігін басқарады. Алайда оттан қатты қорқатындықтан, ұрыс алаңын тастап кетеді, мас болып, Сансаның бөлмесіне барады. Клиган оған қаладан бірге қашуды ұсынып, қорғаймын деп уәде береді, бірақ Санса бас тартады. Сонда Клиган пышақты оның тамағына тақап, төсекке итеріп, ән айтуға мәжбүр етеді. Санса Анаға арналған гимнді айтып береді, содан кейін Сандор кетіп қалады.
Дереккөздер
Санат:«Мұз бен от жыры» кейіпкерлері