«Джазда тек қана қыздар» ( — «Кейбіреулер ыстығырақ ұнатады») — режиссер, сценарист және продюсер Билли Уайлдердің 1959 жылы жарыққа шыққан америкалық ақ-қара түсті эксцентрлік комедиясы. Бұл туынды режиссердің ең негізгі жұмыстарының бірі және сценарист Изи Даймондпен бірлесіп жасаған екінші туындысы. Басты рөлдерді Мэрилин Монро, Тони Кёртис және Джек Леммон сомдады.
Фильм сценарийі 1935 жылғы Ришар Поттье түсірген «Махаббат фанфаралары» атты француз фильміне және оның 1951 жылы ГФР-да шыққан аттас римейкіне негізделген.
Фильмдегі оқиғалар АҚШ-тағы «құрғақ заң» дәуірінде өрбиді. Сюжет желісі гангстерлердің көзіне түсіп, ажалдан қашқан екі музыканттың хикаясына құрылған: олар жанын аман алып қалу үшін әйел кейпіне еніп, әйелдерден құралған джаз ансамбліне қосылады.
«Джазда тек қана қыздар» кинокомедиясы Голливудтағы студиялық жүйеден тәуелсіз продюсерлікке өту кезеңіндегі маңызды белес болды. 1950-жылдардағы моральдық ұстанымдар тұрғысынан алғанда, сценарийдегі кейіпкерлердің еркін репликалары мен сюжеттік бұрылыстары цензура органдарының қарсылығын тудырды. Фильмнің ашық сексуалдық астарына байланысты оны дәстүрлі әдеп нормаларына сай емес деп танығанымен, фильм бәрібір кең прокатқа шықты. Дәл осы туындының экранға жол тартуы Голливудтағы қатал этика кодексінен біртіндеп бас тарту процесінің бастауы болып есептеледі. Фильм киносыншылардан негізінен оң пікірлер алып, мамандар тарапынан Америка киносы тарихындағы ең үздік комедиялардың бірі ретінде мойындалды. Ондағы жанрлардың еркін тоғысуы мен соғысқа дейінгі гангстерлік фильмдерге жасалған пародия көрермендер мен мамандардың таңданысын тудырды. Сонымен қатар сценарийдің сапасы, режиссура және бүкіл актерлік құрамның шеберлігі жоғары бағаланды. Кемшіліктер ретінде тек сюжеттің тым эпатаждылығы мен кейбір тұстардың шындыққа жанаспайтындығы атап өтілді. Фильммен жұмыс істеу барысында басты рөлді сомдаушы Мэрилин Монро ауыр психологиялық дағдарысты бастан кешіріп, тіпті өзіне-өзі қол жұмсамақ болған соң ауруханаға түскен. Осы оқиғаға байланысты түсірілім жұмыстары 15–18 күнге кешігіп, бюджет едәуір асып кетті. Соған қарамастан, фильмнің кассалық жинағы шығындарды бірнеше есе орап әкетті: 2,8 миллион доллар бюджетпен түсірілген туынды тек Солтүстік Американың өзінде шамамен 7 миллион доллар пайда тапты.
Бұл фильм Джек Леммон мен Билли Уайлдердің көпжылдық жемісті ынтымақтастығының бастауы болды. Туынды бір «Оскар» және үш «Алтын глобус» сыйлығын жеңіп алды. Америка кино институты бұл туындыны АҚШ тарихындағы барлық уақыттың ең үздік комедиясы деп таныды. 2011 жылы АҚШ-тың Конгресс кітапханасы фильмді «мәдени, тарихи немесе эстетикалық» тұрғыдан маңызды деп танып, оны сақтау үшін АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енгізді.
Фильмде орындалған әндер, соның ішінде «I Wanna Be Loved by You» композициясы культтік мәртебеге ие болса, кейіпкерлердің айтқан сөздері ағылшын тілінде қанатты тіркестерге айналды.
Сюжеті Фильмдегі оқиғалар 1929 жылы, Чикагодағы «құрғақ заң» дәуірінде басталады. Музыканттар — саксофоншы Джо мен контрабасшы Джерри — кездейсоқ гангстерлер арасындағы атысқа (Әулие Валентин күніндегі қырғынға) куә болады. Оқиға орнынан қашып үлгерген олар енді Коломбоның қылмыстық тобы үшін басты куәгерлерге айналады.
Қуғыннан құтылу үшін достарға шұғыл түрде қаладан кету керек болады. Жалғыз мүмкіндік — Флоридаға гастрольге аттанғалы жатқан «Сұлу Сью және оның синкропаторлары» атты әйелдер джаз ансамбліне қосылу. Олар әйел кейпіне еніп, өздерін Джозефина және Дафна деп таныстырады.
Пойызда олар ансамбльдің сүйкімді әншісі Шугар Кейнмен танысады. Джо оған ғашық болып, Флоридаға келген соң оның жүрегін жаулау үшін өзін мұнай компаниясының мұрагері ретінде көрсетеді. Ал Дафна болса, оның шын мәнінде еркек екенін білмейтін нағыз миллионер Осгуд Филдинг III назарына ілігеді.
Сюжеттің шиеленіскен тұсында музыканттар тоқтаған қонақүйге «Мафия достарының» конференциясына гангстерлер келеді. Олардың арасында баяғы Коломбо да бар. Музыканттардың құпиясы ашылуға шақ қалғанда, қызықты әрі күлкілі оқиғалар легі басталады. Фильмнің соңында Джо Шугарға шындығын айтып, оның кешірімін алады, ал Дафнаның (Джерридің) Осгудқа «Мен еркекпін!» деген мойындауына миллионер: «Ешкім де мінсіз емес» (ағылш. Well, nobody's perfect) деген аңызға айналған сөздермен жауап береді.
Рөлдерде thumb|thumbtime=20|Тони Кёртис және Мэрилин Монро
Марапаттары мен номинациялары
Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант Нәтиже ОскарҮздік режиссерБилли УайлдерҮздік актерДжек ЛеммонҮздік бейімделген сценарийБилли Уайлдер және И. А. Л. ДаймондҮздік қоюшы суретші жұмысы (ақ-қара)Тед Хауорт және Эдвард Дж. БойлҮздік операторлық жұмыс (ақ-қара)Чарльз ЛэнгҮздік костюм дизайны (ақ-қара)Орри-КеллиБэмби сыйлығыҮздік халықаралық актерТони КёртисBAFTAҮздік фильмБилли УайлдерҮздік шетелдік актерДжек ЛеммонАҚШ режиссерлер гильдиясыКинодағы үздік режиссерлік жетістікБилли УайлдерАлтын глобусҮздік фильм (комедия немесе мюзикл)—Үздік актер (комедия немесе мюзикл)Джек ЛеммонҮздік актриса (комедия немесе мюзикл)Мэрилин МонроГрэммиҮздік саундтрек альбомыSome Like It HotLaurel AwardsҮздік комедия——Үздік комедиялық актерДжек ЛеммонҮздік комедиялық актрисаМэрилин МонроҰлттық киносыншылар кеңесіҮздік он фильм—АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміҰлттық фильмдер тізіліміне енгізуФильмВенеция кинофестивалі«Алтын арыстан»Билли Уайлдер—АҚШ сценарийшілер гильдиясыҮздік жазылған америкалық комедияБилли Уайлдер және И. А. Л. Даймонд
Маңыздылығы мен рейтингтері Мәдени ықпалы және өндірістік ерекшеліктері Өзгерістер дәуірінде түсірілген бұл туынды комедиялық кино эстетикасына және жалпы кинематограф дамуына зор ықпал еткен мәдени феноменге айналды. Фильмнің жетістігі кездейсоқ емес, продюсерлік нақты есептің нәтижесі болды. Тәуелсіз продюсерлік жағдайында бұл жоба кейіннен АҚШ киноиндустриясы үшін стандартқа айналған жаңа тәсілдерді қалыптастырды:
актерлерді нақты жоба мен сценарийге сәйкес арнайы іріктеу; киножұлдыздардың қаламақысын прокаттан түскен табыстың пайызымен төлеу; болашақ фильм үшін өзге нарықта немесе басқа жанрда тексерілген, сұранысқа ие тақырыптарды таңдау; түсірілім орындарының санын барынша азайту арқылы өндірістік процесті оңтайландыру; туындыны нақты бір мақсатты аудиторияға бағыттау; жанрларды тоғыстыру және сол кезең үшін даулы тақырыптарды (гомосексуалдық, трансвестизм және т.б.) қозғау; фильмге әлеуетті франшиза ретінде қарау.
Рейтингтері Америка кино институты (AFI) «Джазда тек қана қыздар» фильмін және оның дәйексөздерін келесі рейтингтерге енгізді:
100 жыл… 100 фильм (1998): № 14 100 жыл… 100 комедия (2000): № 1 100 жыл… 100 дәйексөз (2005): Осгуд Филдинг III: «Ешкім де мінсіз емес» () — № 48 орын 100 жыл… 100 фильм (10 жылдық мерейтойлық басылым) (2007): № 22
АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі (1989) Америка сценарийшілер гильдиясы (2006): Барлық уақыттың ең үздік 101 сценарийі тізімінде № 9 орын
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Билли Уайлдер фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:1959 жылғы АҚШ фильмдері Санат:АҚШ кинокомедиялары Санат:АҚШ ақ-қара түсті фильмдері Санат:Мафия туралы фильмдер Санат:United Artists фильмдері Санат:АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі