Орлеа́н (фр. Orléans, МФА: [ɔʁ.le.ɑ̃]) — Франциядағы қала әрі коммуна, Луаре департаментінің және Орталық — Луара аңғары өңірінің әкімшілік орталығы. Қала тарихи Орлеане аймағының басты қаласы болып саналады. Орлеан Луара өзенінің бойында, Парижден оңтүстік-батысқа қарай 130 км жерде орналасқан. 2009 жылғы мәлімет бойынша, қала халқының саны 113 224 адамды құраған.
Тарихы Орлеан кельттердің карнуттар тайпасының басты қаласы ретінде негізі қаланып, Ценабум (лат. Cenabum) деп аталған. Б.з.б. 52 жылы қаланы Юлий Цезарь қиратқан. Ал 275 жылы император Аврелиан қаланы қайта қалпына келтіріп, оның құрметіне V ғасырдан бастап Аврелианум (лат. Aurelianum, толық атауы — Civitas Aurelianensis, Aureliana civitas, яғни «Аврелианның қаласы») деп атала бастады. Содан бері, шамамен 1700 жыл бойы, қаланың атауы түпкі мағынасын сақтап қалды. Алайда француз тілінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктеріне байланысты оның айтылуы, кейін жазылуы да өзгерді: au дыбысы [o] болып айтылатын болды, алғашқы -e- дыбысы түсіріліп, айтылмайтын дыбысқа айналды, ал -um жалғауы ерте орта ғасырлардың өзінде біртіндеп редукцияға ұшырап, қолданыстан шықты. Осылайша, фонетикалық өзгерістер нәтижесінде Aurelianum → [orleã] → қазіргі Orléans атауы қалыптасты.
451 жылы ғұндардың көсемі Еділ қаған қаланы басып алып, тонауға әрекет жасады. Алайда соңғы сәтте вестготтар королі І Теодорих пен рим қолбасшысы Аэцийдің бірлескен қолбасшылығымен келген әскер оның жолын бөгеді. Одақтас әскерге 408 жылдан бастап вандалдармен бірге келіп, қала маңына қоныстанған алан тайпасының бір бөлігі де қосылды. Гот тарихшысы Иорданның деректеріне сәйкес, аландар Каталаун жазығындағы шайқаста өздерінің королі Сангибанның қолбасшылығымен әскердің орталық шебіне орналастырылған. Бұл шайқаста римдіктердің жеңіске жетуіне олардың қатысуы маңызды рөл атқарды. Тарихи Орлеане провинциясында осы халықтың осында болғанын еске салатын жүзге жуық елді мекен атауы сақталған. Олардың қатарында Ален (Allaines-Mervilliers), Аленвиль (Allainville) сияқты атаулар бар. Француздардың Ален есімі де осы атаудан шыққан болуы мүмкін. Бұл есім біздің заманымыздың VI ғасырынан бастап тарихи деректерде кездеседі. Алайда шайқастан бірнеше жыл өткен соң-ақ аурелиандық аландар вестготтарға бағындырылып, Тулуза вестготтар корольдігінің құрамына кірді.
511, 532, 541 және 549 жылдары Орлеанда шіркеу соборлары өткізілді. Біраз уақыт Орлеан Франк корольдігі бөлінгеннен кейін құрылған Орлеан корольдігінің астанасы болды. Бұл корольдікті Хлодомер 511 жылғы 27 қарашадан 524 жылғы 25 маусымға дейін басқарды. Ұлы Карлдың билігі кезінде қала Франк мемлекетінің маңызды ғылыми орталығына айналды. X–XI ғасырларда Орлеан Парижден кейін корольдік иеліктердегі маңызы жөнінен екінші қала болды. X ғасырда қала маңызды бекініске айналды. 1306 жылы Орлеанда университет құрылды. 1428–1429 жылдардағы Орлеан қоршауы — Жүз жылдық соғыстың маңызды оқиғаларының бірі. Жеті айға созылған қоршаудан кейін қала 8 мамырда Жанна д’Арк бастаған әскердің күшімен азат етілді. Осы оқиғадан кейін Жанна д’Арк «Орлеан қызы» (Pucelle d’Orléans) деген атпен танымал болды. XVI ғасырдағы діни соғыстар кезінде Орлеан кальвинизмнің, яғни гугеноттар қозғалысының таралу орталықтарының біріне айналды. Алайда 1572 жылғы Әулие Варфоломей түні оқиғаларынан кейін католиктердің ықпалы күшейді. Сол кезде қалада шамамен 1000 гугенот қаза тапты. 1560 жылы Орлеанда Бас штаттар (États généraux) шақырылды. Бұл — 76 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы шақырылым еді. 1870–1871 жылдардағы Франция–Пруссия соғысы кезінде Орлеан қоршауға алынып, пруссиялық әскер тарапынан екі рет басып алынды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қала 1940 жылдан бастап неміс әскерлерінің бақылауында болды және 1944 жылы азат етілді. Соғыс жылдарында Орлеан әуе шабуылдарынан қатты зардап шекті. Әсіресе 1944 жылғы мамыр айындағы АҚШ әскери-әуе күштерінің бомбалауы қалаға едәуір зиян келтіріп, көптеген тарихи-архитектуралық ескерткіштер қирады.
Білім беру Орта ғасырлардың алғашқы кезеңінен бастап Орлеан қаласында білім алу беделді саналған. VI ғасырда мұнда Бургундия королі Гунтрамнның ұлы Гундобад білім алған. Ұлы Карл, кейіннен Гуго Капет те өздерінің үлкен ұлдарын оқуға Орлеанға жіберген. XI ғасырдан XIII ғасырдың ортасына дейін қаладағы оқу орындары кеңінен танымал болып, олардың даңқы Италия мен Англияға дейін жеткен. Осы елдерден білім алу мақсатында Орлеанға көптеген адамдар келген.
1230 жылы Париждегі Сорбонна университетінің оқытушылары уақытша қызметінен шеттетілген кезде, олардың бір бөлігі Орлеан қаласынан пана тапқан. 1298 жылы Рим папасы VIII Бонифаций декреталийлердің алтыншы жинағын жариялаған кезде, оның мәтіндеріне түсініктеме беруді Болонья мен Орлеан қалаларының құқықтанушы ғалымдарына тапсырған. Заңгерлердің, нотариустардың, адвокаттар мен судьялардың қамқоршысы саналатын әулие Иво Кермартенский (1253–1303) Орлеанда азаматтық құқықты оқыған.
Рим папасы V Клемент те Орлеанда құқық пен әдебиетті оқыған. Оның 1306 жылғы 27 қаңтарда Лион қаласында шығарған булласы Орлеанда университет құру туралы шешімді жариялады. Осылайша Франция мен Еуропадағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі — Орлеан университетінің негізі қаланды. Кейінгі он екі папа университетке жаңа артықшылықтар мен құқықтар беріп отырған.
XIV ғасырда университетте Франциядан, Германиядан, Лотарингиядан, Бургундиядан, Шампаньнан, Пикардиядан, Нормандиядан, Туреннен, Гиеньнен және Шотландиядан келген шамамен 5 мың студент білім алған. 1793 жылы Ұлттық конвенттің шешімімен университет таратылды. Ал 1962 жылы ол қайта құрылды.
Әр жылдары Орлеан университетінде Иоганн Рейхлин, Жан Кальвин, Этьен де Ла Боэси, Пьер Ферма, Мольер, Шарль Перро, Жан де Лабрюйер және басқа да көрнекті тұлғалар білім алған.
Дереккөздер
Санат:Алфавит бойынша елді мекендер Санат:Луаре департаментінің коммуналары