Александр Иванович Егоров (1926-2017) - журналист, жазушы, ақын, ҰОС қатысушы.
Өмірбаяны
1926 жылы 10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданының (қазіргі Алтай ауданы) Кутиха ауылында туған.
1943 жылы майданға аттанып, автоматшы-жауынгер болады. Белорус майданы шабуылдау отрядында соғысқан. 1945 ж. тамызда жапон әскерінен Маньчжур жерін азат ету күресіне қатысқан. 1949 жылы демобилизацияланды.
Еңбек жолы
Еңбек жолы Барнаул қаласында, суретші-безендіруші болудан басталған. Өңірлік драма театр жанындағы режиссер курсын аяқтап, халық театрын екі жыл басқарады. Мұнда ол алғашқы «Лесной человек» әңгімесін жазып, сайыста бірінші сыйлығын иеленеді. Осы сәттен журналистика саласына бет бұрады.
Чесноковка қаласында (қазіргі Новоалтайскі) «Алтайский рабочий», «Социалистическая стройка» газеттерінде корреспондент болып қызмет атқарады. 1956 жылы Зыряновскі қаласына қайтып оралады. Егоровты «Зыряновский рабочий» газеті редакциясының өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа қабылдайды. Кейін «Совхозный рабочий» аудандық газетіне редактор болады. 1957 жылы бұл газет жұмысын тоқтатады. А. Егоровты «Рудный Алтай» облыстық газетіне жұмысқа шақырады. Сонда жұмыс істей жүріп, Жоғары партия мектебінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы тәмамдайды. Диплом алған соң, облыстық теледидар студиясында әдеби-драмалық бағдарламалар редакциясын басқарады. 1970-1971 жж. Қазақстан партия комитеті Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің ұйымдастыру-партия жұмыстары бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істейді. 1972 жылы оны Шығыс Қазақстан бойынша Кеңес Одағының Телеграф агенттігіне корреспондент етіп тағайындайды. 1974 жылдан «Казахстанская правда» газеті табиғатты қорғау бөлімінде меңгеруші, кейін «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, «Ара-Шмель» сатиралық журналында бас редактордың орынбасары және «Мысль» журналында жұмыс істеген.
Зейнеткерлікке шыққан соң А. Егоров Өскемен қаласына қайтып оралады. Мұнда ол әдеби шығармашылықпен шұғылданып, «Звено Алтая» облыстық әдеби бірлестігін басқарады. «Восток» әдеби-көркем журналында редактор, Зырян ауданының Кутиха ауылындағы Алтын Тұрғұсұн халықаралық өнер фестивалінің президенті және жыл сайын өтетін «Курдаков оқуларына» басшылық етеді.
Марапаттары
Отан соғысының екі орденімен, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, «За освоение целинных земель», «100-летие В. И. Ленина», «50 лет Казахстану», «Ветеран труда» медальдарымен, «Құрмет» орденімен (2013), Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен (2015) марапатталған.
Шығармашылығы
«Алтайская одиссея» (1984), «Дол березовых туманов» (1987), «Таёжный затворник» (1997), «На стрежне века» (2004), «Испытание» (2005), «Красота» (2010), «Разрубленная деревня» (2010), «На разломе» (2013) кітаптарының авторы.
2017 жылы 26 сәуірде қайтыс болды.
Санат:Жазушылар Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары