Қарадақ (, ) — Қырымның Кефе өңірі аумағында, Қара теңіз жағалауында орналасқан таулы-жанартау сілемі. Ең биік нүктесі — 577 м (Қасиетті тау). «Ресей империясының географиялық-статистикалық сөздігінде» көрсетілгендей, таудың шығыс беткейінде көне армян шіркеуінің қирандылары орналасқан, оның аумағында армян жазулары қашалған көптеген тас бар.

Зерттелу және қорғалу тарихы Қырымды зерттеуші ғалым А. А. Прозоровский-Голицын 1881 жылы Қарадақтың жанартаулық шығу тегін анықтады. Ал 1885 жылы Петербург Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А. Е. Лагорио сілемнің алғашқы геологиялық картасын жасады.

XX ғасырдың басында Мәскеулік невропатолог-ғалым Терентий Вяземский Қарадақта табиғи биологиялық станция ашты. 1979 жылы осы биологиялық станцияның негізінде Қарадақ мемлекеттік қорығы құрылды. Қорықтың аумағы 2874,2 га болып, оған тау сілемінің аумағы мен оған іргелес 809 га теңіз акваториясы кіреді.

Географиялық және геологиялық мағлұматтары Қарадақ — шамамен 173 миллион жыл бұрын орта юра дәуіріндегі вулканизмнің көрінісі ретінде әрекет еткен жанартаудың қалдығы. Қарадақ Қара теңіз жағалауында орналасқан Отыз өзенінің аңғары мен Көктебел қазаншұңқыры аралығындағы оқшауланған тау сілемін құрайды. Қарадақ тау сілемінің негізгі бөліктері — жағалау бойымен созылып жатқан Жағалау жотасы және құрлықтың ішкі бөлігінде орналасқан күмбез тәрізді Святая тау сілемі. Жағалау жотасы өз кезегінде Қарағаш, Қобатепе, Магнитный және Көкқая жоталарынан тұрады. Святая тауының солтүстік-батыс беткейінде тағы бір шың — Кіші Қарадақ орналасқан. Жағалаудағы таңғажайып пішінді жартас түзілімдері ерекше қызығушылық тудырады. Олардың арасында Шайтанқапы жартасы (немесе Алтын қақпа), Шайтан саусағы, Иван-Разбойник, Арыстан және басқа да жартас нысандары бар.

Қарадақ сілемінің солтүстік-шығыс етегінде Көктебел курорты, ал оңтүстік-батыс етегінде Төменгі Отыз курорттық кенті орналасқан.

Минералдары мен тау жыныстары Қарадақ сілемін құрайтын негізгі тау жыныстарының шығу тегі жанартаулық: кератофир, ішінара альбиттенген порфирит, порфирит, қос пироксенді андезит, шыны тәрізді андезит және базальт.

Қарадақта кездесетін минералдардың ішінде кварцтың көптеген түрлері кеңінен танымал. Оларға кәдімгі кварц (жарықшақтар мен жеодаларда кездесетін шағын, кей жағдайларда жақсы қалыптасқан мөлдір кристалдар түрінде), халцедон, агат (көбіне тек осы өңірге тән қайталанбас түстері мен өрнектерімен ерекшеленеді), опал, әртүрлі реңкті сердоликтер, аметистер, цитриндер, кварц-халцедонды оникс және алуан түсті яшмалар жатады. Қарадақта яшма деп яшмаға өте ұқсас халцедонның түрлерін — яшмоидтарды атайды. Қарадақтың кейбір сирек кездесетін яшма түрлері көркемдік-сәндік қасиеттері жағынан Орал яшмаларынан кем түспейді. Мұнда жанартаулық сілемдерге тән цеолиттер тобына жататын тақташықты минералдар — гейландит пен стильбит, сондай-ақ инелі цеолиттер — натролит пен мезолиттің радиалды-сәулелі жұлдызша тәрізді өсінділері кездеседі. Сонымен қатар миндалиндердің қуыстарында анальцим мен апофиллит кристалдары анықталған.

Флорасы менен фаунасы Сілемнің жануарлар мен өсімдіктер дүниесі Жерорта теңізі өңірінің табиғатына ұқсас. Мұндағы түрлер Жерорта теңіздік және қоңыржай континенттік климат жағдайларына бейімделген.

Сілем аумағында сүтқоректілердің 30 түрі (кәдімгі ірі жарқанат, кіші орман тышқаны, түлкі, елік), құстардың 220-дан астам түрі (қырғауыл, айдарлы суқұзғын, ақбас құмай, тазқара, қаражемсаулы маймаққаз, боз шағала), бауырымен жорғалаушылардың 4 түрі (Линдгольм кесірткесі, қабыланды өрмелегіш қарашұбар жылан, Жерортатеңіздік жұқасаусақты жармасқы), сондай-ақ жәндіктердің 9000-нан астам түрі (Қырым түбегіндегі барлық жәндіктердің 75 %-ы) мекендейді. Қарадақ маңындағы теңіз суларында Қара теңіз дельфиндерінің барлық үш түрі — кәдімгі дельфин, афалина және Қаратеңізді теңіз доңызы, сондай-ақ балықтардың шамамен 80 түрі кездеседі.

Сілем флорасында өсімдіктердің 1165 түрі бар, олардың шамамен 30 %-ы Қырым эндемиктері болып табылады. Олардың қатарында Поярков доланасы да бар. Сонымен қатар мұнда үштік кезеңнен сақталған өсімдіктер: бұталы ақжұпар, доғалжапырақты пісте, биік арша және дельтатәрізді арша өседі. Қарадақ аумағында қыналардың 313 түрі мен мүктердің 82 түрі кездеседі. Олардың кейбір түрлері Қырым Республикасының және Қырым Автономиялық Республикасының Қызыл кітаптарына енгізілген. Олардың арасында балдыртәрізді рочелла мен жіңішке птерогониум бар.

Климаты Қарадақтың климаты Жерортатеңіздік климаттан Қырымның далалық бөлігіне тән қоңыржай континенттік, құрғақ климатқа ауыспалы сипатта. Қаңтар айының орташа температурасы +1,5 °C, шілдеде +23,8 °C болады. Абсолюттік ең жоғары температура +40 °C-қа, ал ең төменгі температура −24 °C-қа жетеді. Тұрақты қар жамылғысы жағалау аймағында орта есеппен 21 күн, таулы жерлерде 65 күнге дейін сақталады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 500 мм-ден аспайды.

Көркем әдебиетте Анатолий Мошковский — «Күнге дейінгі көкшілдік», «Бір велосипедтегі екеу». Константин Паустовский — «Қара теңіз», «Қарадақ» тарауы. Мария Петровых — «Қарадақ» поэмасы. Владимир Короткевич — «Қарадақ» өлеңі. Максимилиан Волошин — «Ақын үйі» өлеңі. Василий Аксенов — «Жұмбақ құштарлық». Роберт Рождественский — «Қарадақ тауымен сырласу».

Суреттеме

Дереккөздер

Санат:Қарадақ Санат:Сөнген жанартаулар Санат:Қырым тауларының жоталары Санат:Қырым жанартаулары