Қайнар діни-тұрмыстық кешені — Атырау облысы, Жылыой ауданындағы XVIII-XX ғасырлардағы тарих және мәдениет ескерткіші. Қайнар қорымы бүгінгі таңда Батыс Қазақстандағы ең ірі және бірегей зираттардың бірі болып табылады, оған діни сәулет саласындағы қазақтың тас кесіп қашау өнерінің барлық үлгілері — құлпытастар, қойтастар, сандықтастар, сағанатамдар мен кесенелері кіреді. Сонымен қатар, кешендегі медірісені білім беру орталығының үлгісі ретінде санауға болады
Орналасқан орны Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан онтүстік-шығысқа карай 196 км жерде орналасқан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарымен шектеседі.
Кезеңі, авторы XVIII - XX ғасырлардағы тарих және мәдениет ескерткіші діни-тұрмыстық кешен болып табылады. Зерттеулерге сүйенсек, мешіт-медресені өз заманының белігілі тұлғасы, 1815-1890 жылдар аралығында өмір сүрген діни ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері Досжан ишан Қашақұлы салдырған.
Сипаттамасы Кешенде 2 мазар, 1 мешіт-медресе, 35 сағанатам (қабір үстінде тұрғызылған үйлер), 75 қойтас, 350 құлпытас, 80 қоршау және 300-ден астам қабір үйінділері бар. Кешеннің тұрған орны — көлемі үлкен әрі кен ойыс, сондықтан қорымды биік жерден, яғни, айналасын коршай орналасқан төбелердің үстіне шығып, толық қарауға болады. Аумақтағы тұщы судың мол шығатын көзі жалғыз құдық болған. Құдық ұлутас – қабатынан қазылған, оның аузы сақиналы төсеммен өрілген. Сондай-ақ, мал суарылатын тас астаулардың қалдықтары кездеседі.
Кешеннің ерекшелігі діни, әкімшілік, шаруашылық құрылыстардың, медресенің және т.б. тұтас жүйесінің болуы. Қабырғалары шикі саман таспен тасты блоктармен кезектесе отырып қаланған. Барлық құрылыстардың төбесі күмбездермен жабылған, шатырдың периметрі бойында жаңбыр суы ағатын тас ойықтары бар. Ғимараттардың ішкі бөлігінде бұрынғы сапалы сылақтың және әктелген іздері сақталған. Орталық орынды төрт күмбезді мешіт ғимараты алады. Күмбезін қоса есептегендегі биіктігі 4 метр, қабырғаларының қалыңдығы жарты метрге жуық болып келеді. Уақыт өте келе күмбездер құлаған. Мешіттің ортасында қуатты бағаналар орталған, одан төрт жаққа кететін арка тұрғызылған, ал бағанның өзі ғимараттың негізгі тірегі болып табылады.
Дереккөздер
Санат:Атырау облысы сәулеті Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері