Фотограф — көбінесе фотоаппарат (немесе камерафон) арқылы фотосурет түсіретін адам. Олар мұны фотожурналистика бағытында, жеке естелік ретінде, кәсіби бизнес моделі ретінде, көркемдік шығармашылық мақсатында немесе басқа да түрлі себептермен жасай алады.
Фотография XXI ғасырда аса кең танылып, жалпыадамзаттық құбылысқа айналды. «Фотограф» термині әдетте бұл іспен байыпты немесе жартылай кәсіби деңгейде айналысатын адамдарға қатысты қолданылады.
Этимологиясы «Фотография» сөзі (және одан туындаған «фотограф» атауы) грек тілінен шыққан: «жарық» дегенді білдіретін φῶς (phos) және «сурет салу, жазу» дегенді білдіретін γραφή (graphê) сөздерінің бірігуінен пайда болып, «жарықпен сурет салу» деген мағынаны береді.
Фотограф түрлері
Басқа да өнер түрлері сияқты, әуесқой мен кәсіпқой ұғымдарының арагігі шекарасы қатаң түрде анықталмаған.
Әуесқой фотограф суреттерді басқа біреуге сату мақсатын көздемей, оқиғаларды, орындарды немесе достарын есте сақтау үшін ләззат алу мақсатында түсіреді. Бұл көбінесе DSLR сияқты кәсіби деңгейдегі камералар арқылы, сондай-ақ смартфон камераларының көмегімен жиі жүзеге асырылады.
Кәсіби фотограф фотосуреттерді сеанс және суретті сатып алу ақысы, жалақы арқылы немесе сол фотосуреттерді көрсету, қайта сату және пайдалану жолымен түсіреді.
Кәсіби фотограф штаттан тыс қызметкер (фрилансер) немесе қандай дa бір ұйымның (мысалы, газеттің) қызметкері болуы мүмкін, сондай-ақ үйлену тойы немесе түлектер кеші сияқты жоспарланған іс-шараларды түсіруге келісімшарт жасайды не жарнаманы безендіру үшін жұмыс істейді. Көркем фотографтар сияқты басқа мамандар фрилансер болып табылады, олар алдымен сурет түсіріп, содан кейін оны сату немесе көрсету үшін лицензиялайды немесе көшірмелерін басып шығарады. Қылмыс орнын түсірушілер, жылжымайтын мүлік агенттері, журналистер мен ғалымдар сияқты кейбір қызметкерлер фотосуреттерді басқа жұмыстарының бір бөлігі ретінде түсіреді. Қозғалыссыз суреттердің орнына қозғалатын кадрлар түсіретін фотографтар коммерциялық контекстке байланысты көбінесе кинооператор, видеограф немесе қоюшы-оператор деп аталады.
«Кәсіби» термині фотографтың фотосурет өнерін меңгеру үшін академиялық білім алуын немесе тәжірибеден өтуін де білдіруі мүмкін. Кәсіби маманның басты белгілерінің бірі — қауымдастықтар арқылы өз біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы. Кәсіби фотограф мәртебесі үшін міндетті тіркеу талабы болмағанымен, көптеген қалалар мен округтерде бизнес жүргізу үшін кәсіпкерлік лицензиясы талап етіледі. Сол сияқты, үйлену тойын немесе қоғамдық іс-шараны түсіру кезінде көптеген орындар коммерциялық сақтандыруды талап етеді. Заңды бизнес жүргізетін фотографтар осы талаптардың бәрін қамтамасыз ете алады.
Фотографтарды олар маманданған фотосурет түріне қарай жіктеуге болады, олардың қатарына пейзаж, портрет, натюрморт, спорт, көше, деректі, сән, үйлену тойы, соғыс, жабайы табиғат, фотожурналистика, авиация және басқа да бағыттар кіреді.
Фотосуреттерді сату Фотографтардың өз өнімдерін көшіруге және пайдалануға деген айрықша құқығы авторлық құқықпен қорғалады. Сан алуан салалар басылымдар мен өнімдерде қолдану үшін фотосуреттерді сатып алады. Журнал мұқабаларынан, теледидардағы жарнамалардан, ашықхаттар мен күнтізбелерден, веб-сайттардан немесе тауарлар мен қаптамалардан көретін фотосуреттер әдетте осы мақсат үшін тікелей фотографтың өзінен немесе оның атынан әрекет ететін фотоагенттік арқылы сатып алынады. Фотограф фотосуреттің қайталанатын қолданылу жиілігін, қолданылатын аумағын (мысалы, АҚШ немесе Ұлыбритания және т.б.) және нақты қандай өнімдерге арналғанын дәл көрсете отырып, оны пайдалану немесе "лицензиясын" сату үшін келісімшартты пайдаланады. Бұл әдетте пайдалану ақысы деп аталады және ол фотосуреттің нақты өндірілуі үшін төленетін өндірістік шығындардан ажыратылады. Фотосуретті әрбір қосымша рет пайдаланған сайын қосымша келісімшарт жасалып, роялти төленетін болады.
Келісімшарт бір жылға немесе басқа мерзімге жасалуы мүмкін. Фотограф әдетте келісімшарт талаптарына байланысты бір реттік төлеммен қоса роялти де алады. Келісімшарт фотосуретті эксклюзивті емес пайдалануға (яғни фотограф сол фотосуретті сол жылдың өзінде бірнеше рет басқаларға да сата алатынын білдіреді) немесе эксклюзивті түрде пайдалануға (яғни бұл фотосуретті келісімшарт мерзімі ішінде тек сол компания ғана пайдалана алады) арналуы мүмкін. Сондай-ақ келісімшартта фотографтың роялти төлемдерін анықтау үшін компанияға аудит жүргізуге құқығы бар екені көрсетілуі мүмкін. Роялти мөлшері фотосуретті сатып алатын салаға және оны пайдалану мақсатына қарай өзгереді, мысалы, плакатта немесе тележарнамада қолданылатын фотосуреттің роялтиі брошюралардың шектеулі таралымындағы қолданысқа қарағанда жоғары болуы мүмкін. Роялти көбінесе фотосуреттің журнал немесе кітапта басылатын өлшеміне де байланысты есептеледі, ал мұқаба фотосуреттері әдетте басылымның басқа бөліктеріндегі суреттерге қарағанда жоғары ақы талап етеді.
Тапсырыс бойынша жұмыс істеп жүргенде түсірілген фотосуреттер, егер келісімшартта басқаша көрсетілмесе, көбінесе компанияға немесе басылымға тиесілі жалдамалы жұмыс болып табылады. Кәсіби портрет және үйлену тойы фотографтары тұтынушы суреттерді басқа жолдармен көшіріп алмауы үшін, келісімшарт бойынша фотосуреттердің авторлық құқығы өздерінде қалатынын және тек өздері ғана қосымша көшірмелерін сата алатынын жиі белгілейді. Егер тұтынушы суреттерді өзі көшіргісі келсе, олар түсірілім басталардан бұрын фотографпен басқаша келісімшартты талқылай алады; мұндай жағдайда көшірме жасау құқығы тұтынушыға өтуі үшін алдын ала үлкенірек ақы төленуі мүмкін.
Getty Images сияқты ондаған жылдар бойы сток-фотографиялар мен суреттер каталогын жүргізе келе жатқан ірі компаниялар бар. XXI ғасырдың басынан бастап фотографтарға өз суреттерін онлайн режимінде оңай әрі жылдам сатуға мүмкіндік беретін безендірілген онлайн сток-каталогтар пайда болды, бірақ олар көбінесе өте аз ақшаға, роялтисіз және суреттің қайда, қандай нарықта, қандай өнімдерде қолданылатынын немесе мерзімін бақылау құқығынсыз жүзеге асады. Бұл онлайн сток-каталогтар өз кәсібімен күн көріп жүрген фотографтар үшін жаңа мүмкіндіктер мен қатар қиындықтар туындатып, саланың тыныс-тіршілігін түбегейлі өзгертті.
Коммерциялық фотографтар өз жұмыстарын баспа және онлайн маркетинг құралдары арқылы жарнамалық және редакциялық көркемөнер сатып алушыларға да жарнамалай алады.
Дереккөздер
Санат:Фотографтар Санат:Фотография