Кәмшат () — сусарлар тұқымдасына жататын, терісі өте құнды аң.

Кәмшат Аустралиядан басқа материктің бәрінде кездеседі. Суда жақсы жүзеді, шомылады. Камшаттың негізгі қорегі — балықтар мен бақалар. Кәмшатты кейде қазақша құндыз немесе қама деп те атайды. Мұның бірнеше түрлері бар, олардан жиі кездесетіндері: кәмшат құндызы, өзен кәмшаты.

Қазақстанның орманды, таулы аймақтарында кәдімгі кәмшат және Орта Азия кәмшаты кездеседі. Дене тұрқы 65 — 70, құйрығы 41 — 44 см, салмағы 5 — 8 кг. Кәмшаттың арқасы мен құйрығының түсі жылтыраған қара қоңыр. Бауыры ақшыл, төсі сарғыш қоңыр келеді. Саусақтарының арасы жүзу жарғақтарымен көмкерілген. Қазақстанның оңтүстік-шығысында таралған. Іле өзеніне құятын Шілік, Үсек, Құндызды сияқты таулы өзендерінің сағаларын және Көксу, Қара, Тентек өзендерінің жоғарғы жағалауларын мекендейді. Көбіне шабақтар мен балықтармен қоректенеді. Сондай-ақ, құстарды, сүтқоректілерден — қоян, су тышқаны мен ұсақ кеміргіштерді ұстап жейді. Кәмшат көбіне өзеннің тік жағасынан ін қазып, сонда паналайды. Інінің аузы су астында болады. Жатағын қыста қатпайтын, балығы бар ағын су бойына салады. Жылына 1 рет түлейді. Аналығы 2 — 4 құнай табады. Көп аулануына байланысты саны күрт азайып кеткен. Осы кезде тек кәдімгі кәмшатты ғана аулауға рұқсат етіледі. Орта Азия кәмшатыы өте сирек кездесетін болғандықтан Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Бұл аң Кирсанов қорықшасында арнайы қорғалып, өсіріледі. Жылына 100 — 150 кәмшат елтірісі дайындалады (2004).“Балалар Энциклопедиясы”, V-томТ. Мұсақұлов, Орысша-қазақша түсіндірмелі биологиялық сөздік, І-том. Қазақ мемлекет баспасы, Алматы — 1959

Дереккөздер

Санат:Сусарлар тұқымдасы Санат:Кәмшаттар Санат:Еуропа сүтқоректілері Санат:Азия сүтқоректілері Санат:1758 жылы зерттелген жануарлар