Қызылтұмсық шауқарға, тауқарға () – торғайтәрізділер отряды, қарға тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай тауларындағы жартастар арасын мекендейді, қысқа қарай өзен аңғарларына ойысады. Тұрқы 40 см, салм. 220 – 290 г, қауырсыны жылтыр, шымқай қара түсті.
Ересектері қызғылттау, имек тұмсықты, бұл олардың айқын белгілерінің бірі болып есептеледі. Балапандарының тұмсығы сары түсті. Отырықшы құс. Сәуір – мамыр айында жартас жарығын ұялап, 4 – 6 шұбар жұмыртқа салады. Оларды мекиені 18 күндей басып, балапан шығарады. Балапандарын мекиені мен қоразы ұяда 38 – 40 күндей, ұядан ұшқаннан кейін де ұзақ уақыт бойы бірлесіп асырайды. Өсімдік тұқымымен, жәндіктермен және тұт ағашының жидегімен қоректенеді. Тауқарға ағаш тұқымын айналаға таратып, пайда келтіреді.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Дереккөздер
Санат:Торғайтәрізділер