Ғұмырнамалық фильм - киноөнерінің тарихи тұлғалар, қоғам, ғылым жөне мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы туындысы.

Қазақ кино өнерінің қарлығашы "Амангелді (фильм)" (1938) - ғұмырнамалық-көркем фильм болды. Осыдан бастап қазақ кинематографияшылары бүгінгі күнге дейін төмендегідей ғұмырнамалық фильмдер түсірді: Абай туралы - "Абай әні" (1945, сценарий авторлары М.Әуезов, Г.Рошаль; режиссер Рошаль, Е.Арон; басты рольде Қ.Қуанышбаев),

"Абай" (1995, сценарий авторлары А.Әмірқұлов, Л.Ақынжанова, А.Баранов; режиссер Әмірқүлов; басты рольде Ғ.Тұрықбаев);

Ж.Жабаев туралы - "Жамбыл (фильм)" (1952, сценарий авторлары: Н.Погодин, Ә.Тәжібаев; режиссер Е.Дзиган),

"Жамбылдың жастық шағы" (1996, сценарий авторы: М.Жолдасбеков; режиссер Қ.Қасымбеков; басты рольде М.Тазабеков);

Ш.Уәлиханов туралы - "Оның уақыты келеді" (1957, сценарий авторлары: С.Ермолинский, М.Блей-ман; режиссер М.Бегалин; басты рольде Н.Жантөрин),

4 сериялы "Шоқан Уәлиханов" (1984, сценарий авторы: Ю.Николин; режиссер А.Әшімов, Цой Гук Ин; басты рольде С.Әшімов);

Бауыржан Момышұлы туралы - "Ел басына күн туса (фильм)" (1967, сценарий авторлары: В.Соловьев, М.Бегалин; режиссер Бегалин; басты рольде В.Санаев пен К.Кенжетаев);

Мәншүк Мәметова туралы - "Мәншүк туралы дастан" (1969, сценарий авторы А.Михалков-Кончаловсқий; режиссер Бегалин; басты рольде Н.Арынбасарова);

Ғани Мұратбаев туралы - "Ағай менің" (1972, сценарий авторы Леонард Толстой; режиссер А.Қарсақбаев; басты рольде Қ.Тастанбеков);

Қажымұқан туралы - "Күш атасын танымас" (1985, сценарий авторлары: Р.Қожықов, С.Қожықов; режиссер С.Қожықов; басты рольде Ә.Бекболатов);

Әлия Молдағұлова туралы - "Мергендер" (1985, сценарий авторы жөне режиссер Б.Шәмшиев; басты рольде А.Темірова);

Ақан сері туралы - "Құлагер" (1987, сценарий авторлары: Б.Мансұров, А.Сүлейменов; режиссер Мансұров; басты рольде К.Сатаев),

Мұхаддис Исмаил әл-Бұхари туралы - "Имам әл-Бүхари" (1996, сценарий авторлары: У.Садыков; режиссер Б.Садыков; басты рольде А.Мұхамеджанов), т.б. атап айтуға болады.Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

Дереккөздер

Санат:Кино жанрлары