Эфа, немесе Атпа құмжылан () – сұржыландар тұқымдасының бір түрі.
Солтүстік Африка, Оңтүстік, Оңтүстік-Батыс және Орта Азияда, ТМД елдерінде Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Қарақұм, Қызылқұм, Арал теңізінің маңында, Өзбекстанның солтүстігінен, Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы шөлейтті және шөлді жерлерді мекендейді.
Денесінің ұзындығы 50 – 60, кейде 80 см. Басы қырлы, ұсақ қабыршақтар жауып жатады. Екі бүйірі 4 – 5 қатарлы, ұсақ және жіңішке қабыршақты. Құйрықасты қалқаны ұзынша бір қатарға орналасқан. Арқасының түсі құмды-сұр түсті, қиғаш орналасқан бүйір қабыршақтары қаралау болады. Басының төбесі айқыш, өрнекті. Айыр тілі сезім қызметін атқарады. Эфаның қозғалмалы қабағы болмайды. Қабақтары түссіз, шыны секілді мөлдір көздерін жауып тұрады. Сондықтан да қабақ қақпай қарайды. Наурыз – сәуір айларында шағылысып, шілде – тамызда ұзындығы 10 – 16 см, 3 – 15 бала жылан туады. Құмтышқан, тышқан, кесіртке, құстар, көлбақа, жасыл құрбақа, ұсақ жыландармен, т.б. қоректенеді. Эфаның уы адам мен малға қауіпті, уын медицинада пайдаланады. Эфа жылан уын алу үшін ауланады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
Дереккөздер
Санат:Сұржыландар Санат:1801 жылы зерттелген жануарлар Санат:Азия жорғалаушылары