Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Осы себепті де және еліміздің басынан өткен «сан қилы» заманда көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына байланысты да жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Топонимика географиялық атауларды зерттейтін ономастиканың бір бөлімі. Топономика гректің topos - орын + опума - есім, ат деген сөздерінен алынған. Ол өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз аттарын (гидронимдерді); тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау аттарын (оронимдерді); елді мекендердің аттарын (ойконимдерді) жан-жақты зерттейді. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар.

Демек, топоним атаулы тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгіл бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының топонимдері де республикамыздың басқа өңірінің топонимдері сияқты белгілі бір мерзім, кезеңнің ғана емес, сан мыңдаған жылдардың, тұтас бір дәуірдің жемісі. Сондықтан да олар қоғам өмірі, халық тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың құрамында да әр дәуірді, әрбір кезеңдерде Қазақстанды, Қарағанды облысыны мекендеген әралуан елдің тілі мен сөзінен қойылған географиялық атаулар саны көптеп кездеседі. Облыс топонимдерінің бір тобы көне заман, ескі тарихымызбен тығыз байланысты боп келсе, екінші бір басым тобы Кеңес өкіметі тұсында пайда болған, социалистік дәуірдегі және одан кейінгі өзгерістердің айқын куәсі болып табылады.

Облыстағы әрбір топоним белгілі бір мағынаға, алуан түрлі қүбылысқа ие, семантикасы жағынан жеке объектілерді атайтын жалқы есімдердің ерекше тобына тән. Әрбір географиялық атау тарихи, әрі, оның мағыналық өрісі де кең. Олар замана қүбылысына, өзгерісіне қарай әр түрлі мағлүматқа: түрлі соғыстар, халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, халықтардың қарым-қатынасына және т.б. тарихи оқиғаларға бай.

Топонимдер құрамына енетін апеллятивтер объектінің табиғи ерекшеліктерін айқын көрсетеді (жер бедері, өсімдіктер, топырақ т.б.) сонымен қатар этноним мен антротопонимдерден жасалған топонимдердің де құрамы мол. Бұл топтағы атаулар осы өңірдің этногенезінен толық хабар береді. Олардың кейбіреулері ұзақ уақыт қолданылу нәтижесінде көнеленіп, географиялық атау ретінде қойылу себептері ескіріп, ұмыт болған.

Облыс топонимдерінің стратиграфиясы олардың құрамында бірнеше тілдік қабаттардың барын көрсетеді. Аталған өңір топонимдерінің шығу, пайда болу, қойылуында жергілікті халықтың тарихы мен оның ғасырлар бойғы тірлік-тынысы, әдет-ғұрып, салт-санасы ана тілімен тығыз бірлікте дамыған. Ондай атаулар көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тарихи жалғасын тауып келеді. Мұның бәрі түрлі тілдік қабаттан тұратын, шығуы, пайда болуы жағынан әртүрлі дәуірлерге тән топонимдерді бойында берік сақтап отырған. Олардың ішінде басты, негізгі топонимдер ана тіліміздің негізінде жасалған атаулар. Дегенмен көршілес, кейбір шалғай жатқан елдермен арадағы тарихи-әлеуметтік, діни қатынастар барысында пайда болған басқа тілдік топонимдер тобы да жоқ емес.

Жер-су атауларын жинау, олардың шығу, пайда болу себебін анықтау, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, әсіресе, жастардың туған өлкеге деген ыстық ынта, патриоттық сезімін күшейтпек.

Қарағанды және облысқа бағанышты қалалар Абралы Абралы - Сарыарқаның шығыс бөлігінде, негізінен Қарағанды және Семей облыстарының жерінде. Орталық Қазақстандағы кіші-гірім таудың аты. Ұқсастыру бойынша қойылған атау. Арба сөзінің (жүк артқан) мағынасын береді. Арба сөзінің метатезалық әріп алмасуынан абра формасын қабылдауы түркі тілдерінде заңды құбылыс. Хакас тілінің қызыл диалектісінде сақталған. Абралы тұлғасы бара-бара «болыс», аудан, адам аттарына айналған.

Аққұдық Аққұдық - Тихоновка поселкесінің қазақша аты. Атау «құдықтың суға толып тұрғанын» білдіреді

Аққұм Аққұм - Балқаш көліндегі түбектің, елді мекен аты. «Ақ» сөзі құмның түсін көрсетпейді, сипатын көрсетеді. Этимологиясы: «сусымалы, ақпа қүм».

Ақжал Ақжал - Қарағанды облысындағы жал, жұмысшы кент аттары. Ақжал - «бозарыңқы, ағарып көрінетін жал» немесе отты жал мәндес атаулар.

Ақтақ Ақтақ - Жезқазған өңіріндегі таулы жер аты. Көне түрік тілінде ағ және тағ компонентерінен құралған атау, яғни «ақтау» мағынасында.

Ақтас Ақтас - жұмысшы кенті. Ақтас атауы өзінің тіке мағынасында (ақ және тас компонентерінен құралған атау).

Ақтау Ақтау - жұмысшы кенті. Ақтау - «тау жыныстарының түсіне қарай айқындалады».

Ақша Ақша-Қожай - Қарағанды облысындағы мекен аты. Қос этноним: Ақша және Қожай этникалық топтарының аты.

Ақөлең Ақөлең - Жезқазған өңіріндегі мекен аты. «Ақ өлең шөпті» мағынасындағы атау.

Андагүл Андагүл - Балқаш маңындағы жазық даланың аты. Қазақ тілінде аңды және гүл сөздерінен құралған атау.

Андасай Андасай - даланың аты. Бетпақдаланың оңтүстік-шығысындағы жазық (Құланөтпес - Бүркіттау аралығы). Түрк тілінде анда және сай компоненттерінен құралған атау. Этимологиясы: «аңды сай»

Арыс Арыс - көл атты (Жезқазған өңіріндегі Шолақ-Нұра тауындағы көл). «Қалың тайпа мекені» ұғымына нұсқайды.

Арыснұра Арыснұра - өзен аты (Жезқазған өңірінде). Этимологиясы: «Кең нұра», «шалқыған нұра» мәніндегі атау.

Атығай Атығай - мекен аты (Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы). Қазақ тілінде - этникалық топ атымен аталған.

Әжібай-Ақпас Әжібай-Ақпас - Балқаштың оңтүстігіндегі мекен аты. Қазақ тілінде - қос антротопонимі (Әжібай және Ақбас).

Бабалы Бабалы - дөңес жердің аты. Көне түрік тілінде - баба<аба+афф. -лы - ата-баба мекені (не солардың бейіті) мәніндегі атау.

Балатеңіз Балатеңіз - Арқадағы және Балқаш көлі атырабындағы көлдер аты.

Балатеңіз Балатеңіз -«Теңіздің» немесе «Үлкен көлдің» бір бөлігі мәніндегі атау.

Балқаш Балқаш - көл, қала аты. Атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әртүрлі пікір бар. Әуел бастан ол Балықаш аталып, кейіннен Балқаш боп қалыптасқан болу керек. Өйткені көне түркі тілдерінде балық - «су, өзен» деген сөз болғаны тарихи деректерден мәлім.

«Балқаш» «жағасы балшықты, батпақты, су көп, мол көл» деген мәнді білдіретін атау.

Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз бар. Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауын бір бай мекендеген екен. Оның Балқия атты аса көрікті қызы болыпты. Ол тек көркімен ғана емес, ақылымен де, адамгершілігімен де ел ауызына ілігіпті. Сүйікті қызды әкесі ғана емес, бүкіл жұрт еркелетіп Балқаш деп атайтын болыпты.

Жасы он жетіге толғанда Балқия алыс елден келген Ерден атты бір жас жігітке ғашық болады. Алайда қазақтың көне әдет-ғұрпы бойынша ата-анасы қызды бала күнінде атастырып, бай қалың мал алып қойған екен. Мұны естіп-білген қыз бен жігіт жасырын қашпақ болып келіседі де, бір ыңғайлы келген түнде екеуі екі атқа мініп тайып отырады. Ертесіне екі ғашық бір қалың қамыстың ішіне келіп дем алуға тоқтайды. Мұнда олар ойламаған жерден қырсыққа тап болады. Тал түсте аттарына қамыс ішіндегі қабандар тап береді. Ерден аттарды құтқарам деп жүргенде, қабанның азу тісі денесіне оңдырмай ауыр жарақат салады. Балқияның сүйікті жігітін өлімнен арашалап қалуға шамасы келмейді де асыл жарын жерлеп, өзіде сол жерде өлмек болады. Ал бұл кезде қабаннан үркіп қашқан екі ат қыз бен жігіттің туған ауылына келіп бір-ақ тоқтайды. Ыза болған қыздың әкесі жігіттерге қашқындарды ұстап әкелуге әмір береді және оларды халық алдында қарабет қылып жазаламақ болады. Қашқындарды іздеп шыққан жігіттер ат тұяғының ізімен жүріп отырып, қыздың тығылған жерін табады. Қуғыншыларды көрген соң, әкесінің қатал мінезін жақсы білетін Балқия, қолға түскеннен өлімді артық көріп, биік жардан көлге бір-ақ секіреді де су түбіне кетеді.

Бұл ауыр оқиға, трагедия сол маңдағы елге түгел жайылып, бұдан былайға жерде көлді өздері еркелетіп айтатын, сүйікті жас арудың атымен халық Балқаш деп атап кеткен екен.

Бұл көл атын алған шаһар - іргетасы 1937 жылы қаланған, Балқаш көлі жағасындағы, Қарағанды облысына қарасты қала. Балқаш көлінің солтүстік жағында кеме тоқтайтын орын (пристань) - айлақ және қалада темір жол стансасы бар. Түсті металлургия орталығы, тау-кен металлургия комбинаты, балық шаруашылыгы, Ғылым академиясы ботаника бағы орналасқан.

Бектауата Бектауата - тарихи тау, биіктігі 1215 м, село, Қарағанды облысында. Халық аңызы бойынша: «Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды пайдаланған». Балқаш қаласының өңтүстік шығысында 60 км. жерде Әулиетау деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектауата деп атайды. Оның жанында Ұраңқай деген шоқы бар. Әулиетау деп аталуы - тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. Балқаш маңайын зерттеген ғалым П. Сарычев былайша жазады: «Бектау ата -оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді. Табиғаттың осы жұмбағының көріністері дала жұртының сезімін билеп, атаудың постпозитивтік компоненті боп тұрған «ата» сөзін қоныстырғандай». Қазақстан жерінде ата тіркесімен аталатын жерлер (мәселен, Әулиеата, Сунақата, Асықата) көбіне сол жердің «киелі», «қасиетті», «әулиелік» құдіретіне байланысты халық нанымына сай қойылып отырған. Демек, осы себептен Бектауата «қасиетті», «әулие», «киелі Бектау» деген мәнді аңғартады.

Бетпақдала Бетпақдала - Шу өзенінің терістігінен басталып, Балқаш көлі мен Сарысу өзені аралығындағы Жамбыл мен Қарағанды облыстарының көп жерлерін алып жатқан шөл дала.

Шөл даланың сүйкімсіз де сұрықсыз қалпына қарай, бұл атау парсы тілінің «бад-бахт» немесе «байдбах» сөзі арқылы жасалған дейді, кейбір зерттеушілер. Әрине, бұл көзқарасты теріске шығару қолайсыз. Өйткені көрсетілген сөз біздің түсінігіміздегі «бақытсыз, жаман, жексұрын, жиренішті» іспеттес мағына береді. Шын мәнісінде де жер жаратылысы осы сипатқа сәйкес.

Бұған қосымша мына бір жайтты да естен шығармаған жөн. Қазіргі Бетпақдала өте көне заманда су жайылған жер болуы ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның орнында батпақты дала пайда болып, міне, сол кезде оған «Бетпақдала» атауы берілуі де ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір судан қалғаны Балқаш көлі болуы мүмкін. Ал, «батпақ» сөзінің алғашқы төркіні - түркі тілі ме, әлде парсы тілі ме? Бұл жерін анықтап айту да қиын. Себебі біздегі «батпақ» сөзі мағынасын өзгертпестен парсы тілінде - «батлағ» дыбыстық қалыпта ұшырасады. Мұндағы ерекшілік - біздің тіліміздегі «п» орнына «л», «қ» орнына «ғ» қолданылуы. Бұл тұрғыдан алсақ, бірінші буындағы «а» дыбысының «е»-ге алмасып, келе-келе «бетпақ» болып өзгеруі де таңданарлық жағдай емес. Осы себептен де, сөздің алғашқы қалпы «батпақдала» болар деп жорамал жасауға бой ұрдық.

Бұқпа Бұқпа - өзен, Қарағанды қаласының оңтүстік-шығысында жазық даланы көлбей ағады. Жағалай тал, өсімдік өспейтіндіктен дәл жағалауына келгенше байқау қиын. Осы ерекшелігін бүқ сөзі де анықтай түседі. Тіліміздегі бұқпа етістігі - жасырыну «бой тасалау», «көзге көрінбеу» мағынасын білдіреді. Ал па қазақ тіліндегі етістіктерден есім тудырушы жұрнақ.

Дересін Дересін - Балқаш көлінің солтүстік жағасындағы жер аты. Жері шилі, қалың шөпті болып келеді. Бұл монғолдың дэрс (үн) - «шилі», «шөпті» деген сөзінен алынған. Ғ. Қонқашбаев та осы пікірде бола отырып, бұл аймақта Бас - Дересін, Орта - Дересін, Аяқ - Дересін деген жерлер бар екендігін көрсетеді.

Дұмқара Дүмқара - Балқаш жазығындағы кіші-гірім тау аты. Дүм және қара сөздерінен құралған атау. Дүм тұлғасы «тұғыр» мәнінде қолданылғаны көрінеді. Қара сөзі «шоқы» мәнінде.

Жауыртау