Шыңғырлау, Утва – Жайық алабындағы өзен.

Географиялық орны Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау, Бөрлі аудандары аумағында. Ұзындығы 290 км, су жиналатын алабы 6940 км².

Бастауы Орал тауының оңтүстігіндегі Шыбынды тауы (279 м) бұлақтарынан басталып, Бөрілі ауылының тұсында Жайық өзеніне сол жағынан құяды.

Гидрологиясы Алабының жоғары бөлігі ұсақ төбелі, төменгі бөлігі белесті жазық. Арнасы ирелең, жағасы тік жарлы. Аңғары жоғарғы 60 км бөлігінде әлсіз қалыптасқан, ені 1 – 2 км, беткей биіктігі 5 – 15 м, ортаңғы бөлігінде айқын, ені 2 – 4 км, төменде 4 – 8 км-ге дейін кеңейіп, айналадағы ортамен тұтасып кетеді. Жайылмасы 2 км-ге дейін, төм. бөлігінде ескі арналар, тармақтар кездеседі. 30-дан астам саласы бар. Негізгілері: Қайыңдысай, Ұлысай, Ақбұлақ, Қараоба. Жауын-шашын, жер асты суымен толығады. Көктемде тасып, жазда сабасына түседі, қыста қатады. Көп жылдық орташа су ағымы Кеңтүбек ауылы тұсында 5,64 м³/с. Сағасынан 244 және 250 км қашықтықта екі бөген салынған. Суы егіс суаруға пайдаланады.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Бөрлі ауданы өзендері Санат:Жайық су алабы өңірі өзендері Санат:Шыңғырлау ауданы өзендері