Сатыбалды ишан мешіті – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Амангелді ауданының орталығы Амангелді ауылында орналасқан.
Тарихи деректер Сатыбалды Ғабдоллаұлы (лақап аты – Қыпшақ ишан) Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының Шомаң Қарасуы мекенінде дүниеге келген. Сатыбалды ишан (1826-1898) барша ғұмырын дінді насихаттауға арнаған ғұлама адам болған. Діни ғылымды игеруді ол жастайынан бастайды. Өзінің екінші әкесі Шомақтан (бала кішкентай кезінен жетім қалады) бата алып, Сатыбалды Ташкентке аттанады. Ұзақ жолдан соң көптеген қиындықтарды жеңе жүріп, ол Ташкент медресесіне оқуға түседі. Содан кейін оны білімін жалғастыру үшін Бұхараға жібереді. Он төрт жыл бойы табанды оқып, Орталық Азия мұсылмандар кеңесі алдында емтиханды үздік тапсырып шығып, құрметті ишан атағын алады. Сатыбалды өзінің алғашқы қажылық сапарын қасиетті Мекке – Мәдинадан бастап, үлкен беделге ие болады. Дін жолындағы ғұламалығы барша өңірге, оның ішінде Қазақстанға өзінің Торғай өлкесіне жетеді. Торғай өлкесінің сұлтан билеушісі Сүлеймен төре өзінің сенімді адамдарын жіберіп, Сатыбалды ишанды еліне шақырады. Шақыруды қуана қарсы алып, елге оралған ол мешіт, медресе салдырып, жастарды діни сауат алуға үндеп, шәкірт тәрбиелейді. Торғай өлкесіндегі бас діни басшы болады. Ғабдоллаұлы Сатыбалды аудан жерінен баубақша егіп, ауылдастарын отырықшы өмір салтына көшуге шақырады.
Сатыбалды ишан қайтыс болғанда оның үлкен ұлы Мырза ишан Ташкенттен арнайы шеберлер алдырып, осы қоржын тамды салдырады. Оның төргі бөлмесінде Сатыбалды ишан, жанында баласы, құранқари Файзолла ақын Сатыбалдыұлы мен Омар Тепекұлы жатыр. Уақыт өте келе бұл мазар бұзылады. Зират басындағы ескерткіш өте көркем, кірпіштерден ажарлы нақышта жасалынған, сырт көзді өзіне тартады. Ол бейіттің оңтүстік жартысында орналасқан. Халық арасында оны "Сатыбалды ишан үйі" немесе "Файзолла ишан мазары" деп атайды.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Сатыбалды ишан мазар-мешіті – аймақтың бірден бір тарихи киелі ескерткіші болып табылады. Бұл жерге елдің әр түкпірінен зиярат етіп келушілер де көп.
Мешіт сипаты Оның іргетасы 1992 жылы қаланды. Жалпы ауданы 9 мың шаршы метр. 300 намазханға арналған. Мешітте сауат ашу курсына арналған 2 бөлме бар. Мешіттің маңызды, әрі көрнекті орны михраб болғандықтан оған көркем етіп Фатиха сүресі, төр жақ маңдайшасына «Аяту-л курси» жазылған. Мешіттің оң жақ қанатында имам бөлмесі, сол қанатына неке қию залы орналасқан. Мешіттің негізгі залы гипспен жасалған қазақи оюлармен өрнектелген. Ғибадатхана мұнарасының биіктігі 14,9 м. Кіре беріс қапталға биіктігі 8,7, ені 24 шаршы метр үлкен күмбез орнатылған.
Әдебиеттер Шайкенов Қ. Надгробный памятник Сатыбалды ишан, блестящий и не уведающий. URL: http://nagashybai. islam.kz/kk/post/satybaldy-ishannyn-tusi-nemesemazar- buzgandardyn-jazasy-5776/ = 0 Байділдин Ш. Көне дәптер құпиялары Файзолла Сатыбалдыұлының жарты ғасыр бұрын жазылған өлеңдері табылды: [өлең] / Байділдин Шөптібай // Қазақ. – 2013. ‑ 8 ақпан. ‑ Б. 18.
Дереккөздер
Санат:Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан мешіттері Санат:Қостанай облысы сәулеті