Борис Петрович Аникин (1964 ж.) – ақын, бард.

Өмірбаяны

1964 жылы 30 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық институттың (қазаргі С. Аманжолов атындағы ШҚМУі) филология факультетін тәмамдайды (1984). Әскер қатарынан келген соң № 3 қалалық мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болған. 1995 жылы Иркутскіге кетіп, бес жылдан кейін Қазақстанға оралады. «Papier mache” (1995), «Ненастоящее время» (1999), «Странник» (2010) жыр жинақтарының авторы. «Странник» өлеңдер жинағына ақынның отыз жылдық таңдамалы туындылары енген.

Шығармашылығы

Ақын, әндердің авторы әрі орындаушысы Б. П. Аникин – Шығыс Қазақстан мәдениетті қолдау қорының және «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшесі, «Иртыш» және «Вестник культуры» облыстық журналдары редакторының орынбасары болған. Ақын-жыршы елуден астам өз мәтініне сонымен бірге, М. Волошин, Ю. Плеслов, П. Васильев, Ю. Савченко, Д. Ф. Черепанов т. б. сөзіне ән жазған. Ақындар сайысының, бард әндері фестивальдарының қазылар алқасында және «Эрудит» балалар ойын бағдарламасының дизайнері болған. Жарық көрген әндер циклі негізінде режиссер Е. В. Воробьева «Снежная королева» спектаклін қойған. Ақын әрі музыкант Борис Аникин шығармашылығы – адам құндылықтары мен рухани дәстүр маңыздылығын айқындай түседі.