Мүбина Ибрагимқызы Ниязова (Танашева) (25 желтоқсан 1895 жыл, Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Теңіз ауданы Ганюшкин а. – 1981 жыл, Алматы) — қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш тіс дәрігер әйел, Қазақстандағы денсаулық сақтау және медициналық білім беру жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан қайраткер, педагог, ұйымдастырушы және саяси қуғын-сүргін құрбаны.
Өмірбаяны Мүбина Ибрагимқызы 1895 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Әкесі Ибрагим Танашев Астрахань губерниясындағы ірі балық өнеркәсібінің иесі, белгілі Танаш әулетінің ұрпағы болған. Саратов университетінің Жоғары әйелдерге арналған үш жылдық стоматология курсына түсіп, білім алды. Саратовта жүрген кезінде оның саяси көзқарасы қалыптасады. Ол күнделігінде 1916 жылы студенттердің саяси тұтқындарды Сібірге айдау кезінде «Марсельеза» әнін орындағанын, өздерінің де қамауға алынғанын жазады.
1914 жылы Ахмет (Мірахмет) Ниязовқа тұрмысқа шығып, онымен бірге Саратов қаласына қоныс аударады. Жұбайы 1912 жылы Астрахань ерлер гимназиясын, 1916 жылы Саратов университетінің емдеу факультетін бітірген. 1936 жылы Ахмет Жүсіпұлы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Алматының Сайран маңындағы лагерьге қамалады. «Халық жауы» деген жаламен «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілген.
1917 жылы оқуын аяқтап, дәрігер-стоматолог дипломын алып, Ордаға келеді. Жұбайы Ахметпен бірге ауруханаға тіс дәрігері болып жұмысқа орналасып, осылайша ол медициналық білім алған тұңғыш қазақ әйелі атанды. Ордада тұңғыш қазақ әйел-инженері Мәдина Бегалиева және мемлекеттік басқару органдарында, халықаралық деңгейде қызмет атқарған алғашқы қазақ әйелдерінің бірі Алма Оразбаевамен танысады. Жас мамандар ретінде олар қоғамдық жұмысқа белсене араласып, әйелдердің құқықтары туралы дәрістер оқып, ана мен баланы қорғау мәселелерін насихаттап, драма үйірмелерін ұйымдастырған.
Мансабы 1918 жылы бірінші қазақ кавалериялық полктің санитарлық бөлімінде тіс дәрігері болып қызмет атқарды. 1919 жылы Аймақтық билік хатшысы Варинский Мүбинаны әйелдер мен балалар істерін қарайтын сотқа тұрақты өкіл етіп тағайындайды. 1920 жылы Медсантруд кәсіподағының съезінде пленум мүшесі болып сайланып, мәдени-ағарту жұмысына жауапты болды. Осы жылы Мүбина Кеңестер съезіне делегат болып сайланып, кейін губерниялық атқару комитетінің мүшесі және Бүкілқазақстандық алғашқы съезге делегат болады. Ашаршылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету комиссиясын басқарып, бұл еңбегі үшін алғыс алған.
1925 жылы партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады. Орал және Бөкей губерниялары біріктірілген кезде Мүбина уездік әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1927 жылы облыстық соттың мүшесі болып жұмыс істеген. 1929 жылы Қызылордаға көшіп, Жоғарғы сот мүшесі болып сайланады. Ал, 1931 жылы Шымкентке ауысып, облыстық денсаулық сақтау басқармасында жетім балаларды балалар үйлеріне орналастыру жөніндегі инспектор болып қызмет атқарады. Сонымен қатар медқызметкерлер бірлестігінің партком хатшысы, қалалық партия комитетінің пленум мүшесі қызметтерін атқарған. 1932–1935 жылдары Наркомздрав аппаратына шақырылып, ана мен баланы қорғау басқармасының бастығы болып тағайындалады. Наркомздрав жанынан алғашқы акушерлік мектепті ұйымдастырып, Наркомздравтың № 410 бұйрығымен Республикада алғаш ашылған акушерлік-фельдшерлік мектептің директоры болып тағайындалады.
Медициналық мектеп ұйымдастыру 1905 жылы Мүбина кезік (жұқпалы сүзек) ауруымен қатты ауырады. Ол кезде ауылда ауруларды емдейтін дәрігерлер болмаған, тек бір фельдшерлік пункт болған. Мүбинаның әкесі Ибрагим қолы ұзын бай шаруа болғандықтан қызын тезінен Астрахань қаласындағы ауруханаға тездетіп жеткізуге мәжбүр болады. «Ауруханада емделіп жатқан Мүбинаны қатты қызықтырған – ақ халат киген, үсті-бастары тап-таза аппақ, оқыған білімді және кішіпейіл, сөздері жұмсақ, адамның іші-бауырына кіріп тұрған дәрігер әйелдермен, күтуші медбикелер болды. Жас қызға дәрігер қауымның сырқаттарға ғана емес, айналадағыларға да түгел мол мейіріммен, ыстық ықыласпен қарайтыны әсер етті. Осының өзі оның медицинаға деген қызығушылығын тудырған.
1937 жылы қазақ даласында үлкен өзгеріс басталды. Халықтың денсаулығын сақтау мен ана мен баланы күту мәселелері өзекті болған кезеңде, жаңа оқу орны – Республикалық акушер мектебі ашылды. Мүбинә Ибрагимқызы осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалып, қазақ қыздары мен ауыл-селодан шыққан жетім, жартылай жетім студенттерге кәсіби білім берудің есігін ашты. Оның жетекшілігімен ұйымдастырылған Республикалық акушер мектебі — қазіргі медициналық колледждің негізі, қазақ қыздарының білім мен ғылым саласындағы алғашқы жарқын сәулесі. Мектеп түлектері кейіннен еліміздегі жоғары дәрежелі профессорлар, доценттер, кандидаттар болып, өз білімдері мен тәжірибелерін жастарға жеткізіп, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға атсалысты.
Қуғынға ұшырау және ақталу 1937 жылы қазанында Мүбина Ниязова «Отанға опасыздық жасаған адамның отбасы мүшесі» ретінде тұтқындалып, сегіз жылға сотталады. Алғаш ол Ақмоладағы әйелдер лагерінде, бір жылдан соң оны Орта Азия лагеріне ауыстырады. Бұл айыптау формуласы 1937–1938 жылдардағы жаппай репрессия кезеңінде заңдық негізге ие болып, «халық жауларының» туыстарын да жазалауға мүмкіндік берген. Бұл кезең – оның өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі болды. Отбасылық мүшелер мен жолдастары да қысымға ұшырап, қиын-қыстау сәттер орын алды.
1944 жылдың мамыр айында Мүбина Ибрагимқызы мерзімінен бұрын босатылып, кәсіби қызметін қайта жалғастырады. Мерзімінен бұрын босатылуы тарихи тұрғыдан маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде (1941–1945) кеңес мемлекеті кадр тапшылығына ұшырап, бірқатар мамандарды мерзімінен бұрын босату немесе еңбекке тарту тәжірибесін қолданды. Сондықтан Мүбина Ибрагимқызының кәсіби қызметін қайта жалғастыруы – оның біліктілігінің жоғары болғанын әрі мемлекеттің соғыс жағдайында тәжірибелі кадрларға мұқтаждығын көрсетеді. 1945 жылы эвакуациялық госпитальдарда жұмыс істеп, әртүрлі медициналық мекемелерде дәрігер болып қызмет атқарды. Соғыс жылдарынан кейінгі кезеңде денсаулық сақтау саласын қалпына келтіру ісіне белсене араласып, медицина қызметкерлерін даярлау мен ұйымдастыру жұмыстарына да өз үлесін қосты. 1956 жылы толық ақталып, партия қатарындағы мүшелігі бұрынғы еңбек өтілімен бірге қалпына келтірілді. Кейін республикалық маңызы бар зейнеткер мәртебесіне ие болады. 1981 жылы 86 жасында өмірден озды.
Дереккөздер
Санат:КСРО-да қуғындалғандар